banner

Екібастұздағы МАЭС-1-дің электр қуатына сұраныс артуда

7028

МАЭС-1 станциясы биылғы жылы 19,9 миллиард киловатт сағат электр энергиясын өндіруді жоспарлап отыр. Оның 6,1 млрд-ы – Ресейдің сұранысы.

Екібастұздағы МАЭС-1-дің электр қуатына сұраныс артуда

Өткен жылы аталмыш станция 14,8 млрд киловатт электр энергиясын өндірді. Соның 4,7 млрд-ы Ресейге экспортталды. Бүгінгі таңда станцияда электр энергиясын босату бағасы (ҚҚС-ты есептемегенде) – 8,42 теңге.

Айта кетерлігі, 2015 жылы алып станса электр энергиясын 1 кВт/сағат үшін босату бағасын 8,80 теңгеден 8,65 теңгеге дейін арзандатқан болатын. "Самұрық-Энерго" АҚ-ы ірі электр энергиясын өндіретін кәсіпорындардың арасында бәсекелестікті арттыру және энергетикалық нарықтағы тұтынушыларымызға қолдау көрсету мақсатында осындай шешімге келген еді.

Кәсіпорынның бас директоры Рысқан Свамбаевтың айтуынша, өндіріс көлемінің ұлғаюына ішкі нарықтағы және Ресей тарапынан қазақстандық электр энергиясына деген сұраныстың артуы себепші болып отыр.  Қазіргі уақытта отандық және шетелдік тұтынушылардың талабын қанағаттандыру үшін тоқтап тұрған 1-блок пен жылу берудің үшінші кезегін іске қосу  мәселесі өткір тұр. Кәсіпорын басшысы Рысқан Тишпекұлы бұл жұмыстардың инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылатынын жеткізді.

"Жоспарға сәйкес, 1-энергоблок пен жылу беретін жүйені 2024 жылы өндіріске енгізу қарастырылған болатын. Әйтсе де біз үшін бұл тым ұзақ мерзім. Сол себепті жеделдетіп 2021 жылы енгізуді жоспарлап отырмыз. 1-блок іске қосылса, станцияның жобалық қуатын 4000 мегаватқа ұлғайтуға болады", – дейді станция басшысы.

Қазіргі уақытта станцияның №№2 және 6 энергоблоктарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. №4 энергоблокта кеңейтілген ағымдық жөндеу жұмыстары басталды.

2021 жылы станцияның 1-энергоблогы мен жылу беретін үшінші кезегі іске қосылған күнде станция басшылығы мен акционерлерді кезекті міндет күтіп тұр, ол – №№9 және 10 энергоблоктардың құрылысын салу.

"Самұрық-Энерго" АҚ-ның акционерлері бұл ойымызды құптап отыр. Өйткені станцияда биыл қыста электр қуаты жоспардан тыс 3143 мегаватқа артық өндірілді. Қосымша блоктарды жүктеуге станцияның әлеуеті жетеді: көмір ресурсы мол әрі су қоймасы да жетерлік. Жобаны жүзеге асыруға 150 млрд теңге қаражат жұмсалмақ", – дейді Рысқан Свамбаев.

Дария Ерғазина, Екібастұз

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу