Екібастұздықтарға ыстық сусыз қалу қаупі бар

4664

Жылу станциясындағы адам өлімі бірқатар мәселенің бетін ашты.

Екібастұздықтарға ыстық сусыз қалу қаупі бар

Анасы күн сайын түнгі ауысымнан келетін ұлын күтеді
39 жасар Ержан Жақсыбаев жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірден Екібастұз қаласындағы Жылу электр орталығына қызметке орналасады. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол азамат бір орында 10 жыл еңбек етіп, қазандық құбыр цехының ауысым бастығы қызметіне дейін көтеріледі.  

Кәсібіне адал Ержанның соңғы демі жұмыс орнында үзіледі деп кім ойлаған?! 26 қаңтар күні түнгі 22-лер шамасында №8 қазандық агрегатында қысымның күштілігінен ысқырған дыбыс естіліп, судың деңгейі төмендеп кетеді. Цех жұмыскерлері дереу станцияның қазандық агрегаты бастығын хабардар етеді. Ол өз кезегінде оқиға орнына ауысым цехының бастығы Ержан Құсайынұлын жұмсайды. Куәгерлердің айтуынша, жуандығы 83 мм-лік құбырдан  саңылау пайда болады да, сол тұстан ыстық су көтеріле бастайды. Ержанның келуін күткендей, жоғарыға көтерілгенде құбыр жарылп, күшті қысыммен атқылаған ыстық судың екпінімен Ержан 18 метр биіктіктен  жерге құлайды. Қасындағылар шамалы уақыттан соң Ержанды таба алмай, көзге түртсе көргісіз будың арасынан іздестіруге кіріседі. Әлден уақытта сақылдап қайнаған судан жидіп кеткен Ержанның денесін жерден тауып, іле жедел жәрдем шақыртқанымен, дәрігерлер өміріне араша түсе алмайды.

Кім кінәлі?
Ержан Құсайынұлының қазасы екібастұздықтардың қаланы ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етіп отырған "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС-ның техникалық жағдайына деген алаңдаушылығын туғызды.

3 ақпан күні "NewTimes.kz" сайтына жолдаған хатында жұмыскерлер ЖЭО-да бұған дейін де адам өлімі тіркелгенін, соңғы 3 жылда білікті мамандардың қысқартуға, қудалауға ұшырағанын, күтіп ұстамағандықтан қазандықтардың істен шыққанын, техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмайтынын жазыпты.

"Бұған дейін де Жылу орталығында орын алған оқиғаларды жауып, жауырды жаба тоқыған басшылар Ержанның өлімінен соң, әдеттегідей өздерін ақтауға көшті. Бірақ біз бұл жолы да қылмыстың ізі суып, былықтың әрі қарай жалғасуына жол бермейміз", – дейді жұмыскерлер.

Жұмыскерлердің жасырын атпен жылу орталығындағы келеңсіздіктер жайлы жариялаған ашық хаты бірнеше сайтта жарияланды.

Осы мәселеге қатысты "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС бас директоры Александр Закарьян шұғыл түрде журналистермен кездесу өткізіп, қалыптасқан жағдайға қатысты түсініктеме берді:

"Хатта өндірістік жарақат салдарынан тағы да екі адам қайтыс болды деп көрсетілген. Бұл – жаңсақ пікір. Кәсіпорында Ержан Жақсыбаевтан басқа екі адамның өлімі тіркелгені рас. Олардың бірі Ольга Петрова бұрыннан жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан. Инфаркт салдарынан көз жұмды. Нұрлан Имаков та жүрек дертінен жантәсілім етті. Екі қазаның да өндірістік жарақатқа қатысы жоқ.  Хатта көрсетілген деректердің көбі – ескірген мәліметтер. Ол кемшіліктер бұдан 2-3 жыл бұрын жойылды.  "Екібастұзжылуэнерго" станциясы" ЖШС-де бүгінгі күні 712 адам еңбек етеді. Соның ішінде Екібастұз ЖЭО-да жұмыс істейтіні – 418 адам. Компанияда жұмыскерлердің кәсіби біліктілігін ынталандыру, демалыс күндері жұмыс істегені үшін үстемеақы төлеу қарастырылған. 2009-2019 жылдар аралығында инвестициялық бағдарлама аясында Екібастұздағы жылу электр орталығында ауқымды шаралар жүргізілді. 2009 жылы №1 турбинаны жөндеуге 800 млн теңге бөлінді. №№5, 6, 7, 8, 9 қазандықтар қайта жөндеуден өтті. Осы мақсатқа 190 млн теңге қаржы жұмсалды. Қазандық агрегаттары 50 пайызға жаңартылды. Бүгінде қазандықтардың 45,6 пайызының әбден тозығы жеткен.  Турбоагрегаттардың 32,2 пайызы – жарамсыз күйде. Алдағы уақытта №№5, 7, 8 және 9 қазандықтарға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі".

Қайғылы оқиға не себепті орын алды? 
Екібастұз қалалық мемлекеттік еңбекті қорғау инспекторы Қайролла Ахметовтің айтуынша, 2016 жылдың шілдесінде және 2017 жылдың қазанында екі жұмыскер өндірістік жарақат алды. Екеуінде де кәсіпорын тарапынан кеткен кемшілік деп танылды. Ал Ержан Жақсыбаев оқиғасында  "Техника қауіпсіздігі ережесін бұзу, соңы адам өліміне соқтыруға" қатысты Қылмыстық кодекстің 156-бап 3-пунктімен қылмыстық іс қозғалды. Бірнеше сараптама жұмыстары бекітілді. Заңға сәйкес тексеру жұмыстары 10 күнге созылмақ. Комиссия құрамына атом, энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі аумақтық басқарманың, прокуратура және жұмыс беруші ретінде "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС өкілдері енген.

Марқұмның отбасына қандай көмек көрсетіледі?
Александр Закарьянның сөзінше, марқұмның отбасына 1 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілмек. Сондай-ақ, кәсіпорын Ержан Құсайынұлының 3 банктегі 7,3 млн теңге несиесін өтемек. Отбасына келсек, марқұм келіншегімен ажырасқан. Бұрынғы зайыбында 13 жасар қызы өсіп келеді. Компания марқұмның қызы кәмелеттік жасқа толғанша  жәрдемақы тағайындамақ. Мамыр айында кәсіпорын есебінен марқұмның зираты көтеріледі.

Кәсіпорын жылу бағасын көтермек
"Екібастұзжылуэнерго" ЖШС 23 қаңтар күні жергілікті ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасап, жаз айларында жылу орталығы уақытша жұмысын тоқтатып, ыстық судың ағытылатынын хабарлады.

Мұның себебін тұрғындардың жылу маусымына дайындық шараларын жүргізбейтіндігімен байланыстырған. Соның салдарынан "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС желілік жылуды сағатына 11650-ден 12500 тоннаға арттыруға мәжбүр. Осы кәсіпорынның дерегіне жүгінсек, "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС бір жылдың ішінде 1,3 млрд теңге шығынға батқан. Тұрғындардың жылу есептеуіш құралдарды орнатуға деген құлықсыздығынан, қосымша алаңдарды рәсімдеусіз жылуға қосатындықтан, құбырларды қаптау жұмысының сапасыздығынан берілген жылудың 40 пайызы далаға кетеді екен. Бүгінде тұрғындардың жылу ақысына қарызы  800 млн теңгені құрайды.

Жасыратыны жоқ, Екібастұз қаласы өзеннен қашық орналасқандықтан су тапшылығын сезінуде. Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың суын қалаға тасымалдайтын "Қалалық су арнасы" МҚК кәсіпорны кәсіпорынға техникалық судың текше метрін 102 теңгеге босатады. Жылу орталығы басшылары тығырықтан шығудың бірден-бір жолы ретінде тарифті көтеруді ұсынып отыр. Жылу орталығы соңғы рет тарифті 2015 жылы көтерді. Мұнымен тоқтамай, жыл сайын тарифті көтеруге ұмтылуда. Бірақ Павлодар облыстық Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті департаменті әр жылдары ұсынысты қабылдамай, кері қайтаруда.

Екібастұздықтар Жылу орталығы басшыларының мәлімдемесімен келіспейтіндігін ашық білдіруде. "Мұндай жағдай орын алса, емдеу мекемелері, балабақша, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының жұмысын қиындатып, қаладағы эпидемиологиялық жағдай ушығады, бұл Екібастұз қаласы тұрғындарының құқығын бұзғанмен бірдей", деген ұстанымдағы халықтың талабын қала әкімі Нұржан Әшімбетов те құптап, "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС әрекетінің заңнамаға сәйкестігін анықтау үшін Павлодар облысы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің департаментіне сұрау салды.

Әзірге жазбаша жауап келген жоқ. Екібастұздықтар болса, құзырлы мекеме талап-тілектеріне назар аударып, оң шешім қабылдайды деген сенімде.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу