Елде ivi, kinokrad, басқа онлайн-киноға тыйым салынуы мүмкін

2683

Мұны министрліктен отандық кабельді оператор талап етуде.  

  Елде ivi, kinokrad, басқа онлайн-киноға тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда қарапайым бұқараға арналған тегін ештеңе қалмай барады. Кеңес кезінде халық үй шатырына антенна қадай салып, теледидарды еркін көре беретін. Алайда 2010 жылы "Otau TV" құрылып, 2012 жылдан бастап, мемлекет цифрлық телевидениеге көшті. 2022 жылы елімізде аналогты телевидение толық жойылады. Адамдар енді не спутниктік тарелка сатып алып, немесе кабельді операторларға абонент болып қана "көк жәшікті" тамашалай алады.

Қазір үйінде жоғары жылдамдықты интернет бар азаматтар кабельді арналарды тегін көре алады. Енді оған да шектеу қойылуы мүмкін.

Халық неден ұтылады?

"Теледидарым Smart TV технологиясын қолдайды. Соның арқасында "Alma TV" және "Қазақтелеком" кабельді телевидение қызметтерінен толық бас тартып, EdemTV сервисінің ай-пи телевидениесіне көшіп алдым. "Қазақтелеком" кабельді арналарға қосқаны үшін ай сайын 5 мыңнан 8 мыңға дейін алады. Ал мында айына небары 1 доллар төлеймін. 150 канал қолжетімді. Оның үстіне телеарналардағы бағдарламалардың архивін де қалаған кезде ақтарып қарауға болады. Сонымен бірге отандық кабельді арналар әр бөлмеге кабель шығарғаны үшін ай сайын ақы алады. Интернет телевидениеде ондай шектеу мен ақы жоқ, компьютер мен смартфоннан да көре беруге болады", – дейді елорда тұрғыны Вадим Павлов.

Үкімет мұны проблема санайды

"Бүгінгі күні Қазақстанның телерадио хабарларын тарату нарығында интернет-телевидение (IPTV, OTT) қызметімен байланысты проблема қалыптасты. Олар отандық спутниктік және кабелді телерадио хабарларын тарату операторларына зиянды бәсекелеске айналды. Сондай-ақ авторлық құқық иелеріне де залал келтіреді. Бұған қоса интернет-телевидение операторлары Қазақстан аумағында тіркеуге алу рәсімінен өтпеген шетелдік телеарналарды таратады", – деп мәлімдеді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Ведомство жүргізген мониторинг қорытындысында Қазақстан аумағында интернет-телевидение қызметтерін ұсынатын 10 отандық компания жұмыс істейтіні анықталды, бұлар – GalamTV, BeeTV, TV.com, IDTV, Megogo, AlmaTV Bох, Tele2TV, MobiTV, AltelTV, KartinaTV. Қазақстандықтарға өте арзан өнім ұсынатын "заңсыз" ойыншыларды нарықтан қуып жіберуге де солар мүдделі. Бұлардың зығырданын қайнатып отырған қарсыласы нақты кім? Министрлік оны да атады.

"Жалпы алғанда, интернет-кеңістікте фильмдерді, сериалдарды және телеарналарды ("видео по запросу" қызметі) онлайн-қарауды ұсынатын барлығы 100-ден астам қазақстандық және шетелдік сайт бар. Мысалы, nurtv.ru, ivi.ru, film.ru, kino-teatr.ua, kinokrad.co, gidonline.io және басқасы. Бұл телерадио хабарларын тарату операторларының дамуына теріс ықпал етеді. Өйткені оларға салауатты емес бәсекелестік құрады", – делінген министрліктің талдау нысаны құжатында.

Қарапайым тілмен айтқанда, заңға өзгеріс енгізілсе, азаматтарға алда тек он оператордың қызметін ғана пайдалануға тура келмек. Әрине, интернет-телевидение де қызмет көрсете алады, бірақ тіркеуден өтіп, лицензия алуы шарт. Қазақстанның ішкі нарығы тым кішкентай болғандықтан халықаралық IPTV, OTT сервистері лицензия алу үшін жергілікті бюрократиямен тартысуға бас қатырмасы сөзсіз. Ендеше қазақстандықтар олардың қызметінен айырылады және құны удай он оператордың "құлдығына" түспек.

Министрлік не дейді?

Салаға жауапты меморган осы қадам арқылы бес мақсатына жетпек. Біріншіден, телекоммуникация желілерін, яғни интернетті пайдалана отырып, телевидение және радио қызметін көрсетушілерді "телерадио хабарларын таратудың жеке түрі" ретінде бөліп, бекітпек.

Екіншіден, ғаламторда телеарналар мен радиотолқындарды таратуды тек лицензия арқылы жүзеге асыру ұсынылып отыр. Лицензиясы жоқтар бұғатталады.  

Үшіншіден, отандық спутниктік және кабельді операторлар және интернет-телевидение операторлары арасында тең бәсекелестікті қалыптастыруға ниетті.

Төртіншіден, Қазақстан аумағында есепке алу рәсімінен өтпеген шетелдік барлық теле және радиоарналардың таратылуы тоқтатылады.

Бесіншіден, IPTV-сервистер арқылы теле және радиоарналарды тарату кезінде авторлық құқықтың бұзылуы мәселесі шешілуге тиіс.

Ақпарат министрлігі жағдай өзгермей, осылай қала берсе, бұл неге соқтыратынын да зерделепті.

"Реттеу өзгермеген жағдайда бірқатар проблема шешілмей қалады. Біріншіден, тиісті лицензиясыз интернетте теле және радиоарналарды таратқаны үшін жауапкершілік болмайды. Екіншіден, отандық спутниктік және кабельді операторлар одан әрі құлдырайды. Үшіншіден, Қазақстанда тіркеуден өтпеген шетелдік телеарналар ары қарай көрсетіле береді. Төртіншіден, интернетте авторлық құқықтың бұзылуы жалғасады. Бесіншіден, шетелдік телеарналар арқылы шетелдік жарнама таратылады. Алтыншыдан, балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау заңнамасы бұзылады", – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Ведомство ұсынып отырған жаңашылдық қабылданса, интернет арқылы теле-радио хабарларын тарату үшін 6 АЕК лицензиялық алым енгізу жоспарланып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу