Екінші деңгейлі банктер интернет-сауданың көрігін қыздыра бастады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2641

Былтыр интернет арқылы  2,9 трлн теңгенің тауары сатылды. 

Екінші деңгейлі банктер интернет-сауданың көрігін қыздыра бастады

Қазақстанда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жыл жылжыған сайын қарқын алып келеді. Бұл тенденцияның қанат жаюына екінші деңгейлі банктер интернет-сауда арқылы үлес қосып жатыр.

Былтыр ел аумағында қол ақшасынсыз төлем жасау 5,5 трлн теңгені құраған. Оның ішінде интернет арқылы жасалған төлем 2,9 трлн теңге болған. Тұтынушылар жыл соңындағы жаппай сатылымдарға қатысып, виртуалды төлем жасауда белсенділік танытқан.

2018 жылы POS-терминалдардың да дәурені жүрген. Адамдар бір жылда 2,3 трлн теңге ақша айналдырған. Мысалы POS-терминалдар арқылы қазан айында 302,5 млрд, қараша айында 338,1 млрд, желтоқсанда 405,5 млрд теңге жұмсалған.

Сөз басындағы екінші деңгейлі банктердің интернет-сауданың дамуына қосып жатқан үлесіне келетін болсақ, олар төлем карталарын шығарумен шектеліп жатқан жоқ, онлайн-дүкен ашып, интернет-сауда жасауға басымдық беруде.

Өздеріңіз білетіндей, қазір елімізде 28 банк бар. Әзірше солардың үшеуі ғана  интернет-саудамен айналысып жатыр. Halyk Bank, Kaspi Bank және ForteBank тұтынушыларға қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды ғана емес, тауар ақысын бөліп төлеу немесе оны несиеге алу мүмкіндігін ұсынып отыр.

Halyk Bank Qazkom-ның Homeshop интернет-дүкені арқылы 10 мың теңгеден басталатын кез келген тауарды 12 ай бөліп төлеуге жағдай жасап қойған. Бұл үшін тұтынушының қолында Halyk Bank Qazkom-ның кредиттік картасы болуы керек.

Kaspi Bank интернет-сауданы kaspi.kz арқылы жүргізіп отыр. Мұнда 300 теңге мен 1 млн теңге аралығындағы тауарды 3 ай бөліп төлеу құқығымен сатып алуға немесе 15 мың теңге мен 1 млн теңге аралығындағы тауарды 24 айға несиеге рәсімдеуге болады.

ForteBank  Forte Credit Card  карточкасымен төлем жасаған тұлғаларға 3 млн теңгенің тауарын 4 ай бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынып отыр. Айтпақшы онлайн-дүкендерден тауарды қосымша ақша төлеп тапсырыспен алдыруға немесе барып тегін алып кетуге болады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу