banner

Елдегі май тапшылығының құпиясы анықталды

3760

Күнбағыс майы бойынша ішкі нарық Ресейге тәуелді.

 Елдегі май тапшылығының құпиясы анықталды

Қазақ елінде ең қажет, кейде тіпті қат тауарлардың бірі – күнбағыс майы. Тіпті тойхана, мейрамхана секілді қоғамдық тамақтандыру орындары жаппай жабылған пандемия кезінде де күнбағыс майының тапшылығы өрши түспесе, азаймады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Содан ел Үкіметі амалсыз, бұл өнімнің шетелдік экспортын шектеді. Биыл, 2021 жылғы 1 қазанға дейін шетелге 32 мың тоннадан артық күнбағыс майын шығаруға тыйым салынбақ.

Бизнес не дейді?

Бұған кәсіпкерлер қарсы. "Шымкентмай" АҚ президенті Данияр Әдірбеков бизнесмендер қолына "Қазақстан аумағынан жекелеген тауарларды шығарудың кейбір мәселелері туралы" Ауыл шаруашылығы министрінің жаңа бұйрығының жобасы түскенін айтады.

"Біз бұл жобаға үзілді-кесілді қарсымыз! Күнбағыс майының экспортына көлемі жөнінен шектеу енгізуді мүлдем жақтамаймыз. Бұл бұйрық – 2020 жылғы моральдық ескірген, өзін-өзі ақтамаған, ішкі нарықта күтілгендей оң нәтиже әкелмеген сценарийдің жалғасы. Майдың бұл түрін әлемдік нарыққа шығаруға квота енгізу Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің ауқымды бір саласының күйреуіне, шетелдік экспорттық нарықтарды жоғалтуға соқтыруы мүмкін. Бұдан ішкі нарық та зардап шегеді", – дейді зауыт басшысы. 

Кәсіпкердің байламынша, биліктің отандық дайын өнім экспортын шектей бергені жөн емес.

"Күнбағыс майы бағасының қымбаттауы май тапшылығымен байланысты емес. Бағаның көтерілуіне күнбағыс тұқымы құнының жылдам қарқынмен өсуі ықпал етті. Жаңа маусымның басында, 2020 жылғы күзде біз Шымкентке дейін жеткізу ақысын қоса алғанда, күнбағыс тұқымының әр келісін 200 теңгеден арзанға сатып алдық. Бірақ соның өзі алдыңғы маусымдағыдан қымбат болатын. Қазіргі кезде пістенің 1 келісінің бағасы 355 теңгеге дейін шарықтады. Бұл жерде аталған шикізаттың құны күнбағыс майының өзіндік құнының кем дегенде 90%-ын құрайтынын ескеру қажет. Ендеше өнім бағасының өсуі шикізат құнының көтерілуінің салдары екенін ұғыну қиын емес", – деді Данияр Әдірбеков.

Оның айтуынша, өсімдік майын шетелдік нарыққа әлдеқайда қымбат бағамен экспорттау май өндіруші компанияларға оны ішкі нарыққа әлдеқайда арзандау бағамен шығаруға мүмкіндік беретін көрінеді. Экспорттың ылан-ойран табысы ішкі нарық бере алмаған, "уыстан шыққан түсімнің" (упущенная выгода) орнын толтырады деседі. 

Дегенмен, Үкіметті де түсінуге болады. Егер шектемесе, пайда қуған компаниялар барлық өнімді шетелдік нарыққа шығарып әкетуі мүмкін.

Ал тауар өндірушілер экспорт шектеле берсе, ішкі нарықтағы баға ары қарай қымбаттайды деп қорқытады: өнеркәсіптік кәсіпорындар азайған түсімін еліміздегі бағаны көтеру арқылы толтыруға ұмтылатын болады. 

Үкімет мүшелеріне қайырылған май өндірушілер бағасы 2,5 есеге күрт өскен күнбағыс тұқымын үлкен көлемде сатып алғандарын, демек, таяуда нарыққа бәрібір қымбаттаған күнбағыс майы шыға бастайтынын ескертті. Яғни, мемлекетке осы өнімнің бағасын жаппай құрықтауға тура келетінге ұқсайды.

Осы орайда өнім өндірушілер дайын өнімнің емес, шикізаттың экспортын шектеуді ұсынады.

"Мысалы, егер шикізатпен тұрақты қамтамасыз етілсе, "Шымкентмай" өндірістік қорлары жылына 45 мың тонна өсімдік майын шығара алады. Алайда шикізат жеткілікті көлемде болмағандықтан, олар кейде қаңтарылып тұрады, өндірістік қорлар тиімді пайдаланылмайды. Себебі, елде майлы дақылдар егістігі шағын, шығымы аз және егіннің сапасы нашарлау болғандықтан, шикізат жетіспейді. Бұл тапшылықтың артуы жыл сайын май бағасының өсуіне әкеледі. Бұл проблеманы шешу үшін Ресей жасағанды біз де жасауымыз керек. Яғни, күнбағыс тұқымы мен майына экспорттық бажды көтеру қажет. Осы шара азаматтарды баға секірістерінен қорғайды. Бұл қадам Ресейде күнбағыс майының бөлшек бағасын тұрақтандырды", – дейді бизнесмен Д.Әдірбеков.

Сала кәсіпкерлері жетіспеген бір шикізаттың орнын нарықта бар басқасымен толтыруға тырысады екен. Нәтижесінде, өсімдік майын өндіруге мақта тұқымы, мақсары-сафлор тұқымы, соя қолданылып жатқан көрінеді. Сондықтан бизнесмендер күнбағыс тұқымына қоса, осы шикізат түрлерінің экспорттық бажын көтеріп, шетелге әкетілуін квотамен шектеуді сұрады.

Билік не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров отандық май өндіру саласы ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығару бойынша зор әлеуетке ие деген пікірде. Министрдің мәліметінше, кейінгі 5 жылда май дақылдары егілген егіс алаңдары барған сайын ұлғаюда. Мысалға, 2016 жылы олар 2 миллион гектарды алып жатса, 2020 жылы 2,9 миллион гектардан өнім жиналған. Нәтижесінде, былтыр қамбаға 2,6 миллион тонна майлы дақылдар тұқымы құйылды.

"Сонымен бірге соңғы жылдары майлы дақыл шикізаттарының экспорт көлемі тұрақты түрде артуда. Салдарынан, тазартылған және тазартылмаған өсімдік майын өндіруші отандық кәсіпорындар 2020 жылы орта есеппен небары 35%-ға жүктелді. Бүгінде Қазақстанда майлы дақыл тұқымдарын өңдейтін 59 зауыт-кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 1,9 миллион тонадан астам шикізатты өңдеуге жетеді. Бірақ 2020 жыл қортындысында 464,1 мың тонна ғана өсімдік майы жасалды. Бұл 2019 жылғы 484,8 мың тонна көрсеткіштен 2,4%-ға аз", – деді АШМ басшысы.

Бұл ретте күнбағыс майының экспорты жыл өткен сайын артуда және 2020 жылы 94 мың тоннаға жетті. Оны шетелге сатудан өндірушілер 71,8 миллион доллар пайда тапқан. Яғни, май экспорты 2019 жылмен салыстырғанда 49,4%-ға өсті. Себебі 2 жыл бұрын, 2019 жылы 44 миллион долларға 63 мың тонна күнбағыс майы сыртқа өткізілген болатын. Бірақ соның өзі 2018 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Байқап отырғаныңыздай, жыл сайын экспорты орасан көлемде өсуде.

2021 жылдың қаңтар-ақпан айында шамамен 19,8 мың тонна күнбағыс майы 19,2 миллион долларға сатылды. Осылайша, биыл осы май экспорты 2020 жылғы ұқсас кезеңмен (14,8 мың тонна) салыстырғанда, бірден 30%-ға өсті.

Қазақстан алапат қарқында артқан экспорттан босап қалған ішкі нарықты импортпен толтыру әлеуетін тауысуға таяу. Мысалы, былтырға дейін сырттан тасылған күнбағыс майының көлемі жыл сайын артып отырды. Сөйтіп, 2019 жылы 2018 жылға қарағанда 40%-ға ұлғайған.

"Алайда Қазақстанның негізгі жеткізушісі болып табылатын Ресейдің күнбағыс майы экспортына шектеу енгізуі елімізде бұл өнімнің 2020 жылы 35%-ға қысқаруына соқтырды. 2019–2021 жылдары күнбағыс майы импортының 99,9%-ы – Ресейге тиесілі. Атап айтқанда, 2019 жылы елімізге 53,5 млн долларға бұл өнімнің 85,7 мың тоннасы әкелінсе, былтыр 41,3 млн долларға 55,8 мың тоннасы ғана импортталды. 2021 жылғы қаңтар-ақпанда 16,9 млн долларға күнбағыс майының небары 13,4 мың тоннасы жеткізілді. Импорт өткен жылғы ұқсас кезеңдегіден 15%-ға күрт кеміді. Бұған қоса, биылғы жыл басынан бері күнбағыс майы 8%-ға қымбаттады. Сондықтан Үкімет отырысында бекітілген Жол картасына сәйкес, бағалары өскен тауарлар мен шикізат экспортын квоталау қарастырылуда", – деді Сапархан Омаров.

Министр экспортты шектеу қажет екенін, бірақ экспорт квотасының көлемі ішкі және сыртқы нарықтағы жағдайды, экспорт, импорт және ішкі тұтыныс теңгерімін ескере отырып, ай сайын қайта қаралатынын мәлім етті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу