Ел тұрғындары Орталық Азия бойынша бір салада аз ақша төлейтін болып шықты

Аталған аумақтағы денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстар қаржыландыру көлемі жағынан да, халыққа түсетін жүктеме бойынша да айтарлықтай ерекшеленіп отыр. 

Ел тұрғындары Орталық Азия бойынша бір салада аз ақша төлейтін болып шықты Фото: inbusiness.kz

Қазақстан жүйенің теңгерімділігі жағынан көшбасшылардың қатарында келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл біздің азаматтар бірқатар көрші елдерге қарағанда медициналық көмек үшін аз төлейтінін білдіреді. 

Азаматтардың өз қалтасынан қанша қосымша төлейтіні – кез келген денсаулық сақтау жүйесінің негізгі көрсеткіші. Дүниежүзілік банктің деректеріне сай, Орталық Азия елдерінің ішінде халыққа түсетін ең төмен жүктеме Қазақстанда – 30,3%. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 42% болса, Тәжікстанда – 62%, Өзбекстанда – 64%, ал Түрікменстанда пациенттер медициналық қызметке өз қалтасынан 77% жаратады.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік банктің мәліметінше жан басына шаққандағы денсаулық сақтау шығыстары бойынша Түрікменстан көш бастап тұр. Онда 581 АҚШ доллары жұмсалады.

Қазақстан екінші орында – 576 доллар. Өзбекстанда мемлекет шығысы бір адамға – 192 доллар, Қырғызстанда – 97 доллар, ал Тәжікстанда – 85 доллар.

Кез келген денсаулық сақтау жүйесіндегі тағы бір маңызды фактор – медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (яғни, емханаларды) қаржыландыру үлесі. Қазақстанда профилактикаға басымдық берілген – тұрақты скринингтер ауруларды ерте кезеңде анықтап, оларды амбулаториялық деңгейде емдеуге мүмкіндік береді. Бұл стационарларға түсетін жүктемені азайтады. Мұндай тәсіл тиімді, бірақ мемлекеттен тиісті шығыстарды талап етеді – жан басына шаққанда 42 доллар, бұл өңірдегі көрші елдермен салыстырғанда бірнеше есе көп.

Өзбекстанда – 10 доллар, Қырғызстан мен Тәжікстанда – шамамен 8 доллар (нормативтік актілерге сәйкес). 

Осылайша, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі – өңірдегі ең теңгерімді жүйе. Қаржы бюджеттен, медициналық сақтандыру қорынан және азаматтардың тікелей төлемдерінен түседі. Қаржыландырудың бірнеше көзі жеткілікті қаражат көлемін, демек жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, азаматтар өз денсаулығын сақтау мен емделуге жеке қаражатынан аз жұмсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу