ЭКСПО кешендері өз шығынын өзі жаба алмай отыр

6944

Елорданың сол жағалауындағы ЭКСПО кешендері өз қажеттілігін өзі жаба алмай, мемлекеттің бюджетіне салмақ салып жатыр.  

ЭКСПО кешендері өз шығынын өзі жаба алмай отыр

Үкімет былтыр 2022 жылға дейін кешен өзін-өзі ақтайтын деңгейге жететінін айтып сендірген. Алайда бүгінгі Мәжіліс отырысында бұл мерзімді тағы 2024 жылға дейін созуды өтінді. Бұл өтініштері Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің наразылығын туғызды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мәжіліс отырысында депутат Сырым Ертаев Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа сұрақ қойды. Оның айтуынша, 2020 жылы "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы жалпы ауданы 361 мың шаршы метр болатын ЭКСПО-2017 ғимаратын ұстауға және пайдалануға 6,7 млрд теңге жұмсаған. Әрине, ғимараттың жылуы, суы, электр қуатына арнайы қаражат бөлген дұрыс. Алайда...

"Амортизацияны ескерер болсақ, ғимарат кешенін ұстау құны жыл сайын өсетіні анық. Алдағы жылдарға арналған бюджет негіздемесінде министрлік ЭКСПО аумағында зәкірлік және жалға алушылары бары – ел экономикасы үшін 10 млрд доллар сомасында мультипликативті әсер береді деп көрсеткен. Іс жүзінде әсіресе, мұның бәрі де салық төлеушілер есебінен қамтылып отыр. Жұмыс тобы кезінде министрліктің аппарат басшысы көрме кешені кем дегенде өз-өзін қалай ұстай алады деген сұраққа нақты жауап бере алмады. Сондықтан сұрақ өзіңізге – павильонды мемлекеттік қаражат есебінен қанша уақытқа дейін ұстағалы отырсыздар", – деп сұрақ қойды Сырым Ертаев Сауда және интеграция министріне.

Бұл сұраққа жауап берген Бақыт Сұлтанов жалпы бүгінгі таңда ЭКСПО кешенін қайта құру және жөндеу жұмыстары толыққанды аяқталғанын айтады. Кешеннің 98 пайызы жалға берілген. Қалған 2 пайызы резервте тұр.

"Жалға беріліп отырған ғимараттардың 68 пайызы – зәкірлік арендаторлар. Олардың ішінде "Астана" Халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық "Жасыл экономика" орталығы бар", – деп сөзін жалғастыра берген кезде Мәжіліс спикері оған төтеннен сұрақ қойды. Атап айтқанда, Нұрлан Нығматулин: "Мемлекет есебінен оны қаржыландыру қашан тоқтатылады?", – деді.

Бақыт Сұлтанов 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін толық бұл нысандар өзін-өзі өтейтінін мәлім етті.

"Былтыр 6,7 млрд теңге көзделген. Биыл 2 есе төмен. Одан кейінгі жылдарда қаржыландыруды тағы екі есе төмендетеміз. 2023 жылы 374 млн теңге ғана...",– деді ол.

Нұрлан Нығматулин болса Бақыт Сұлтановтың есіне былтырғы уәдесін салды.

Нақтырақ айтқанда Бақыт Сұлтанов ЭКСПО кешені 2022 жылға дейін өзін-өзі ұстап тұратындай дәрежеде болатынын айтқан болу керек. "Ал сіз 2023 түгілі, 2024 жылға апара жатырсыз" деп күле ескертті Мәжіліс спикері министрге. 

"Былтыр келген кезде жоспарымыз көп дедіңіздер. Ары кетсе 2022 жылға дейінгі мерзімді сұрадыңыздар. Енді келіп 2024 жылға дейін сұрайсыздар. Әлихан Асханұлы (Смайыловқа) өз бақылауыңызға алыңыз. Бұған қатысты кеңес өткізіңіз",– деді ол.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу