Ел қазынасын толтырып отырған ТОП-50 кәсіпорын

5301

Қазақстан бюджетіне түскен салықтық түсімдердің тең жартысы соларға тиесілі.  

Ел қазынасын толтырып отырған ТОП-50 кәсіпорын

FinReview.info мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сүйене отырып, ел бюджетінің бүйірін шығарып отырған ең ірі 50 салық төлеушіні анықтады. Олар 2020 жылдың қаңтар-қазан аралығында бюджетке 2,9 трлн теңге аударған. Бұл – бюджетке түскен салықтық түсімдердің тең жартысы.

Бюджетке түскен негізгі соманы мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысатын кәсіпорындар құрайды. FinReview.info рейтингіне енген 50 кәсіпорынның 19-ы осы салада жұмыс істейді. Мұнай-газ секторы тоғыз айда салықтық төлемдердің 61 пайызын қамтамасыз еткен. Бұл – 1,8 трлн теңге. Атап өтерлігі, өткен жылмен салыстырғанда аталған сектордың биылғы көрсеткіші 49 пайызға төмендеген. Мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр.

Мұнай-газ секторынан кейінгі орында металлургия тұр. Аталған саланың жалпы салықтық түсімдер жиынтығындағы үлесі – 318,8 млрд теңге немесе 10,8 пайыз. Одан кейінгі орынға темекі өндіру саласы орналасқан. Бұл салада үш ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар тоғыз айдың ішінде 221,9 млрд теңге салық төлеген.

Төрттікті кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу компаниялары түйіндеген. Олар бюджетке 139,7 млрд теңге аударған. Сондай-ақ рейтингке мұнай өңдеу, телекоммуникация, банк секторы, логистика, спирттік сусындар өндірісі, инженерия секілді салалар енген.

Салықты көп төлейтін компаниялардың үштігі былайша қалыптасты: "Теңізшевройл" ЖШС, "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." және "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ. Ал ондыққа "Қазцинк" ЖШС, "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС, "Джей Ти Ай Қазақстан" ЖШС, "Ембімұнайгаз" АҚ, "СНПС – Ақтөбемұнайгаз" АҚ, "Өзенмұнайгаз" АҚ, "Қазгермұнай" БК" ЖШС еніп отыр.

Атап өтерлігі, биыл Қазақстандағы салықтық түсімдер айтарлықтай кеміді. FinReview.info сарапшылары оның 10,3 пайызға азайғанын хабарлады. Бұлай болуы заңдылық. Өйткені, осы жылы пандемияға байланысты елімізде бірнеше рет салықтық режімді жеңілдету шаралары қабылданды. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуын ынталандырды. Мәселен, 1 қазаннан бастап шағын және орта бизнес субъектілері еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен әлеуметтік төлемдер аударудан босатылды.

Десе де, мұндай қадамдар елдегі іскерлік белсенділікті төмендетті әрі салықтық түсімдерді қысқартты. 2020 жылдың тоғыз айында мемлекеттік бюджетке 5,8 трлн теңге салықтық түсім түскен. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 664 млрд теңгеге немесе 10,3 пайызға кем.

Санжар Беркінбай

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться