Экспортқа кеткен мұнайдың 0,9%-ы ғана өңделген өнім

3450

Мұнай өндірісіндегі тапсырыстың көбін шетелдік мердігерлер иемденіп алған. 

Экспортқа кеткен мұнайдың 0,9%-ы ғана өңделген өнім

Былтыр Қазақстанның мұнай саласында 5,43  трлн теңгеге тауарлар мен қызметтер сатып алынған,  деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бірақ соны игеруде отандық мердігерлердің үлесі мардымсыз болып тұр. Бұл мәселе талайдан бері айтылып келеді. Бірақ шешімін тапты деуге әлі ерте. Мұнайға қызмет көрсетуші компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов былтыр төтенше жағдай режимі жарияланған кезде осы мәселені БАҚ өкілдерімен өткен брифингте де айтқан болатын

"Инвесторлардың "таңдаулысына" айналған кейбір компаниялар бар. Олар бір жылда 30-50 млн долларға дейін тапсырыс алады. 25 жылда 1 млрд доллар табыс тапқандар бар. Сол тапсырыстан отандық компанияларға үлес жарату үшін заңнаманы реттеу керек. Ол үшін бірнеше ережені қайта қарайтын кез жетті", –  деген болатын.

Заң бойынша қазақстандық сервис компаниясы атанып, жеңілдікке ие болу үшін құжат жүзінде жұмысшының 95 пайызы жергілікті адам болуы шарт көрінеді. Осы талапты қағаз жүзінде қатырып орындаған шетелдік компаниялар отандық ұжымдармен бірдей жеңілдіктер алып жүр.

"Негізі бізге жеңіл несие керек. Ол қазіргі тәртіп бойынша мүмкін емес. Шетелдік компаниялар еуропалық банктерден 2-3 пайыздық несие алады. Бізде ондай пайыз жоқ. Осының арқасында олар қызмет ақысын тағайындаған кезде бізді баға бойынша ұтып кетеді. Осының бәрін ескеріп, құны 100 млн долларға дейінгі құрылыс жобалары түгелдей қазақстандық компанияларға берілуі керек. Сондай-ақ, 50 млн долларға дейінгі жобалау жұмыстары Қазақстан аумағында дайындалуы шарт.  Егер шетелде жобаланса, барлық жұмысқа алдын ала шетелдік компаниялар тартылады деген сөз. Ал мердігердің жобадан ауытқуға қақысы жоқ. Осыдан келіп шетелдік пен отандық жұмысшылардың теңсіздігі туындайды", – дейді Рашид Жақсылықов.

Оның айтуынша, құны 100 млн доллардан асатын жобаларды қазақстандық компаниялар армандай да алмайтын көрінеді. Тіпті 100 млн долларға дейінгі жобалардың өзін алысып-жұлысып жүріп, әрең ұтуда. Инвесторлар Қазақстан мұнайының арқасында табысын арттырып жатқанына қарамастан, кенішке салған инвестицияның әр доллары өзінің отандасына немесе ауыз жаласып үлгерген серіктесіне тигенін қалайды.

Салаға жауапты Энергетика министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарлар мен қызметтерді сатып алу көлемі 5,43 трлн теңге болған. Оның ішінде жергілікті мазмұнның үлесі – 2,51 трлн теңге. Бұл бір жылдағы сатып алулардың 46%-ына тең.

"Былтыр энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылар 831,17 млрд теңгенің тауарын сатып алды. Оның 163,56 млрд теңгесі немесе 19,68%-ы жергілікті жергілікті мазмұнға тиесілі. 2,1 трлн теңгенің жұмысы орындалса, оның 1,44 трлн теңгесін немесе 51,29%-ын жергілікті компаниялар игерген. 1,79 трлн теңгенің қызметі көрсетіліп, соның 900,7 млрд теңгесін немесе 50,3%-ын қазақстандық мердігерлер алған", – дейді Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл сандарды компаниялар бойынша жіктесек мынадай көрініс шығады. Жалпы Қазақстанның мұнай саласындағы ірі компаниялар қатарына "Теңізшевройл" ЖШС, "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.", "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.", "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ және т.б. кіреді.

2020 жылы мұнай саласында орындалған тапсырыстың 79%-ын "Теңізшевройл", "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг", North Caspian Operating Company, "Тотал", "Сайғақ", "Жайықмұнай" компаниялары шығарған. Ақшалай есептесек, бұл 4,28 трлн теңгеден асады. Отандық жеткізушілер мен мердігер компаниялар соның 1,65 трлн теңгесін игеруген. Яғни, аталмыш мұнай алпауыттары барлық сатып алудың 38,5%-ын жергілікті компанияларға берген болып шығады.

Дегенмен, өндіріске пайдаланылатын тауарлардың көбі сырттан әкелінген. Барлығы 589,58 млрд теңгеге тауар сатып алынса, соның 60,59 млрд теңгесіне немесе 10,3%-ы ғана қазақстандық өндірушілерден алынған.

Аталған 6 кәсіпорынның тапсырысы бойынша орындалған жұмыстар мен қызметтердің ақшаға шаққандағы көлемі 3,7 трлн теңге болған екен. Алайда соның 1,59 трлн теңгесін немесе 43%-ын жергілікті мердігерлер игерген.

"ҚазМұнайГаз" акционерлік қоғамы қатысатын жобалардағы жағдай сәл өзгешелеу. Бұл кәсіпорынның тауарлар мен жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге "Самұрық-Қазына" холдингінің сатып алу тәртібі бойынша тапсырыс беретінін айту керек.

Сонымен, 2020 жылы "ҚазМұнайГаз" шығарған 704,6 млрд теңгелік тапсырыстың 77,94%-ын отандық мердігерлер игерген. Ақшаға шақсақ,  549,21 млрд теңге деген сөз.

"Тауарлар 106,75 млрд теңгеге сатып алынды. Тауарлардағы жергілікті мердігерлердің үлесі 55,8 млрд теңгені немесе 52,27% құрады. 597,88 млрд теңгеге жұмыстар мен қызметтер сатып алынған. Мұндағы жергілікті мазмұнның үлесі – 82,53% немесе 493,41 млрд теңге", – деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.  

2020 жылы республика бойынша 85,65 млн.тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген еді. Соның 68,5 млн тонна экспортқа шығарылып, 15,8 млн тоннасы ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеуге жұмсалған. Экспортқа кеткен 68,5 млн тонна мұнайдың 669,3 мың тоннасы, яғни, 0,9% ғана өңделген өнім ретінде сатылған. Қалған өнімнің бәрі шикізат ретінде шығып жатыр деуге болады.

"2020 жылы 68,5 млн тонна мұнай экспортталды, бұл жалпы өндірілген мұнайдың 76,5%-ын құрайды. 2020 жылы мұнай өнімдері мынадай көлемде экспортталды: Бензин – 493,6 мың тонна; Дизель отыны – 175,9 мың тонна; Авиа отын – 363 тонна",– деп жазылған Энергетика министрлігінің дерегінде.

 

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу