Екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге 1%-бен несие беруге дайын

2904

"Атамекен" ҰКП Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлерімен кездесу барысында банктер бизнес өкілдерін қолдауға дайын екенін айтты. 

Екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге 1%-бен несие беруге дайын

Оның сөзінше, өңірлік бағдарлама бойынша әкімдік шамамен 50 млдр  теңгені үлестік мөлшерлемемен банктерге бере алады. Халық банкі, Сбербанк қаражатты 1%-бен кәсіпкерлерге бөлуге дайын. Нәтижесінде кәсіпкерге арналған тиімді мөлшерлеме 1,5%-ды құрайды.

"Төтенше жағдай кезінде біздің тарапымыздан қабылданған шаралар асығыс болды. Өйткені, экономика үшін қаражат бөлу маңызды еді. Ал қазір мәселені жан-жақты саралауға мүмкіндік бар. Осы ретте, жеңілдетілген несиелер бағдарламасы, бұл, әрине, бизнес үшін үлкен қолдау. Бұл ұсынысты біз Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа жеткізген болатынбыз. Әрине, бастапқыда банктер мұндай пайызбен жұмыс істейді дегенге күмән болды",- деді ол.

Карантин мен төтенше жағдайдың салдарын басқаларға қарағанда көбірек сезінген екі қаланың кәсіпкерлері туризм, мейрамхана және қонақүй бизнесі, тамақтану, сауда, құрылыс және өнеркәсіп (жеңіл және өндіріс) салаларындағы ең ауыр мәселелерді айтты.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер қолданыстағы несиелерді кейінге қалдыру мерзімін үш айдан алты айға дейін ұзартуды және айналым капиталын толықтыруға жеңілдетілген кепілсіз несие алуға мүмкіндік беруді ұсынды.

"Микрокредиттерді кепілсіз беру мүмкіндігі қарастырылса дейміз. Мысалы, өз жалдаушыларымыз үшін жалға алу шарты болған жағдайда кепілгер ретінде болу мүмкіндігі мәселесін де қарастырдық. Біз екі жыл мерзімге бес миллион теңге көлеміндегі соманы қарап көрдік. Егер мүмкіндік болса, жалға алушыларға қолдау көрсетуді сұраймыз", - деп атап өтті "Тигрохауд фирмасы" ЖШС-ның директоры Жанар Қорабаева.

Сонымен бірге, басқосу барысында елордалық құрылысшыларды алаңдатқан мәселелер талқыланды. Олар халықтың сатып алу белсенділігінің төмендегенін айта келе салынып жатқан құрылыстардың тоқтап қалмауына мүмкіндік жасауды сұрады. "Global Expert Development Group" ЖШС директоры Абзал Сағымбаевтың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс саласы елордада белсенді жұмыс істеуде, себебі жылы маусым басталған кезеңде құрылыс қарқын алады, тиісінше қызметкерлер саны бойынша өзгерістер байқалмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, басталған нысандар ғана салынып жатыр, жаңа жобалар әлі тоқтап тұрғаны сөз болды.

 "Негізгі әсер етуші фактор - девальвация және дайын тұрғын үйді одан әрі сату. Бүгінгі таңда 100 мыңнан астам адам елорданың құрылыс саласында жұмыс істейді. Үлкен мәселе - бұл халықтың төлем қабілеттілігі және сәйкесінше сату процесі. Құрылыс индустриясын қолдау үшін біз тұрғындар арасында сату мен өтімділікті арттыру мақсатында қайталама нарық үшін ипотека бағдарламаларын әзірлеуді ұсынамыз. Сондай-ақ біз ЭҚТЖС-ның тізімін кеңейту қажет деп санаймыз, бұл құрылыс саласын жалақы қорынан есептелген салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден босатуға қатысты", - деді Абзал Сағымбаев.

Кездесу соңында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының кәсіпкерлерін мазалаған мәселелер қайта қаралатындығы белгілі болды. Қолда бар ақпаратқа сүйене отырып, "Атамекен" үкіметке бизнесті қолдау шараларының тағы бір пакетін әзірлемек.

Президиум басшысы өз кезегінде жұмыспен қамту Ұлттық палата үшін басымдық болып қала беретінін атап өтті, демек қолдау шараларының негізгі траншы карантиннен кейінгі кезеңде жұмыс орындарын сақтауға дайын кәсіпорындарға бағытталады.

"Мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға ақша бөледі. Біздің міндетіміз - бұл қаражатты бизнеске тарту. Жалпы, негізгі мақсат жұмыспен қамтуды бақылауға бағытталады деп санаймын. "Атамекеннің" ұстанымы - карантинге дейін жұмыс істеген кәсіпорындарды қолдау деп айтқанбыз", - деді Тимур Құлыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін төралқа басшысы еліміздің 15 аймағындағы кәсіпкерлермен кездесіп, онда ең өзекті мәселелерді талқылаған болатын. "Атамекен" ағымдағы мәселелерді шешу үшін бизнеспен үнемі осындай диалог жүргізуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу