2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық статистика бюросының алдын ала дерегіне қарағанда, 2026 жылғы қаңтар-шілдедегі ЖІӨ 4,1%-ға өсті. Бұл бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіш деңгейінде. Мұнай өндірудің 8,9%-ға (53,2 млн тонна) төмендеуіне және жаһандық нарықтың құбылмалылығына қарамастан, өсу орнықтылығында көрінетін оң динамикаға қол жеткізілді. Экономикалық өсу шикізаттық емес сектор есебінен қолдау тауып, ҰЭМ-нің есептеуінше, биылғы жеті айда 5,4%-ға өскен.
Үкіметтің мәліметінше, өңдеу өнеркәсібі 9,0% жоғары өсу қарқынын көрсетті. Өсу қарқыны бойынша көшбасшы салалар: фармацевтика – 38,5%, дайын металл бұйымдары – 35%, химия өнеркәсібі – 26,9%, машина жасау – 22%, тамақ өнімдерін өндіру – 13,9%, құрылыс материалдары – 9,4%. Басқа секторлар бойынша өсім динамикасы: құрылыс – 15,3%, көлік және қоймалау – 7,4%, сауда – 5,9%, ауыл шаруашылығы – 5%, байланыс – 4,3%.
"Айта кету керек, алдыңғы жылдары экономиканың өсу қарқыны шикізат секторының динамикасына қатты тәуелді болды. Өндірудің баяулауы ЖІӨ-нің өсуін тежесе, жеделдеуі, сәйкесінше, күшті өсу қарқынына жол ашты. Өнеркәсіптік әлеуетті нығайтып, даму институттарының рөлін күшейту, транзиттік, автомобиль және теміржол инфрақұрылымын дамытып, отандық тауар өндірушілер мен ШОБ-ты қолдау, шикізаттық емес бағыттарға инвестицияларды арттыру арқылы экономиканы кезең-кезеңімен әртараптандыру соңғы жылдары экономикадағы мұнай секторының рөлін айтарлықтай төмендетті (2025 жылғы қорытынды бойынша ЖІӨ құрылымындағы мұнай өндіру үлесі 7,8%-ға дейін қысқарған)", – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.