Экономист: Смайылов Үкіметінің ары кетсе жыл соңына дейін ғана уақыты бар

1266

Іnbusiness.kz тілшісі экономист Расул Рысмамбетовтен Президенттің ертеңгі Жолдауы турасында пікірін сұрап көрген. Жолдауда ел экономикасын алға жетелерлік, халықтың әлеуметтік жағдайын түзерлік не айтылуы керек? Сарапшының айтары бар екен.

Экономист: Смайылов Үкіметінің ары кетсе жыл соңына дейін ғана уақыты бар

"Меніңше, қазір Үкіметті отставкаға кетірудің мағынасы жоқ. Өйткені Үкіметтің жасақталғанына көп уақыт өтпеді. Жалпы Үкімет өзінен нақты талап етілетінін біліп, ұғынып алуы керек. Өйткені Президенттің өзі "кеңес күте-күте күдер үзілгенін" бұған дейін айтқан-тын. Үкіметтің өзінде қандай ойы бары қызық, әрине", – дейді ол.

Өз пікірін білдірген сарапшы Үкіметте жыл соңына дейін бәрібір уақыт бар секілді деген болжамын айтады.

"Бұл бір. Екіншіден, менің ойымша, Президент ертеңгі Жолдауында Үкіметке экономикалық бағытта нақты тапсырмалар беруі мүмкін. Сондықтан сол тапсырмалардың орындалуына қарай Үкімет қала ма, жоқ па, баға беруге болады", – дейді Расул Рысмамбетов.

"Ескі кадрларды алмастыру керек пе?" деген сұраққа экономист "иә, оларды алмастыру керек" деп жауап берді.

"Мен Үкіметтің әлі күнге дейін бағдарламасын көрген жоқпын. Сондықтан ол әлі өзін көрсетуі үшін уақыт керек секілді. Ал мен білетін "Халықтың табысын арттыру жөніндегі" Үкіметтің 2025 жылға дейін бағдарламасы әлсіз көрінді. Ол жайлы айтпас едім. Екіншіден, агенттік әзірлеген ұлттық жобалардың да ертеңі белгісіз. Олар онсыз да әлсіз еді. Оған қоса ол жарияланғанымен, содан бері геосаяси және макроэкономикалық жағдайлар өзгеріп кетті. Сондықтан нақты бағдарламасыз жағдайды қалай өзгертуге болады? Ал бұл бағдарлама әзірге жоқ", – деп атап өтті сарапшы.

"Жолдауда ел экономикасын алға жетелерлік не айтылуы керек?" деген сұраққа Расул Рысмамбетов былай дейді.

"Шынымды айтсам, мен үшін Жолдау – жыл сайынғы міндеттер емес. Өйткені жыл да Президент жаңа міндеттер туралы сөз қозғайды. Сондықтан мен Үкіметтен күні ертең абайлап басқан қадамдарды күтемін. Инфляциямен жұмыс істеп, азық-түлік қымбатшылығымен күресуі керек. Қалай күреседі? Жолдарын Үкіметтің өзі айтуы керек", – деп түйді ойын Расул Рысмамбетов.

Аян Бекенұлы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться