Елімізде көліктің мына түріне тыйым салу ұсынылды

436

Идея авторы бұл ретте Қазақстан Францияның үлгісін қайталауы керек деп санайды.   

Елімізде көліктің мына түріне тыйым салу ұсынылды Фото: inbusiness.kz
>Қалаларымыздың көшелерінде, жүргіншілерге арналған тротуарлар мен соқпақтарда ешкімге тиіспей, бейғам ғана келе жатқан адамдарды кез келген мезетте көліктің қағып кету қаупі төнуі мүмкін. 
 
Электросамокатшылар жоғары жылдамдықпен құйғытқан күйі жаяулардың қасынан зу ете қалады. Кейде зәресі ұшқан адамдар шошып кетіп, шоршып түсіп, жол жиегіне құлап жатады. Ата-анасының жанында асыр сала ойнақтаған балаларды осы көлікті "тізгіндегендердің" қағып кетуінің көптеген дерегі тіркелуде. 
 
Мысалы, ресми мәлімет бойынша бір ғана Алматыда 2025 жыл басталғалы электросамокаттың 977 жүргізушісіне айыппұл салынған. Бұл – зардап шегушілердің, куәгерлердің және тәртіп сақшыларының айыптыны оқиға орнында ұстай алғаны ғана. 
 
Қалғандары тіпті артына да бұрылмай, тайып тұрады, электросамокаттардың бәрі бір-бірінен аумайды, айыру қиын, әрі мемлекеттік нөмірлік белгісі жоқ.
 
2023 жылы көлікке қатысты заңнаманы жаңартқан Парламент бұларға барынша аяушылық жасады, тротуармен айдауына ресми рұқсат етті. Тек жылдамдығын сағатына 6 шақырымнан асырмау талабы енгізілді. 
 
Алайда "Yandex Go" кикшерингпен айналысатын компаниялар жалға беретін электросамокаттарының жылдамдығын сол бойы шектемеді (Мәскеуде шектеген). 
 
Компаниялар жаңа қағидалар бойынша енді тротуарларда немесе жүргіншілер жолында жылдамдықты 6 шақырымнан асыруға болмайтыны туралы өз клиенттерін ескертпейді де.
 
"Ұқыпты жүріңіз! Шлем кигеніңіз абзал. Егер самокатпен жүруді енді үйреніп жатсаңыз, басқа қорғаныс артық етпейді. Сау күйде серуендеңіз. Бұл кез келген көлік түріне арналған ереже! Автожолдан тек жаяу өтіңіз. Жиектастар-бордюрлар мен сатылардан да жаяу өту керек. Жаяу жүргіншілерге жол беріңіз, сіз де олардың бірісіз. Ересек адамша серуендеңіз. Сіз самокатты жасыңыз 18-ге толған болса ғана ала аласыз", – делінген ережеде. Жылдамдық шектеуі туралы бір сөз жоқ. 
Салдарынан самокатшылардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны қарқынды түрде өсіп барады. Қазақстандықтар мысалы, бұл көлік түрін басқаратын жастар: 
 
құлағына құлаққап тағып, қатты музыка тыңдап, айналасын бақыламайтынына, 
жүргіншілер жолында ырғақтап, әдейі шайқала жүретініне, 
жаяу адамдардың, балалардың аяғын басып, өзін қағып өте шығатынына,
баспалдақтарда, жерасты өтпелеріне жаяулап түспей, жоғары жылдамдықпен құлдилайтынына, өзі мен айналасындағылардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретініне, 
тіпті бір электросамокатқа екеуден, үшеуден мінгесіп алатынына,
жол жүрісі ережелерін сақтамайтынына, мысалы, Қазақстан аумағында бекітілген көлік құралдарының оң жақпен жүруі талабын жаппай бұзатынына шағымданады. 
 
Сондықтан саясаткер Ербол Еділов депутаттардың жүрегі дауаламаған радикалды шешімді ұсынды. Франция астанасындағыдай электросамокаттардың қала ішінде қозғалуына тыйым салып тастау керек. Осы мақсатта Парижде референдум өткені белгілі. 
 
Сарапшы бірнеше ұсыныс жариялады. Біріншіден, арнайы, бірақ қарапайым ресурс құру керек. Оған қазақстандықтар электросамокатшылардың бассыздығы, бұзушылықтары бейнеленген фото мен видеоларды жолдай алатын болуы қажет. 
 
Оларда көліктің осы түрінің жүргінші жолымен үлкен жылдамдықпен зымырап өтуі, самокатты лайықталмаған жерлерге тастап кетуі (салдарынан, қаптаған электросамокат тротуарды, пандусты бұғаттайды, әсіресе, кешкі уақытта оларға сүрінген адамдар жарақат алып жатады), жүргізушінің ескертпе жасаған жүргіншіге тап беруі, төбелесуі, балағаттауы және басқа сорақылықтар әшкереленеді.  
 
"Түсінемін, бастапқыда электросамокат айдаушының тұлғасын айқындау қиын болады. Онда самокаттардың иесін, оны жалға беретін компанияны анықтап, айыппұл салу керек. Өйткені дәл солай, рөлде кімнің отырғанына қарамастан машинаның қожайынына айыппұл жазылады ғой. Қажетті тетіктердің бір бөлігі қолданыстағы заңнамада бар, қалған нормаларды пысықтау арқылы енгізуге болады. Мұны жеделдетіп жасау қажет. Себебі, статистика бойынша электросамокаттар кесірінен бір ғана Алматыда тәулігіне 3-4 адам мертігеді, жарақат алады", – деді Еділов. 
Ол бұған дейін көліктің осы түріне тыйым салуды сұраған петиция болғанын, билік оны қолдамағанын еске салды. Сондықтан жаңа петиция болса, әкімдерге ондай талапты құптауға шақырды.
 
Екіншіден, саясаттанушы электросамокаттарға тыйым салмас бұрын, оның прокатына уақытша тоқтау салуды ұсынды. Тыйым прокатшылар барлық бұзушылықтарды толық жойғанға дейін созылуы қажет. 
 
Үшіншіден, кикшеринг компанияларының әкімдіктермен келісімшарттарында нақты әрі қатаң шарттар қарастырылғаны маңызды. Әлемдегі көптеген қалалардың мэриялары солай жасайды.  Мысалы, көршінің Петерборында бір ғана түнде тұраққа қою тәртібін бұзған 2 мыңнан астам самокат тәркіленген. 
 
"Мұндай компаниялар табыс қуа бермей, пайдаланушылар, қоғам мен қала алдындағы жауапкершілігін жете сезінуге тиіс. Қолда бар техникалық мүмкіндіктер аясында мұны қысқа уақыт ішінде жүзеге асыруға болады. Кикшеринг компаниялары навигация бойынша өз иелігіндегі агрегаттың қай жерде тұрғанын ғана емес, сондай-ақ оның қозғалыс жылдамдығын да бақылай алады. Егер қандай да бір абонент жылдамдықты бұзса, келесі жолы ол пайдаланушыны ескертусіз бұғаттап тастауы қажет", – деді Ербол Еділов.
Айтпақшы, оның айтуынша, электросамокатты жалға берушілердің бәрі ережелерінде "шлем кию керектігін" ескертеді, алайда бірде бірі пайдаланушының оны шынымен киген-кимегенін қадағаламайды. 
 
"Самокатты жасы 18-ге толған болса ғана" арендаға алу талабы да аяқасты болуда. Саясаттанушының айтуынша, электросамокатта оқушылар да жын ұрғандай құйындатып жүретінін байқауға болады. 
 
"Кейде балалардың бірнешеуі бір самокатқа мінгесіп алады. Кикшеринг компаниялары кәмелетке толмағандарға қызмет көрсетпесе, қомақты қаржы жоғалтатынын біледі. Бірақ баланың өмірі оларға қымбат болмағаны ма?", – деді саясаттанушы Ербол Еділов.
Ол бір жарым жыл бұрын Еуропадағы алғашқы ел электросамокаттарға мүлдем тыйым салып тастап, Парижді осы мазасыз көліктен тазартқанын еске салды. Мұны қолдап, қала тұрғындарының шамамен 90%-ы дауыс берген. 
 
Қазақстанда жаяу жүргіншілерге көліктің осы түрінің ызасы өтті, демек, мемлекеттің оған тыйым салу шешімін қоғам қолдайды. 
 
Жалпы, 2024 жылы Қазақстан бойынша электросамокаттардың 43 895 жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 
 
Сол себепті, Ішкі істер министрлігі Швейцария үлгісінде елімізде де самокаттар мен велосипедтерді мемлекеттік немесе сақтандыру нөмірі белгісін алуға міндеттеуге ниетті. Осы мақсатта заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін пысықтауда. Бірақ бұл талаптардың қай жылы өмірге жолдама алатыны белгісіз. 
 
Таяуда журналисттер Мәжілістің отырысынан шыққан ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділовті қоршап алып, оған халықтың самокатшыларға қатысты қордаланған арыз-шағымын жеткізді.
 
ІІМ өкілі оларда нөмірлік белгілердің болмауы кесірінен жауапкершілікке тарту күрделі екенін жасырмады.   
 
"Әділет министрлігі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының алаңында біз бірқатар қосымша түзетулер әзірлеп жатырмыз. Соның ішінде шетелде қолданылатын тәжірибені енгізу ұсынысы бар. Швейцарияның үлгісін зерделедік: оларда самокаттардың әрқайсысының өз мемнөмірі бар. Бұл ұсыныс біз үшін өзекті. Бүгінде бұл бағытта белсенді жұмыс істеу сатысындамыз", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары. 
Айта кету керек, қоғамның электросамокаттарға тыйым салу бастамасын кейбір депутат та қолдайды. 
"Бұл самокаттардың айналасында шынында масқара жайттар болып жатыр. Күн сайын тротуарда адамдарды басып, соғып кетуде. Оған мініп алған жастар көздері ақиып, еліріп айдайды. Оның бәріне біз де куәміз. Менің өзім көрдім: электросамокатшы құйғытып келіп, сәби жатқан бала арбасын соғып кетті. Ұшырып түсіре жаздады. Не бұларды қатаң реттеу керек, немесе Париждегі сияқты мүлдем тыйым салып тастау қажет",  – деді Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов.
Алайда мәжілісмен Екатерина Смышляеваның айтуынша, электросамокаттарға қатысты жаңа заң Парламенттің қазіргі сессиясында қабылданбайды, өйткені тиісті заң жобасы әлі күнге енгізілмеген. Жаңа сессияда енгізілгеннің өзінде күшіне енуі келесі жылдарға қалады.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу