banner

Екпе 5 адамға 1 шприцпен егілетіні рас па?

17449

Вакцинациялау айналасындағы былықтар жалғасуда. 

Екпе 5 адамға 1 шприцпен егілетіні рас па?

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда вакцина салдырған адамдар саны 1,9 миллионға жуықтады. Бұл ел халқының 10,05%-ы ғана. Егілу бойынша көшбасшылардың бестігіне Нұр-Сұлтан (І-компонентті 144,4 мың, ІІ-сін 75,5 мың адам алған), Алматы (тиісінше 277,5 мың және 160,4 мың), Шымкент (163,3 мың және 67 мың) қалалары, сондай-ақ Ақмола (64,6 мың және 22 мың), Ақтөбе (72 мың және 29,4 мыңнан астам адам) облыстары кіреді.

Қалай болғанда, бұл науқан асығыс-үсігіс жүруде,ондай кезде қателерге жол берілетіні мәлім, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Мысалы, Дина Б. дәрігерлердің қатесін қалай түзеуге болатынын білмей дал.

"Таяуда, 11 мамырда "Спутник V" вакцинасын салғызуға бардым. Бірінші рет жүгініп отырғандықтан, маған бірінші компоненті егілуге тиіс болатын. Алайда мейірбике қателесіп, екінші компонентті егіп тастады. Енді мұның қандай салдарлары болатынын білмейді. Бірден қуатты доза салынғандықтан, оның денсаулығыма қандай кері ықпалы болады? 21 не 90 күн өткеннен кейін қандай компонентті алуым керек сонда?" – деп хат жазды ол Денсаулық сақтау министрлігіне.

Әзірге жауап болмаған. Ал егер екі компонентін де алмаса, вакцинациялау паспорты берілмейді.

Бұл вакцина ресейлік болғандықтан, оған қатысты көп жайт құпия, белгісіз. Әлгі сұраққа "Спутник V" немесе "Гам-КОВИД-Вак" вакцинасын жасаған Ресейдің Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы да жауап бермейді. Орталық тек вакцина компоненттерінің егу ретін сақтау керектігін атап өтеді.

"Спутник V – коронавирусқа қарсы қосвекторлы вакцина. Вектор дегеніміз – көбею генінен айырылған вирус, ол коронавирустың генетикалық материалын адамның жасушасына тасымалдау үшін пайдаланылады. Бірінші вакцинация кезінде коронавирустың S-ақуызын кодтайтын гені бар вектор адам жасушасына енеді. Адам ағзасы S-ақуызды синтездейді және оған жауап ретінде иммунитетті түзе бастайды. Екінші вакцинация кезінде организм үшін таныс емес басқа аденовирустік вектор негізіндегі вакцина ағзаның иммундық жауабына түрткі болады және ұзаққа созылатын иммунитетті қамтамасыз етеді", – делінген ресейлік әзірлеушінің ресми ресурсында.

Ресейлік вакцинамен егілетіндерге таратылатын жадынамада да компоненттер ретін шатастырып алса, оның қандай салдарларға соқтыруы мүмкін екені айтылмаған. Бәлкім, бұл бағытта асығыс кезінде жеке зерттеулер де жүргізілмеген болуы мүмкін.

Айтпақшы, халық арасында "вакцинаны 1 шпицпен бес адамға салғызады" деген фейк ақпарат тарауда. Бұл елдің үрейін ұшырды. Ал жауапты органдар оны ресми жоққа шығаруға асығатын емес. Адамдар "бір шприцпен салса, коронавирустың алдын аламын деп, басқаның, мысалы нашақордың бәле ауруын жұқтырып алмайын" деген алаңдаушылық білдіруде.

Мазасы кеткен қазақстандықтардың бірі Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға шағым жазыпты.

"14 сәуірде Алматыда емханаға бардым. Вакцина салғызбақ болғанмын. 5 адам жиналсын деп күттіріп қойды. Өйткені бес адамның бәріне бір шприцпен вакцина егетін көрінеді. Бір шприцпен дегені не масқара?! Бізге жұрт көп жиналатын жерге бармау керек екенін айтады. Ал емханада адамдар шағын ғана орындықта қысылысып, ұйлығып отыр. Онда неменеге eGov.kz арқылы алдын ала вакцинацияға жазғызады? Оның үстіне неге бес адамға бір шприцпен егеді? Бетін аулақ қылсын, алайда вакцинаға алдыңғы егілген сырқаттың қаны тамып кетсе, жаман. Қалалық бюджетте вакцинаға арналған шприцтерді жеткілікті көлемде сатып алуға ақша жоқ болғаны ғой", – дейді Марина Рудакова.

Денсаулық сақтау министрлігі сауалға жауабында "5 адамға 1 шприцпен егіледі" деген қауесет сөздің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

"Спутник V вакцинасының 1 флаконы 5 дозадан тұрады, яғни ашылған соң 5 адамға салынуға тиісті. Ашылып, артық қалған флакондарды бір-біріне құюға рұқсат етілмейді. Сондықтан айталық, ІІ компонентті алуға 5-тен аз адам келсе, медициналық ұйым өкілі келушілерге егілушілердің қатары жеткілікті санға дейін жеткенше күте тұруды немесе келесі күні келуді ұсынады. Өйткені 5 адамнан тұратын топ жасақталмайынша, флакон ашылмайды. Бұл ретте 1 адамға 1 шприц қолданылады. Сондай-ақ 2020 жылғы 7 шілдеде қабылданған Денсаулық кодексінің 12-бабына сәйкес, халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдар құзырына жатады. Ендеше вакцинацияға қатысты мұндай сұрақтармен өзіңіз тіркелген медициналық ұйымның басшысына не орынбасарына жүгініңіз", – деп түсіндірді ДСМ.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі А.Цой ресми блогында Ресейде және "Қарағанды фармацевтикалық кешенінде" өндірілген "Гам-КОВИД-Вак" вакцинасын салғызуда бауырының созылмалы аурулары бар адамдар абай болғаны жөн екенін жазды. Ол вакцинациялау туралы шешімді азаматтың денсаулығының қазіргі жағдайына қарап, емдеуші дәрігер қабылдауы керектігін қосты.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу