Екібастұзда әлеуметтік сұлулық салоны ашылды

3457

Мұнда зейнеткерлер мен мүгедектерге тегін қызмет көрсетіледі.  

Екібастұзда әлеуметтік сұлулық салоны ашылды

"Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қатысушылары жүзеге асырған жоба қолжетімді баға саясатын ұстанады. Мұнда қызмет көрсету ақысы арзан. Мысалы,  балалардың шаш үлгісі – 500, ерлердікі – 800,  әйелдердікі – 1000 теңгеден басталады. Ал зейнеткерлер мен мүгедектерге тегін қызмет көрсетіледі.

Сұлушаш Кекілова, Ботакөз Жанғақызы және Гүлдана Сәрсекеева әмбебап-шаштараз курсында оқып, танысады. Әңгімелесу барысында Сұлушаштың  оқыған мамандығы бойынша жұмыс таба алмағаны, Ботакөздің жұмыс істеген компаниясы жабылып қалғаны, ал Гүлдананың ертеректе шашатараз болғаны анықталады. Олар ойлана келе, күш біріктіріп, бизнес бастауға бел буады.

"Біз, бірлесіп,әлеуметтік сұлулық салонын аштық. Себебі қаладағы сұлулық салондарының қызмет көрсету ақысы қымбат. Оған қыз-келіншектердің басым бөлігі бара алмайды. Осыны ескеріп, бастаған бизнесіміздің бағасын қолжетімді етіп қойдық. Ал зейнеткерлер мен мүгедектерге тегін қызмет көрсететін болдық", – деді Сұлушаш Кекілова.

Оның сөзінше, сұлулық салонын ашу оңайға соқпаған. Ғимараттың ішін жөндеуге қыруар қаржыны қажет болған. Тәуекелге бел буған келіншектер

ғимаратты сылау, әкету, әрлеу жұмыстарын өз қолдарымен істеді. Тіпті пердені де өздері тіккен. Жиһазды павлодарлық фирмадан ақшасын бөліп төлеуге келісіп, сатып алған.

Әлеуметтік сұлулық салонында шаштараздан бөлек массаж, тырнақ әрлейтін, жасанды кірпік салатын қызмет түрлері көрсетіледі.

"Мен шаштараз мамандығын басқаша елестететінмін. Сырт қарағанда жұмысы жеп-жеңіл болып көрінетін. Өзім араласқаннан бері әр клиенттің көңілін табу оңай шаруа емес екенін түсініп жатырмын. "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында бізге білгенін үйртекен және бизнес бастауға мүмкіндік берген тәлімгеріміз

Гүлнәр Сабырқызына алғыс айтамыз", – деді Ботакөз Жанғақызы.

Кәсіпкерлердің ендігі арманы – мемлекеттік грантқа ие болу. Бұл үшін

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті бөлімшесінде "Бизнес-бастау" бағдарламасы білім алып, бизнес жобаны қорғау қажет. Барлығы ойдағыдай болса, мемлекет қайтарымсыз грант тағайындайды.

"Бизнес бастау" жобасында жұлдызымыз жанса, бастаған бизнесімізді кеңейткіміз келеді. Бізге массаж жасауға, бет күтуге арналған заманауи құрал-жабдық қажет. Салонымыз әлеуметтік мәртебеге ие болғандықтан ба, бізге қаладағы кәсіпкерлер қолдау көрсетіп жатыр. Ғимараттың иесі бізден жалға ақша алмайтынын айтты. Біз коммуналдық ақыны ғана төлейтін болдық. Бұл біз үшін өте үлкен көмек", – деді Ботакөз Жанғақызы.

"Профессионал" оқу орталығының жетекшісі Дәурия Жұмжименованың айтуынша, "Еңбек" бағдарламасы түлектерінің басым көпшілігі жұмыспен қамтылған.

"Біз жұмыссыздарды маникюр, әмбебап-шаштараз, жиһаз жинаушы, жиһаз дизайнері, кадр жөніндегі менеджер мамандықтары бойынша оқытамыз.  Курстың ұзақтығы – 3 ай. Оны бітірген түлектер тәжірибеден өтіп, қолдарына біліктілік куәліктерін алады. Содан кейін оларды жұмысқа орналастыруға көмектесеміз. Курсты аяқтаған түлектер өз кәсібін ары қарай дамыту үшін мемлекеттік грантқа өтініш бере алады, – деді ол.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу