Елде шетелдіктерге телміріп қалған тағы бір саланың аты аталды

107

Бұл істің осылайша өріс алуына кейінгі жылдардағы қолдау мен салаға көңіл бөлінудің әсері болғаны анық.

Елде шетелдіктерге телміріп қалған тағы бір саланың аты аталды Фото: rg.ru

Қазір әлеуметтік желілерден үй жанынан шағын аквашаруашылық ашып, балық өсіріп, оны мейрамхана мен сауда желілеріне жеткізіп, табыс тауып жүргендерді жиі кезіктіретін болдық. 

Негізі 2020 жылға дейін елдің балық шаруашылығында біраз мәселе болғаны есте. Мұның ішінде құқықтық базаның жеткіліксіздігі, көлеңкелі айналым, инвестициялық қызығушылық болмауы, мемлекеттік қолдаудың аздығы, жеңілдетілген несиенің жоқтығы, балық өсіретін кешендердің тозғандығы бар. Артынша 2021 жылы Үкімет 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдады. Енді содан бері не өзгергенін сараптап көрсек.

Алдымен құжат мәтініне қарайық, 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін әр жыл сайын 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту туралы айтылған. Сондай-ақ ішкі нарықтағы балық өнімдерін тұтынуды жылына 67 мыңнан 134 мың тоннаға дейін арттыру қарастырылды. Ал табиғи балық популяциясын 7%-ға көбейтіп, 237 мың тоннаға жеткізу жоспарланған еді.

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, қазір республикада 700-ден астам балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істеп тұр. Олардың басым бөлігі Түркістан, Жамбыл, Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.

"2025 жылдың қорытындысымен балық өнімдерінің көлемі 131,9 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға артық. Өткен жылдың басынан бері еліміздің табиғи су айдындарынан 72,7 мың тонна балық ауланып, 26 мың тонна балық өсірілді. Сонымен қатар, 22 мың тонна балық экспортталды. Қазір жылдық қуаттылығы 126 мың тонна болатын 73 кәсіпорын балық өңдеумен айналысады, оның ішінде 20 кәсіпорын Еуропа елдеріне балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алған. Балық өнімдерінің 50-ден астам түрі әлемнің 21 еліне, соның ішінде Германия, Латвия, Литва, Нидерланд, Ресей және Қытай мемлекетіне экс­портталады. Балық өсіру көлемі бойынша ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында тіркелген", – деп жазылған комитет мәлімдемесінде.

Былтыр маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Аквашаруашылық туралы" заңға қол қойды. Заңды іске асыруда 60-тан аса құқықтық акті қабылданыпты. Соның аясында 2021 жылдан бері субсидияға бөлінген қаражат 0,5 млрд теңгеден 2026 жылы 5,6 млрд теңгеге жетті, яғни, 11 есе артыпты. Сондай-ақ жеңілдетілген бюджеттік несиелеу арқылы балық өсіру және өңдеу жобаларын қаржыландыруға 2,5% мөлшерлемемен несие беру қарастырылған. 2025 жылы 10 балық шаруашылығы субъектісі 5,7 млрд теңге сомасында несие алыпты.

Жалпы, 2021-2024 жылдары құны 21,4 млрд теңгені құрайтын, жылдық қуаты 20 мың тоннадан асатын балық өсіру және өңдеу бойынша 87 жоба іске асырылған. Осыдан соң импортқа тәуелділік шамамен 15%-ға төмендеп, 1200 жұмыс орны ашылыпты.

Биыл әкімдіктермен бірлесіп, жалпы құны 54 млрд теңгені құрайтын және 2030 жылға дейін іске асырылатын 40 жоба айқындалған. Мұның барлығы келешекте балық өсіру көлемін жылына – 14,4, өңдеуді – 10, балық азығы өндірісін – 6,8 мың тонна көлемінде ұлғайтуға жоспарланған. Айтпақшы, комитет Алматы, Маңғыстау және Ақмола облысында балыққа арналған жем өндірісінің заманауи зауыты құрылысын ұйымдастыру мәселесін қарап жатқан көрінеді.

Дегенмен, салада жетістікпен қатар, толып жатқан кемшілік те жоқ емес. Кей сарапшылар балық шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге кейбір жергілікті әкімдік тарапынан қолдау жетіспей тұрғанын айтады. Құжаттардың әурешілігі, сондай-ақ тиісті түсіндірме беретін кеңсе маманы жоқ. Мысалы, ихтиолог, балық өсіруші Мейрамбек Пазылбеков

– Қазір 2026 жылдың басындамыз, 2030 жылға дейінгі бағдарлама уақытының жартысы өтті. Енді құжатта көрсетілген индикаторлар орындалып келе ме? Меніңше, орындай алмадық. Маман ретінде айтсам, Үкімет бекіткен жоспар не бағдарлама болсын, алдымен заңнамалық нормаларға бір мұқият қарап алған жөн. Біздің салада маман жоқ немесе тым аз. Ал маман жоқ жерде даму жоқ. Бұған дейін балық шаруашылығы мамандарын көптеп дайындау туралы Үкіметтің ниеті болған. 2021-2022 жылдары 450 оқу грантына дейін бөлгенімен, мамандыққа аса құштар жастар болмады. Жұмыстың ауырлығы өз алдына, мамандық елімізде аса танымал емес, – дейді ихтиолог, балық өсіруші кәсіпкуер Мейрамбек Пазылбеков.

Маманның сөзінше, бағдарлама нәтижесі алғашқы жылдары жаман болмаған. Тіпті, Алматы облысында 10 мың тонна балық өсіретін екі ірі шаруашылық құрылған. Бірақ олардың көбі балық өсірушілерді шетелден алдырған.

– Біз миллиардтаған қаржы құйып, балық кәсібін жандандырмас бұрын, отандық балық өсірушілердің жағдайы мен білімін дұрыстауымыз керек. Мен жиі айтамын, шетелден келген маман бізде тұрақтамайды. Ол кеткен соң шаруашылықтың ішкі мәселелерімен өзің қаласың. Көптеген шаруашылықтардың тоқырауға ұшырауы маман жоқтығынан болып жатыр, – дейді М.Пазылбеков.

Сарапшының сөзінше, қазір Қазақстандағы балық өнімдерінің 70 пайызы импортқа тәуелді. Қалғаны өзіміздегі табиғи су айдындары мен аквашаруашылықтарда өсірілген балық. Кәсіпорындар азық ретінде алатын жемнің өзі Иран, Қытай, Еуропа, Түркиядан келіп отыр.

Демек, бұл шаруашылықты дамытуға бөлінген қаржы мен уақыт, әрісі еңбек құжаттардағы сандардың өсіміне ғана жұмсалған секілді. Әйтпесе кәсіпорындарға қажетті білікті маманнан бастап, технология мен керек-жарақтың түгелі дерлік шетелдерден келуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу