ЭКСПО стратегиясы – қиял-ғажайып ертегі

2990

QazExpoCongress  компаниясы  2024 жылға дейінгі даму стратегиясына түзету енгізбекші. 

ЭКСПО стратегиясы – қиял-ғажайып ертегі

Ұлттық компания 2015 жылы бекітілген стратегиялық міндеттемелерін қайта қарап жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Көпшілікке ЭКСПО нысандарын басқаратын мекеме ретінде танымал "QazExpoCongress"  ұлттық компаниясының 2015-2024 жылдарға арналған даму стратегиясына түзету енгізілгелі жатыр. "Мызғымайтын стратегия жоқ, мызғымас мүдде ғана болады" деуіңіз мүмкін. Бірақ бұл жағдайда құжаттың аты стратегияға түзету енгізілетінін меңзегенімен, шын мәнінде, 2024 жылға ЭКСПО нысандарынан түсетін табыстың мөлшері қысқартылатын болып отыр.

2012 жылы Қазақстан ЭКСПО көрмесін өткізу құқығына ие болып, билік БАҚ арқылы елден сүйінші сұрағандай болған. Халықтың саяси-әлеуметтік көңіл күйі әрі-сәрі кез-тұғын. Көрме өткізу идеясын тықпалап жүргендермен бірге бөркін аспанға атқандар да, о бастан күмәнмен қарағандар да көп болды.

Сол кездегі бесжылдық бюджет туралы заңда көрсетілген мәлімет бойынша көрмені өткізуге 5 жылдың ішінде 565,1 млрд теңге жұмсалған.  Бұл сол кездегі валюта бағамы бойынша 2,1 млрд доллар болатын.  

2015 жылы ЭКСПО мұрасын игілікке жұмсап, оны өткізуге кеткен шығынның орнын толтыратын, шарадан босаған ғимараттарды басқарып, табыс көзіне айналдыратын QazExpoCongress ұлттық компаниясының 2024 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды.

Сол құжатта 2024 жылға қарай көрмеден босаған офистік және сауда мақсатындағы жылжымайтын мүлікті жалға беруден келетін түсімді 11,1 млрд теңге болады деген меже қойылған болатын. Уәде етілген кезеңге  3 жыл қалғанда бұл сома 8,57 млр теңге болып түзетілді.

Стратегиядағы ғимаратты жалға беруден түсетін табыс болжамы

Сауда және интеграция министрлігі дайындаған түсіндірмеге сенсек, бұған нақты себептер әсер еткен. Біріншіден, ЭКСПО аумағындағы "С1" павильоны IT-университетке берілгендіктен, оқу орны 10 жылға жалға алу төлемінен босатылған. Тек коммуналдық және пайдалану қызметтерін өтейді.

Екіншіден, Премьер-Министрдің 2020 жылғы 5 маусымдағы №20-12/1096 тапсырмасы бойынша Аstana халықаралық қаржы орталығы жалға алып отырған "С3" павильонын пайдалану шығындардың 10 пайызын ғана төлейтін болған.  

Үшіншіден, С4 павильоны бойынша жалға алуға жарамды алаңның 1 шаршы метріне 4000 теңге, қосалқы алаңның 1 шашры метріне 2000 теңге мөлшерінде төлем бекітілген.

Стратегиянң 2015 жылғы нұсқасында ЭКСПО нысандарының базасында конгресс-көрме іс-шараларын өткізуден 2024 жылға қарай 7,4 млрд түсім кіретіні болжанған. Түзетілген нұсқада 2,09 млрд теңге болып өзгертілген.

Стратегиядағы конгресс-көрме іс-шараларын өткізуден түсетін табыс болжамы

Құжаттың 2015 жылғы нұсқасы бойынша 2024 жылға қарай инвестициялық жобаларды іске асырудан 5 млрд теңге ақша алу көзделген. Ал түзетілген құжат бойынша бұл сома 6,21 млрд теңге болып, ұлғайтылған.

Сонымен қатар, стратегияда "Нұр-Әлем" сферасының келешегіне SWOT-талдау жасалған. Нысанның басым тұсы ретінде Қазақстандағы ЭКСПО көрмесінің ең танымал  бірегей сәулет обьектісі және дамыған инфрақұрылымы бар ғимарат екені айтылған. Ал әлсіз тұсы ретінде сфера мен оның активтерін ұстауға жұмсалатын шығыстың көптігі, қыста күтіп ұстау шығыны көп екені, кіріс түрін әртараптандыру деңгейінің төмендігі аталған.

"Қазақстандағы теріс макроэкономикалық жағдайға байланысты нысанға келушілердің саны азаюы оның тиімділігне қауіп төнідері", - делінген құжатта.

"Нұр-Әлем" сферасынан басқа нысандарды да басқару, коммерцияландыру, сервистік қызметтер көрсету функциясына жасалған SWOT-талдаудың мазмұны да осыған ұқсас. ЭКСПО аумағындағы барлық нысанға тән кемшілік – күтіп-ұстау шығыстарының жоғары болуы және негізгі жалға алушыларға тәуелділік. Егер Үкімет бекіткен жалға алушылар нысаннан кетсе, орнына сұранып отырған ешкім жоқ. Болған күннің өзінде олар ұсынатын баға кіріс келтірмек түгіл, нысандардың ұстауға кететін шығынды жаппай қалуы мүмкін.

QazExpoCongress  ұлттық компаниясы қолға алған Инвестициялық жобалардың келешегі туралы SWOT-талдау да көңіл көншітпейді. Мықты тұстары ретінде дамыған инфрақұрылым мен қолайлы орналасуы аталса, әлсіз тұстары ретінде дербес іске асыру, PR және әріптестерді іздестіру бойынша құзыреттіліктің болмауы айтылған. "Hilton" қонақүйі инвестициялық жобасының сәтсіз тәжірибесі мұнда инвесторлардың келуіне тосқауыл болатын түрі бар.

Қорытындыласақ, ЭКСПО көрмесі өткен 2017 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы 154 млрд доллардан 163 млрд долларға өскен болатын.  2018 жылы тіпті 167,2 млрд долларға барып, тек 2019 жылы ғана беті қайтқан болатын. Ол кезде ауыртпалықтың бәрі келешекте инвестицялық табыс қайтатынына көбіміздің сенгіміз келгені де жасырын емес.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мамандары квазимемлекеттік компаниялардың жұмысына жасаған талдауында бәріне ортақкемшіліктің бірі ретінде алға қойған межеден тез ауытқитынын атаған болатын. Нақтырақ айтса, бағдарламалар мен стратегияларға жазылған мақсаттық индикаторлар мен көрсеткіштер орындалмай бара жатса, көрсетілген мәндерді өзгерту белең алған. Есесіне алға қойылған мақсат орындалмағаны үшін ешкім жауап бермейді. Ең бастысы желге ұшқан қаражаттың сұрауы болмайды. Дәл осы ауру QazExpoCongress  ұлттық компаниясына жұққан сияқты.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу