Қазақстанда тағы бір "тарихи бетбұрыс". 2026 жылдың 9 қаңтарында қабылданған №257-VІІІ ҚРЗ заңы еңбек қатынастары саласына бұрын-соңды болмаған жаңа талаптар және жаңа жауапкершілік әкеледі.
Депутаттардың түсіндіруінше, осы құжат арқылы қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген бұл өзгерістердің түпкі мәні – еңбек қатынастарын цифрлық тәртіпке түсіру, ал, жұмыс берушіні заң алдындағы жауапкершілікке бір табан жақындату.
Шын мәнінде, аталған заң еліміздегі барлық жұмыс берушілердің үстінен жаппай бақылау орнатады, мемлекетке тұрақты есеп беруге міндеттейді. Бермесе, кешіктірсе, қате ақпарат енгізсе, аяусыз жазалайды.
Аталған заң өтпелі кезеңі аяқталған соң, 2026 жылғы 12 наурыздан бастап күшіне енеді. Онда "Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесімен" (бұдан әрі – ЕШЕБЖ, орысша – ЕСУТД) жұмыс істеу кезіндегі бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза көзделген.
Сөз болып отырған ЕШЕБЖ атты еңбек шарттарының бірыңғай қоймасы қазақстандықтар жаппай үйіне тығылған пандемиялы 2020 жылы іске қосылды. Бұл жүйеде еңбек шарттары мен оған қосымша келісімдер тіркелуге және еңбек шарттарын қабылдау, бұзу деректері көрініс табуға тиіс еді. Бірақ оны жұмыс берушілер біраз уақыт елей қоймады. Көңілі қаласа, енгізді, қаламаса, тарс ұмытты.
Енді мемлекет түсін суытты және бұл жүйесіне салғырт қарауға жол бермейді. Депутаттар Еңбек министрлігімен күш біріктіріп, барша жұмыс берушілердің желкесіне цифрлық бақылаудың жаңа қамытын ілді.
Себебі, 2026 жылғы 12 наурыздан бастап ЕШЕБЖ-ге мәлімет енгізбеу, оны кешіктіру немесе жаңылыс ақпарат беру әкімшілік айыппұл салуға тікелей негіз болады. Кадрлық қателік қазақстандық жұмыс берушілер үшін қымбатқа түседі. Жұмысшыңызды жұмыстан қуып, мұны мемлекеттен жасырдыңыз ба, айыппұл қалтаңызды қағады!
"12 наурыздан бастап Қазақстанда жұмыс берушілер ЕШЕБЖ-бен жұмыс істеу кезінде жіберген қателіктері үшін айыппұлмен жазалана бастайды. Жаңа талаптар кадрлық есепті бақылауды күшейтеді және бизнестің жауапкершілігін қатаңдатады. Енді жұмыс беруші еңбек шартын жасасу, оны өзгерту және тоқтату туралы ақпаратты жүйеге уақытылы тіркеуге міндетті. Егер мәліметтер уақытылы енгізілмесе, толық көрсетілмесе немесе дұрыс емес ақпараттан тұрса, айыппұл салынады", – деді әкімдік қызметкерлері.
Мерзімдер нақты және қатаң: жұмыс беруші еңбек шартына қол қойылғаннан 5 жұмыс күнінен кешіктірмей оны тіркеуге міндетті. Өзгеріс енгізілген жағдайда, 15 жұмыс күнінен кешіктірмеуі шарт. Қызметкер жұмыстан босатылған кезде ақпарат 3 күн ішінде енгізілуі керек.
"Мәліметтердің дұрыстығы мен уақтылылығына жұмыс беруші немесе арнайы тағайындалған қызметкері жауапты. Дегенмен, жауапты тұлғаны тағайындау туралы бұйрық болмаған күннің өзінде де, айыппұл жұмыс берушіге салынады. Міндеттерді бөлуге формальды түрде қарау жауапкершіліктен босатпайды", – деп қатаң ескертті әкімдік өкілдері.
Жазаның "мәзірі": кім қанша төлейді?
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2026 жылғы 9 қаңтардағы №257-VIII ҚРЗ заңымен осы кодекстің 98-бабына жаңа тармақтар енгізілді.
1-1-тармаққа сәйкес, жұмыс берушінің қызметкермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер, толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу тәртібін мынадай түрде, біріншіден, ЕШЕБЖ-ге ақпаратты белгіленген мерзімдерде енгізбеу немесе уақтылы енгізбеу; екіншіден, ЕШЕБЖ-ге ақпаратты толық көлемде енгізбеу; үшіншіден, ЕШЕБЖ-ге анық емес немесе дұрыс емес ақпарат енгізу түрінде бұзса:
- лауазымды адамдарға – 30 АЕК (2026 жылы – 129 750 теңге),
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК (259 500 теңге),
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК (346 000 теңге),
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК (648 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
2-1-тармақ бойынша әлгі әрекетін немесе әрекетсіздігін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталаса:
- лауазымды адамдарға – 60 АЕК (2026 жылы – 259 500 теңге),
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 80 АЕК (346 000 теңге),
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (432 500 теңге),
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (865 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Яғни, 1 жыл ішінде екі рет қате жіберсе, айыппұл көлемі де екі есе өсіп шыға келеді.
Бұрын жаңа жұмыс орындарын ашқан әрбір жұмыс беруші – Үкіметтің "жалғызы" болатын, мәпеленетін, мадақталатын. Қазіргі кезде осы жүйеге толық емес немесе жалған ақпарат ұсыну да – "қылмыс".
Ендеше әрбір жұмыс беруші – Әкімшілік кодекстің әр бабынан сескенетін "потенциалды қылмыскер". Сонда заңның ала жібін аттамау үшін жұмыс беруші ақпаратының толық не толық еместігін қалай біледі?
ЕШЕБЖ-ге қандай міндетті мәлімет енгізіледі?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 3 қыркүйектегі №353 бұйрығына сәйкес ЕШЕБЖ жүйесіне келесі мәліметтер енгізілуге тиіс:
- жұмыскердің ЖСН-і;
- жұмыс берушінің ЖСН/БСН-і;
- жұмыс істейтін жеке тұлғаның лауазымы және оған жүктелген еңбек функциясы;
- жұмысты орындау орны (кеңсесінің мекенжайы;
- онымен бекітілген еңбек шартының мерзімі;
- жұмысқа кірісу күні;
- шарттың күні және нөмірі.
Осы көрсетілген мәліметтердің кез келгенінің болмауы мәліметтерді толық емес енгізу болып саналады. Осы арқылы құзырлы органдар жұмыс істейтін әрбір қазақстандыққа қатысты жай-жапсарлы "қалың досье" түзеді. Тіпті қайсысының қанша жалақы алатынына дейін біледі.
ЕШЕБЖ-ге мәлімет енгізу мерзімдері қандай?
Аталған №353 бұйрықпен ЕШЕБЖ-ге мәліметтерді енгізудің келесі мерзімдері белгіленген:
- жаңа еңбек шарты – қол қойылған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей;
- еңбек шартына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар – 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей;
- жұмыскерді жұмыстан босату – 3 жұмыс күнінен кешіктірмей.
Осы мерзімдерді бұзу әкімшілік кодексінің 98-бабы бойынша айыппұл салуға әкеп соғады.
Қате жіберілген жағдайда не істеу керек?
Қағидалар жұмыс берушіге қате енгізілген мәліметтерді 30 жұмыс күні ішінде түзетуге жалғыз мүмкіндік береді. Қателік уақытылы түзетілмеген жағдайда, ӘҚБтК-нің 98-бабы бойынша жоғарыда санамаланған сомада әкімшілік жауапкершілік арқалатады, іс қозғайды. Осы арқылы бұдан былай мемлекет жұмыс берушілерден еңбек қатынастарына қатысты үстірт-формальды емес, жүйелі көзқарасты талап етіп отырған көрінеді.
Мұның бәрі Азаматтық кодекс аясында медиация немесе сот арқылы шешілуі қажет. Жүйеге нақты ақпарат бермеген компанияларды жазалаудың еңбек дау-шарларымен тікелей байланысы жоқ көрінеді.
Еңбекмині өз жүйесіне жұмыс берушілерді уақытылы әрі анық ақпарат енгізуге жазамен мәжбүрлеп, тәртіпке келтіру арқылы өз статистикасын түзудің қамын жасапты. Яғни, бұл талаптар шенеуніктердің мониторындағы мәліметтер "таза әрі өзекті" болуы үшін керек.
"Бұл шара жұмыс берушілердің еңбек қатынастарын ресімдеу саласындағы заңнаманы сақтауына, жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтердің тазалығы мен өзектілігін қамтамасыз етуге неғұрлым жауапты көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді", – дейді Еңбекмині.
Өз кезегінде, Ұлттық статистика бюросы еңбек нарығындағы жағдай туралы көңілсіздеу мәлімет берді. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 518 005 адамға жетті.
Алайда 2025 жылдың IV тоқсанында республика экономикасының түрлі салаларында соның жартысынан азы немесе 9 млн 724,6 мың адам ғана жұмыспен қамтылыпты. 9,7 млн еңбеккердің ішінде жалақы алатын жалдамалы жұмыскерлер – 7 млн 142 мың адам.
Тағы 2 млн 136,8 мың адамның тұрақты жұмысы жоқ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жалпы жұмыспен қамтылғандардың төрттен бірі – осы ӨЖҚ-ларға тиесілі.
Статистика мамандарынан тағы бір тұнжыраңқы ақпарат: Қазақстанда 17 жастан асқан халықтың тек 64,6%-ы ғана жұмыс істейді. Еңбек адамы көлеңкеде қалмауы үшін оның еңбек шарты да көлеңкеде қалмауы тиіс, дейді Еңбекминінің сарапшылары. Дегенмен, халықты жұмыспен қамту бағытында жауапты мекемелердің белсенділігі мардымсыз екені байқалады.
Ұлттық статбюроның дерегінше, 2025 жыл соңындағы жағдай бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың желтоқсан айының соңында жұмыспен қамту бойынша барлығы 26,5 мың іс-шара өткізген. 2 мың адам кәсіптік оқытуға немесе қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберілді. Небәрі 500 (мың емес) адам қоғамдық жұмыстарға қатысты.
Қалай болғанда, енді еңбек шарты – жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы сенім көпірі ғана емес, сондай-ақ жұмыс беруші мен бюджет арасындағы "айыппұл қақпасы".
Заң қатал, бірақ егер ол тек статистиканы әдемілеуге ғана қызмет етсе, оның қаталдығы әділеттің емес, бюрократияның жеңісіне айналуы мүмкін.