Экспортқа шығарылатын тауарға қатаң талап қойылады

1872

СҚО шаруалары Асқар Мырзахметовке осылай деп мұң шақты.

Экспортқа шығарылатын тауарға қатаң талап қойылады

Премьер-министрдiң орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметов Солтүстiк Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарын  "Шағала Агро" ЖШС-ның егiс алқабын аралаудан бастады.

28 мың гектар алқапты игеріп отырған кәсіпкер Жомарт Омаров министрге 22 мың алқапқа тұқым себетінін, қалған 6 мың гектар жерді парға қалдыратынын айтты.

"5,5 мың гектар алқапқа – рапс, 6 мың гектарға – зығыр, 3 мың гектарға – бұршақты жасымық, 6 мың гектарға­ – бидай, 500 гектарға – сұлы сепкелi отырмыз. 30-шы мамырда себу науқанын аяқтап, химиялық өңдеуге кiрiспекшiмiз. Майлы дақылдарды экспорттаймыз. Өткен жылдың астығын  Польшаға, Белгияға, Германияға саттық. Өнiмдерiмiздi экспорттағанымыз үшiн  мемлекет бізге қосымша құн салығын қайтарды", – дедi ол. Ал "Аби Жер" ЖШС директоры Игорь Гришанов эскпорттайтын тауарға тым қатаң талап қойылатынын баяндады.  

"Біз майлы дақылды Еуропаға сатайық десек, алдын ала бір парасын тексеріске жөнелтуімізді сұрайды. Бұл 1 ай уақытты алады. Оның үстіне қаржылай шығынға батамыз. Экспорттайтын тауарларға қатаң талап қойылады. Мәселені шешу үшін елге бір зертхана салу қажет, – деді Игорь Гришанов.

Азаматтарды мұқият тыңдаған премьер-министрдiң орынбасары бұл мәселе алдағы уақытта шешілетінін жеткізді.

"Молпродукт" ЖШС-на табан тіреген кезде Асқар Мырзахметов "Наше молоко", "Мумуня" сынды тауар белгісімен саудаланып жатқан сүт өндірісімен танысты. Мұндағы  сүт өнімдері Қазақстанда ғана емес, Ресей Федерациясында да сұранысқа ие екен.

Премьер-министрдiң орынбасары бастаған делегация Петропавл ауыр машина жасау зауытында да болды. Осы жерде үлкен жиын өтті. Онда Солтүстiк Қазақстан облысының өндiрiстiк қуаты сөз болып, ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың болашағы талқыланды. Сонымен қатар қосалқы бөлшектер мен оларды жинақтайтын өнiм өндiру бойынша әртүрлi өңiрлердiң кәсiпорындары арасында кооперация құрудың мүмкiндiгi қарастырылды.

Басқосу барысында сөз сөйлеген СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов қазiргi уақытта өңiрде 13 мың трактор, 7 мың комбайн және 1 мың себу кешенi бар екенiн алға тартты.

"Жүргiзiлген жұмыстардың нәтижесiнде тек соңғы 3 жылда мемлекеттiң қолдаудың арқасында 63,8 млрд теңгеге 3689 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Әрине бұл жеткiлiксiз. Жүргiзiлген сараптама облыстағы машина-трактор паркiнiң 50 пайызының тозығы жеткенін және олар жаңартуды қажет ететiнін анықтады", – дедi Құмар Ақсақалов.

Өз кезегінде СҚО әкiмiнiң орынбасары Ратмир Ахметов делегация мүшелерін ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамытуға қатысты Солтүстiк Қазақстан облысы кәсiпорындарының әлеуетiмен таныстырды.

Оның сөзiне қарағанда, Солтүстiк Қазақстан облысындағы жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындар өзiнiң өндiрiстiк алаңдарында машиналар мен тетiктердiң жеке құрамдас бөлiктерiн шығаруды игеруге әзiр.

"ПАМЖЗ" АҚ корпустық бөлшектер мен желiлердi әзiрлеу мүкiндiгiне ие, сол сияқты күрделi гидравликаларды, флянец пен шестерняларды "Көпбейiндi құрал-жабдықтар зауыты" ЖШС, электрониканы "Киров атындағы зауыт" АҚ жасай алады. "Мұнаймаш" АҚ механикалық өңдеу арқылы бөлшектер мен желiлер шығара алады. "Көпбейiндi құрал-жабдықтар зауыты" ЖШС қосалқы бөлшектердi жөндеу бойынша сервистiк қызмет те көрсетедi. Заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруды игеру облыстың машина жасау кәсiпорындарының жүктемесiн көбейтедi, сала мен өңiрдiң бәсекелестiгiн көтередi. СҚО-ның кәсiпорындары осындай мiндеттердi атқаруға әзiр", – дедi Ратмир Ахметов.

Жиынды Асқар Мырзахметов қорытындылады. Ол ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында Солтүстiк Қазақстан облысының әлеуетi зор екенін атап көрсетіп, биылдан бастап отандық өндiрiске бағдарланған техникалар мен құрал-жабдықтарға демеу қаржы бөлудің шарттары өзгергенін айтты.

"Бұрын астық жинайтын бiр шетелдiк комбайнға 30 млн теңгеден астам өтемақы берiлсе, қазiр осы қаржыға 3 комбайн қаржыландырылады. "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы лизингке техника беру де қайта қаралды, ол отандық өндiрушiге бағытталды. Осының нәтижесінде сатып алынатын техникалардың көлемi 50-70%-ға өсiп, жаңарту көлемi 1,5-2 есеге ұлғаятын болды", – дедi вице-премьер.

Берік Хасен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу