Елде жүргізушілер жетіспей жатыр

4644

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, бүгінде отандық автобус парктеріне шамамен 3 500 жүргізуші керек.

Елде жүргізушілер жетіспей жатыр

Қазақстанда автобус жүргізушілері тапшы. Бұл туралы "Қазақстан автомобиль конвенті" қауымдастығының президенті Марат Беркалиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

 

Оның айтуынша, қалаларда жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктер тозған. Жеке меншік автобус парктері оларды өз күшімен ауыстыра алмайды. Себебі жаңа автобус қымбат, ал банктегі кредиттің пайыздық мөлшерлемесі жоғары, әрі субсидияны алу да қиын.

"...әділетсіз жүргізіледі"

"Жергілікті атқарушы органдар қандай автобусты сатып алу керегін өздері шешеді. Автопарктерде дербестік жоқ. Олар бастапқы жарнаның жоқтығынан автобусты өздері сатып ала алмайды

Жергілікті билік мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын көрсету үшін автобустарды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы сатып алуға итермелейді. Кейін оларды бөліп алады. Бұл процесс әділетсіз жүргізіледі. Мысалы, кейбір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан қосымша кепілдікті талап етеді, басқа кәсіпорындардан оны талап етпейді. Бұл әділетсіздік болып саналады. Менің ойымша, тасымалдаушы автобустың маркасы мен моделін өзі таңдауы керек", – деді Марат Беркалиев.

"Қарапайым халық зардап шегеді"

Сондай-ақ ол елде автобус жүргізушілері жетіспей жатқанын ашық айтты.

"Бүгінде кейбір автопарктерде автобустар болғанымен, оны басқаратын жүргізушілер жоқ. Жүргізуші мамандығының беделі түскен, лайықты жалақы төленбейді. Көптеген қалада автобустардың желіге шығуы 40%-ға төмендеген. Бұдан кім зардап шегеді? Әрине, қарапайым халық", – деді қауымдастық президенті.

Марат Беркалиев бүгінде жүргізушілердің орташа жасы 50-55 екенін жеткізді. Ол мамандардың қартайып бара жатқанын, олардың орнына ешкім келмей жатқанын атап өтті.

"Бүгінде қаладағы әрбір автобусқа 2,5 жүргізуші керек. Бұл сапалы қызмет көрсету, жұмыс балансын сақтау және мамандарға артық салмақ түспес үшін маңызды. Қазіргі коэфицент әр қалада әртүрлі шамамен 0,80-1,5 аралығында. Бұл Қазақстанда жүргізушілер тапшы екенін, олар жетпей жатқанын көрсетеді", – деді басшы.

Осыған байланысты ол салаға неге жас мамандар келмей жатқанын түсіндірді.

"2015 жылы жүргізуші куәлігін алу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес автобус жүргізушілеріне 21 жаста куәлік берілмейді. Автобус жүргізушілер үшін D1, D санаты енгізілді. Қоғамдық көлікті жүргізгісі келетіндер 25 жаста ғана жүргізуші куәлігін ала алады. Алайда оны алған күннің өзінде жас жүргізушілер осы салаға келмейді. Олар басқа секторда еңбек еткісі келеді. Себебі біздің сала оларға қызық емес, әрі жалақы төмен", – деді Марат Беркалиев.

Оның пікірінше, мәселені шешу үшін субсидия беруді реттеп, жүргізушілердің жалақысын көтеру керек.

"Мысалы, олар таңғы 6-дан түнгі 11-ге дейін еңбек етеді. Жұмысы өте ауыр. Оны алмастыратын жүргізуші де жетіспейді. Сондықтан оларға салмақ көп түседі. Нұр-Сұлтанда автобус жүргізушілерінің жалақысы 500 мың теңгеге жетуі мүмкін. Алматыда жағдай тұрақты. Ондағы жалақы 350 мың теңгеге жететін шығар. Алайда Атыраудағы автобус парктері 350 мың теңгеге жүргізуші таба алмай отыр. Бұл өңірде де мамандар жетіспейді. Қалған қалаларда автобус жүргізушілерінің жалақысы – 200-250 мың теңге. Бұл жалақы аз, оған ешкім жұмыс істеуге келмейді. Мысалы, Ақтөбедегі жергілікті атқарушы органдары өкілдерімен сөйлескенде олар жалақысы 250 мың теңге болатын жұмысқа жүргізуші таба алмай отырғанын айтты", – деді қауымдастық президенті.

"Атамекен" ҰКП Тасымалдау және логистика департаментінің директоры Мұрат Амрин Қазақстанда шамамен 3 500 автобус жүргізуші жетіспейтінін айтты.

"Биыл қыркүйекте аталған мәселеге қатысты талдау жүргіздік. Оның қорытындысы бойынша елде шамамен 3 500 автобус жүргізуші жетіспейтінін анықтадық. Мысалы, елордада жүргізушілер таңғы 4-те автобус паркінде болуы керек. Олар күні бойы жұмыс істеп, түнгі 11-де автобус паркіне келеді. Жұмыстары өте ауыр, ал оларды алмастыратын маман тапшы. Біз бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтердік", – деді директор.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу