Ел халқы жаңа көлік алуға 86,9 млрд теңге жұмсаған

19880

Қазақстандықтар негізінен отандық өнімдерді таңдауда. 

Ел халқы жаңа көлік алуға 86,9 млрд теңге жұмсаған

Қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандықтар жаңа жеңіл автокөліктерді сатып алуға 555,2 млрд теңге жұмсаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 20,8 пайызға жоғары. Демек халық мінілген көлікке емес, жаңа техникаға қызығушылық таныта бастаған.

Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындары одағы таратқан мәліметке сүйенсек, осы жылдың тоғыз айында ресми дилерлер арқылы 61 336 автокөлік сатылды. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,1 пайызға артық.

Жалпы қыркүйек айы нарық үшін қолайлы болған сыңайлы. Өйткені өткен айда 9 604 көлік сатылған. Былтыр дәл осы кезеңде 5 954 көлік саудаланған еді. Яғни көрсеткіш 61,3 пайызға артық. Қыркүйекте нарықта сатылған көліктердің жалпы құны 86,9 млрд теңгеге тең. Өткен тамыз айымен салыстырғанда сауда 2,5 пайызға өскен. Еске сала кетейік, тамызда 9 370 автокөлік сатылды.

Тоғыз айда көлік сатып алғандардың 70,6 пайызы немесе 43 312-сі отандық зауыттардың өніміне тоқтаған. Ал импорттың үлесі – 18 024 көлік. Бұл қаңтар-қыркүйек аралығында сатылған өнімдердің 29,4 пайызына тең.

Есепті кезеңнің қорытындысына сүйенсек, ел тұрғындары көбірек таңдаған брендтердің бестігі төмендегідей қалыптасқан: Lada (13 496 көлік сатылған), Hyundai (11 509), Toyota (7 841), Ravon (6 548) және KIA (4 689). Бұлардан бөлек, сұранысқа ие маркалардың қатарында Chevrolet, GAZ, Renault, Volkswagen және Nissan бар.

Тарқата айтсақ, қазақстандықтар тоғыз айда 5 943 Lada Granta, 5 414 Ravon Nexia және 3 338 Toyota Camry сатып алған. Hyundai Tucson (3 308) мен Lada Vesta (3 149) модельдеріне қызығушылық танытатындар да аз емес екен.

Қазақстан нарығындағы дилерлік топтың көшін әдеттегідей "БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО" холдингі бастап тұр. Тоғыз айда сатылған жаңа көліктердің 30,8 пайызы дәл осы компанияға тиесілі. Екінші орынға Astana Motors компаниясы жайғасқан. Оның нарықтағы үлесі қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша 19,5 пайызды құрады. Бестікке "Allur Auto" (үлесі 6 пайыз), "Вираж" (5,8 пайыз) және "Shym Auto" (2,3 пайыз) еніп отыр.

Соңғы тоғыз айда сатып алынған көліктердің 15 308-і алматылықтарға тиесілі. Бұл аралықта астаналықтар 11 344 көлік, шымкенттіктер 6 059 көлік сатып алған.

Мамандардың айтуынша, қыркүйек айы жаңа автокөліктер нарығы үшін қолайлы болды. Дәл осы қарқын сақталатын болса, автодилерлер осы жылды былтырғы көрсеткіш шамасында аяқтамақ. Сәл-пәл жоғары болуы да ықтимал. Бұл жерде елдегі эпидемиологиялық жағдай мен саладағы іскерлік белсенділік үлкен маңызға ие.

Санжар Беркінбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу