Елде білім алуға қолы жетпей жүргендер бар болып шықты

83

Қазақстанда кейде келіспеушілік тудыратын қоғам көзқарастары бар. 

Елде білім алуға қолы жетпей жүргендер бар болып шықты  Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Соның бірі ретінде ауыр диагнозға шалдыққан балаларға, адамдарға шошына қарауды айтар едік. Бір ғана аутизмге ұшыраған жастардың хәлі осы сөзімізге дәлел бола алады.

Былтыр елодадағы тұрғын үй кешендірінің бірінде болған оқиғаны әлі жұрт ұмыта қоймады. Аутизм диагнозы қойылған жасөспірім лифт ішінде 5 жасар баланың бетін тіліп жіберген еді. Әлеуметтік желіде "бұндай кемістігі барларды қоғамнан шектеу керек" деген жазбаларды оқыдық. Оларға ерекше баласы бар ата-аналар қарсы көтерілді. Сол кезде бұл тақырып күрмеуі шешілмеген күйі қалмауға тиіс екенін байқадық.

Статистикалардың өзі ел қоғамы расымен ерекше балаларға қырын қарайтынын растайтындай көрінеді. Мысалы, Қазақстанда 17 мыңнан астам балаға аутизм диагнозы қойылса, былтыр соның бар болғаны бесеуі жоғары оқу орнына түсе алыпты. Тіпті, студент атанғандары жалпы науқастардың 0,1 пайызы да болмайды.

Осы тұста дамыған елдердің тәжірибесін бір қарайық. Ерекшелігі бар балаларды алпауыт компаниялардың өзі жұмысқа қабылдауға жауапкершілік алған. Бұл қатарда Google, Facebook, Twitter, Uber, Microsoft-ты атауға болады. Осындай жақсы үрдісті елдегі компаниялар қолға алып жатыр ма?

2025 жылы Қазақстанда 732 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтың бары, оның 381 мыңы еңбек етуге жарайтыны мәлім болған. Әзірге жұмысқа орналасқандары 30 пайызға да жетпейді – 107,5 мың.

– Мемлекеттік деңгейде жұмыс орындарын квоталау шарасы бар, жергілікті басқару ұйымдары жалпы жұмысшы санының 2-4%-ын мүгедектігі бар азаматтарға беру керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, осындай квотамен 4500 адам жұмысқа тұрған. Бірақ үкімет жасап жатқан шара менталды бұзылысы бар жасөспірімдер мен ересектерге толық бағыттала қоймаған. Мүмкіндігі шектеулі дегенде, оның ішінде әртүрлі диагнозы бар адамдар бар. Аутизм және басқа да бұзылысы бар адамдар қиын категорияға жатады, оларды жұмысқа тұрғызбақ түгілі, қоғамға бейімдеудің өзі үлкен күшті қажет етеді, – дейді Bolashak Charity қоғамдық қорының өкілі Самал Төлегенқызы.

Енді мемлекет бекіткен субсидияға сай, қанша адам мүгедіктігі бар адам жұмысқа орналасқанына зер салсақ. 2024 жылы 62 орын субсидиялаудан өтіп, 27 мың адам карьералық орталықтарға барып, соның 16 мыңына арнайы субсидиямен жұмыс орындары ашылған. Әлеуметтік қолдау басқармасы жұмысқа алынған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың алғашқы жылы жалпы жалақысының 70 пайызын, екінші жылы 65 пайызын, үшінші жылы 60 пайызын төлеп береді.

Аутизм диагнозы қойылған адамдардың қоғамға сіңісуінде расында да қиындықтар барын айттық. Bolashak Charity қоғамдық қоры 2024 жылдан бастап "Оқу-өндірістік комбинаты" жобасын бастаған екен. Жоба аясында аутизмі бар жоғары сынып оқушылары мен мектеп бітіріп, еш жерге бармаған жастар колледждер базасында 6 айлық оқудан өтеді.

Негізінен тігін ісі, кондитер, аспаздық, 3D модельдеу, сәндік қолданбалы өнер, киім үлгісін декорациялау саласына дайындайды. Аптасына 2 рет 2-3 сағаттан практикалық білім алады. Қазір сабақтарға оқушылардың үшінші легі қатысуда. Бұған дейін 100-ден аса оқушы машық-қабілетін қалыптастырыпты. Оның 1/4 бөлігі колледж студенті атанған. CrepeCafe, Kunde Cafe әлеуметтік кафесіне, Hilton қонақүйі, Lion тігін шеберханасына жұмысқа орналасқан. Бұл мәліметке қарап, аз да болсын көңіл шаттанады. Алайда елімізде аутизмі бар адамдардың 1 пайызы ғана қоғамға сіңісіп, сәтті еңбек етеді екен.

– Қоғамға әлі де терең түсінік, саналы пайым керек. Жұмыс берушілермен ұзақ уақытымыз келіссөз жүргізуге кетіп жатады. Балаға диагностика өткізіп, оның мықты әрі әлсіз тұсы, мінез-құлқындағы ерекшелігін талдаймыз. Жұмыс ортасына барып анализ жасаймыз. Аутизмі бар адам қандай функцияларды атқарып, еңбек ете алатынын анықтаймыз. Мұның бәрі – қаншама уақытты, күш-жігерді талап ететін қадам. Оқушымыз 1-2 ай жұмыс істеп үйренісе алмаған, сәтсіз жағдайлар да болды, – дейді қоғамдық қор өкілі Самал Төлегенқызы.

Әрине, қоғамды түбегейлі айыптаудан аулақ екеніміз аян. Жұрт ішінде де бұл іске ден қойып, адам сенгісіз сәтті істерді атқарып жатқандар бар. Соның бірі – Мәулен Ахметов, ол аутизмі бар адамдарға арналған Kunde Cafe әлеуметтік кафесі мен кофехана ашқан. Бұл жобаға Астанадағы Психикалық медициналық орталығы, Қазақстанның Психоаналитикалық ассоциациясы мен Әлеуметтік кәсіпкерлер ассоциациясы көмек берген екен.

Байқаған бір дүние, мүгедіктігі бар, аутизм және басқа да диагноздар қойылған адамдарға көбіне осындай қиындықтарды жақыны немесе танысы бастан кешкендер, бір орта арқылы хабардар болғандар жақсылық жасап, жобалар бастайды. Қалай алғанда да, қоғамның басым бөлігі бұл тақырыптар төңірегінде теріс пікірде болуы мүмкін. Сондықтан оларға әлеуметтік қолдау мен бірнеше жобалардан басқа көмек болмай отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу