Эльдар Жұмағазиев: Сүт өнімдерін ерікті түрде таңбалауды қолдаймыз

10425

ҰКП өкілдері мен депутаттар ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді талқыға салды. 

Эльдар Жұмағазиев: Сүт өнімдерін ерікті түрде таңбалауды қолдаймыз

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары – басқарма мүшесі Эльдар Жұмағазиев сүт өнімдерін таңбалау мәселесі Мәжіліс депутаттарымен бірлесе отырып талқыланғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

"Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті мүшелерімен кездесу өтті. Кездесу барысында фермерлер мен қайта өңдеушілердің тез арада шешілуі қажет ең өзекті мәселелерін ашып көрсеттік. Айта кеткім келетіні, қалдықтар үшін төлем төлетудің салдары аграрлық қызметкерлерге қаншалықты ауыр болып тиетінін депутаттар жақсы түсінеді. Сондай-ақ, кездесу барысында депутаттарға сүт өнімдерін таңбалауды енгізу жайлы алаңдаушылығымыз бар екенін де жеткіздік. Біз бұл мәселеде әркімге міндетті емес, ерікті таңбалауды қолдаймыз. Бұл позицияны депутаттар да қостады. Дегенмен Ресей Федерациясындағы экспорттық нарықты сақтап қалу үшін, тек экспортталатын сүт өнімдеріне ғана таңбалауды енгізген жөн", – дейді Эльдар Жұмағазиев.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, жинақтап-дайындаушы ұйымдарға мемлекеттік қолдауды сақтап қалу жөнінде ұсыныс әзірленген.

"Сонымен қатар, ішкі нарықты қайта толтыру және қанықтыру мақсатында қайта өңдеу кәсіпорындарына ауылшаруашылық шикізатын жеткізетін жеке қосалқы шаруашылықтардың кірістері мәселесі, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарға жер беру процедурасын оңтайландыру және тағы басқа өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқыладық", – деп атап айтты Эльдар Жұмағазиев.
Бұл бастамалар заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді.

"Жалпы, кездесу нәтижесінде Мәжіліс депутаттары көтерілген мәселелерді қолдады және заңнамалық бастамаларды одан ары қарастырып, талқылау туралы келісімге қол жеткізілді. Биылғы жылдың қазан айында Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген тақырыптық отырысында осы мәселелер күн тәртібіне негіз болады. Біз Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті депутаттарының қолдауына шынымен де үміт артамыз әрі олардың жемісті жұмысы үшін алғысымызды білдіреміз!", – деді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі.

Нұржан Көшкін


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу