Елде ерте жастағы балаларды бақылау қайтадан педиатрларға жүктеледі

280

Ал жалпы практика дәрігерлері медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде пациенттердің жалпы ағынымен жұмысын жалғастырады.

Елде ерте жастағы балаларды бақылау қайтадан педиатрларға жүктеледі Фото: canva

Балалардың денсаулығын сақтау қызметін одан әрі дамыту педиатрлар мен жалпы практика дәрігерлерінің жұмысын үйлестіретін, сонымен қатар педиатриялық учаскелерді сақтауды көздейтін балаларға медициналық көмек көрсетудің гибридті моделін кезең-кезеңімен енгізу негізінде жүзеге асырылатыны туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Реформалар реформаның өзі үшін емес, азаматтарымыздың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту үшін жүргізілуде. Сондықтан біз қолданыстағы тәсілдерді қайта қарап, үздік халықаралық практикаларды ескеруге және пациенттердің қажеттіліктері мен еліміздің нақты жағдайына сай шешімдер қабылдауға дайынбыз", – деп атап өтті ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, елдегі қолданыстағы педиатриялық учаскелер сақталады. Бүгінде олардың саны шамамен 1300-ді құрайды, ал медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) желісіндегі учаскелердің жалпы саны – 13 375. Сонымен қатар педиатрларды ынталандыру мақсатында қосымша үстемақылар мен мамандарды қолдау шараларын қамтитын жаңа ынталандыру жүйесі енгізіледі.

Пилоттық жобаның шеңберінде  Денсаулық сақтау министрлігі балаларға медициналық көмек көрсетудің аралас жүйесі табысты қолданылып жүрген елдердің халықаралық тәжірибесіне негізделген гибридті модельді сынақтан өткізеді.

Жаңа модельге сәйкес, педиатрлар ерте жастағы балаларды бақылауға және күрделі клиникалық жағдайларды қадағалап-қарауға негізгі жауапкершілік алады. 

"Біз командалық жұмыс қағидатын сақтай отырып, педиатрлардың рөлін олардың құзыреті аса қажет болатын бағыттарда – ерте жастағы балалармен жұмыс пен күрделі ауруларды емдеуде күшейтеміз. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары шпңберінде де, медициналық ұйымдардың өзінде де жалпы практика дәрігерлерінің даярлық деңгейін арттыратын боламыз", – деді министр.

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жалпы практика дәрігерлерін даярлау тәжірибеге бағдарланған сипатқа ие болады. Білім беру үдерісіндегі негізгі назар стационарлардың клиникалық базаларынан медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына ауыстырылады. Өйткені болашақ мамандар халықпен жұмыс істеудің негізгі дағдыларын дәл осы деңгейде меңгереді.

Қазіргі таңда елімізде шамамен 7 миллион бала тұрады, бұл халықтың жалпы санының 34 пайызын құрайды. Соңғы он жылдың ішінде балалардың саны 1,5 миллион адамға артқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу