Екібастұзда жылу тарифі өседі

9775

"Павлодарэнерго" АҚ тарифті төмендетуге мүмкіндік беретін жаңа жобаны ұсынып отыр

Екібастұзда жылу тарифі өседі

"Павлодарэнерго" АҚ мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік аясында электр қуатын өндіретін турбинаның құрылысын салуға мүдделі. Бұл жобаны іске асыруға 8 млрд теңге қаржы қажет.

"Павлодарэнерго" АҚ-ның бас директоры Олег Перфиловтың айтуынша, бұл істе кәсіпорынның тәжірибесі жоқ емес. Бұған дейін Павлодар қаласындағы 3-жылу энергетикалық орталығында қуаты 65 МВт турбинаны іске қосқан. Егер бұл жоба жүзеге асырылса, жылу орталығында өндірілетін электр энергияны Екібастұз қаласына сатуға мүмкіндік туады. Тағы бір тиімді тұсы, шығынға белшесінен батып отырған "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС-нің  қарызын жауып, тарифтің төмендеуіне әсер етпек.

Екібастұз қалалық әкімдігі және облыс басшылығы да бұл жобаға қолдау танытып отыр. Ендігі мәселе қаржыға тірелуде.

Аталмыш кәсіпорын күзде Павлодар облыстық монополияға қарсы комитетке жылу тарифін көтеру туралы ұсыныс жасамақ. Тарифті көтеруге қандай жағдай итермеледі деген сауалымызға Олег Перфилов, әдеттегідей, көмірдің қымбаттағанын, құрал-жабдықтардың тозығы жеткенін алға тартты. "Жылудың бағасын көтерсек, шығынымыз азаяды. Жұмыскерлердің жалақысы көтеріледі", – дейді ол. Алайда "Павлодарэнерго" АҚ-ның өтінішін монополияға қарсы комитет қанағаттандыра ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.

"Екібастұзжылуэнерго" ЖШС директоры Александр Захарьяннің сөзінше, бүгінде жылу энергетикалық орталығы жылу маусымына дайындық үстінде. №9 және №2 қазандық агрегатқа толық жөндеу жүргізілді. Қаңтар айында №8 қазандық агрегатында қайғылы оқиға орын алып, орталық жұмыскері Ержан Жақсыбаевтың өндірістік апат салдарынан қаза болған еді. Осы оқиғаға қатысты тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жеткен. Қазір №8 қазандық агрегаты тоқтап тұр. Тергеушілер бұл жерде жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат бермепті.

"№№11,12,13,14,15 қазандық агрегаттары қысқы маусымға лайықталып жасалғандықтан күрделі жөндеу жүргізілуде. Қазан айында жөндеу жұмыстары  толық аяқталады", – деді  П.Мельниченко.

 

"Екібастұзжылу жүйесі" ЖШС 14 165 метр құбыр тарту (орындалғаны - 5137 метр) және 32510 құбырларды оқшаулау жұмысын жоспарлап отыр. 

Жылу саласы басшылары дайындық жұмыстары кезінде көпқабатты үйлерге  қойылатын талаптың бұрынғыша қалатынын, өзгермейтінін ескертіп өтті. Дайындық төлқұжаттары шартқа сәйкес беріледі. Әрі үй иелерінен жылыту жүйелерін ауыстырған кезде қауіпсіздік шараларын ескеруді талап етуде.

"Қазір көпқабатты үйлердің тұрғындары өз бетінше жылу құбырларын пластикаға ауыстырып жатыр.  Айта кетерлігі, ауыстырып жатқан пластикалық құбырлардың көпшілігі өлшемге сәйкес келмейді. Пластик құбырлардың ішінде тек сары түстісі ғана ыстыққа төзімді. Бірақ оның бағасы қымбат. Сондықтан оны әркімнің қалтасы көтермейді. Ертеңгі күні пластик құбырлар жарылып, адамдар ыстық суға күйіп қалса, кім жауап береді? Әрине, бірінші кезекте дайындық төлқұжатын берген жылу энергетика орталығы жауапқа тартылады", – дейді акционерлік қоғам бас директоры Олег Перфилов.

Екібастұзда 667 көпқабатты үй болса, соның ішінде 420-ден астам үйде ғана жылу есептеуіш құрал орнатылған. "Бұл бағдарлама уақытша тоқтатылған. Алдағы уақытта жалғасады", – дейді жылу саласының мамандары.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу