Экология мәселесі қаржы саласына да әсер етуде

6634

 "Астана" халықаралық қаржы орталығы жасыл қаржыландыруға басымдық береді.   

Экология мәселесі қаржы саласына да әсер етуде

Қаржы саласында әлемдік экологияны жақсартуға қатысты "Жасыл қаржы" деп аталатын терминнің пайда болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Қаржыландырудың осындай түрі табиғатқа залал келтірмейтін, экологиялық таза өнімдер өндіруге қатысты қолданылады. Ең бастысы, қоршаған ортаға зиян тигізбейтін әрі су, энергия, жылу көздері тәрізді ресурстарды тұтынуды азайту мүмкіндігі бар жобаларды қаржыландыруды көздейді.

Қаржыландыру түрінің жасыл облигациялар, жасыл кредиттер, жасыл банк карталары, жасыл ипотека, жасыл сақтандыру секілді құралдары бар. Осы құралдарды тиімді қолдану және әртүрлі қаржылық механизмдерді талқылау үшін әлемнің көптеген елінен үш жүзден аса қаржыгер, сарапшы, саясаткер, кәсіпкер және мемлекеттік қызметкер елордада "Жасыл өсу" форумында бас қосты.

Жиынға келген меймандардың бірі, Бутан Корольдігінің бұрынғы премьер-министрі Церинг Тобгай барлық елдерді жасыл экономикаға көшуге шақырды.

"Өндірісі дамыған үлкен мемлекет, кіші мемлекет деп бөле-жара қарамай, қазірден бастап барлық ел жасыл экономикаға көшуі керек. Мен климаттың өзгеруі туралы үш ғылыми дәйек келтірдім. Ондай дәлелдер өте көп. Әлемдік ауа температурасы қазірдің өзінде 1 градусқа көтерілді. Бұл бізді қатты алаңдатуда. Теңізге шықпайтын кей елдерде ауа температурасы 1,5 градусқа дейін көтеріліп жатқандығын мамандар айтуда. Ауаның жылынуы қайта қалпына келмеуі мүмкін. Алып мұздықтар еріп, теңіз деңгейі көтерілуде. Гренландиядағы мұздықтардың еруі біз үшін жақсы емес. Менің айтқым келетіні – жер өз орнында қалады, ал адамдар аман қала ма? Барша адамдардың, келешек ұрпақтарымыздың болашағына қамқорлықпен қарауымыз қажет",­­­- деді Церинг Тобгай.

Айта кету керек, жасыл қаржыландыру "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басым бағыттарының бірі. Осы қаржы орталығының жанында "Жасыл қаржы орталығы құрылған".

АХҚО төрағасы Қайрат Келімбетов Қазақстанның жасыл экономикаға көшкенін еске салды.

"Көріп отырғанымыздай, экологиялық мәселелердің шешімі ретінде елімізде өндіріс үдерістері модернизацияға негізделген. Жасыл технологияларды енгізуге, бизнес үдерістерді әзірлеуге барлық жағдай жасалуда. Жаңа жасыл технологияларға өткен кәсіпорындар қолдау көретін болады. Ең жоғары қолжетімді технологияларға өту қомақы инвестиция талап ететіндігін түсінеміз. Жаңа технологияларға өтуді жасыл қаржымен байланыстырамыз. Осы күндері жаңа экологиялық кодекс қабылдаймыз. Биылғы жылдың аяғында құжат Парламантке түседі",- деп Қайрат Келімбетов еліміздің экология мәселелеріне бей-жай қарамайтындығын жеткізді.

Еске сала кетсек, бүгін АХҚО-дағы Ұлыбританияның бизнес, энергетика және өнеркәсіптік стратегия департаментінің қолдауымен Цинхуа университеті және Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) бірлескен жыл сайынғы екінші "Жасыл өсу" форумы өтуде.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу