Екібастұзда кремний зауыты салынбайтын болды

5869

Жоба құрылысына бөлінген жер учаскесі мемлекет иелігіне кері қайтарылғалы жатыр.

Екібастұзда кремний зауыты салынбайтын болды

Биыл мамыр айында кремний зауыты іргетасын көтеруі тиіс болатұғын. Алайда өткен жылы Екібастұз жұртшылығы онсыз да ауаға зиянды қалдықтар шығаратын бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорынның жұмыс істейтінін алға тартып, құрылыстың басталуына қарсы шықты.

Халық арасында дереу белсенді топ құрылып, олар химиялық радиоактивті зауыт іске қосылған күнде осы өңірге экологиялық қатерге алып келетінін айтып, дабыл көтерген еді.

Осы мәселеге қатысты зауыт иелері – "Ansa Silicon" ЖШС директоры Серғазы Беркінбаев, жоба жетекшілері Бауыржан Алтеев және Жақып Күлтайұлы қоғам белсенділерімен кездесіп, бұл ақпаратты растады. Олар кремний зауыты құрылысының жобасы аяқталуға жақын екенін, оған МАЭС-1 және МАЭС-2 станцияларының ортасынан жер берілгенін мойындады.

"Екі электр станциясы жақын орналасқандықтан, электрқуатын қолжетімді бағаға сатып алуға болады. Ал басқа қалада зауыт салған жағдайда КЕГОК арқылы жеткізілетін электр қуаты қымбатқа түседі. Станцияның сыртқы электрмен қамту жүйесіне қосылуға техникалық келісімшарт жасалынды. Біз дайындайтын өнім металлургиялық өнеркәсіптерде қолданылады. Шетелге экспортқа жөнелтіледі", – деген еді Серғазы Беркінбаев.

Содан бері тура бір жыл уақыт өтті.

Осы аралықта компания өзіне тиесілі 70 гектар, кейін тағы 54 гектар жер учаскесіне ие болды. Бұдан бөлек, 40 гектар жер тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын ұйымдастыру үшін бөлінді. Бастапқы кезеңде – 4 пеш, екінші кезеңде – 10, одан кейінгісінде 16 пешті пайдалануға беру жоспарланған. Кейін білгеніміздей, технологиялық кремнийді өндіру жобасы Кәсіпкерлікті қолдау картасына 2016 жылы енгізілген екен. 135 мың тонна күші бар өндірістің 51 қазақстандық-қытайлық жобалардың қатарына кіретіні де анықталды.

"Қазіргі уақытта кремний зауытын салуға құлшыныс білдірген кәсіпкерлер хабар-ошарсыз кетті. Кеңселерінде жоқ. Телефон тұтқасын көтермейді", – деді Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов осы оқиғаға қатысты түсінік беруді өтінгенімізде.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу