Елдегі тексерістен кейін 500-ден астам теміржол жолы жабылды

2461

Жалпы елімізде теміржолдағы апаттар саны артқан.

Елдегі тексерістен кейін 500-ден астам теміржол жолы жабылды Фото: yandex.kz

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жаһан жұртшылығының жанын түршіктірген бірнеше теміржол апаты болды. Соның ішінде 1 наурызға қараған түні Грекияда жолаушылар мен жүк пойыздарының соқтығысып, вагондардың өртенуі салдарынан ең кемі 57 адам қаза тапқан. 90-нан астам адам зардап шекті. Жолаушылардың бір бөлігі хабар-ошарсыз кетті. Осыдан кейін Грекияда жаппай наразылықтар басталды.

3 маусымда Үндістанда үш пойыз қақтығысты. Соның кесірінен кем дегенде 275 адам опат болды. 1 200-ге жуық адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды.

Мұның бәрі Қазақстан билігінен де осы салаға баса назар аударуын талап етеді. Себебі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің дерегінше, республикада жыл сайын теміржол саласында түрлі апаттар саны артып барады.

Ведомство салада қалыптасқан ахуалды бәрінен жақсы сипаттайтын келесі деректерді ұсынды:

  • 2019 жылы Қазақстан аумағында, теміржол көлігінде 958 көлік оқиғасы тіркелді. Соның ішінде 4-еуі – қирау және аударылу, 274-і – теміржол жылжымалы құрамының жолдан шығып кетуі, 680 инцидент. Салдарынан, 43 адам өлді.
  • 2020 жылы теміржол көлігіндегі көлік апаттарының саны 976-ге жетті. 9-ы – қирау, 3 авария, 285 жылжымалы құрамның рельстен шығып кетуі, 679 инцидент. 45 адам опат болды.
  • 2021 жылы теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың 1178 жағдайы тіркелді: 2 қирау, 1 авария, 298 жылжымалы құрамның жолдан таюы, 877 инцидент. 37 адам қаза тапты.
  • 2022 жылы 1015 жағдай тіркелді: 9 қирау, 1 авария, 281 жолдан шығып кету және 724 инцидент. Теміржолда мерт болғандар саны 54 адамға жетті.
  • 2023 жылдың бес айында теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың 405 жағдайы орын алды. Оның ішінде 6-уы –  қирау, 117-сі – теміржол жылжымалы құрамының жолдан шығып кетуі, 282 инцидент. Салдарынан, 12 адам мерт болды.

Тағы бір деректі атап кетер болсақ, ИИДМ Көлік комитеті 2022 жыл қорытындысында жалпы көлемі 6 600 шақырымнан асатын магистральдық және станциялық жолдарды, 1500 шақырым кірме жолдарды, 11 000 бірліктен астам жылжымалы құрамды тексерді. Тексерулер нәтижесінде көптеген былық әшкереленген.

Сондықтан комитет теміржолдың қозғалыс қауіпсіздігіне төнген қатерді болғызбау үшін амалсыз, еліміз бойынша 500-ден астам теміржол жолдары мен бағыттамалық бұрмаларды жауып тастауға мәжбүр болды. Сондай-ақ 2000-ға жуық жылжымалы құрамды пайдалану тоқтатылды.

Бұдан бөлек, тексерушілер республика бойынша 24 магистральдық аралықтарды, 29 станциялық жолдарды, 191 кірме жолдарды пайдалануды дереу тоқтатты.

Қосымша 43 станциялық және 218 кірме бағыттамалық бұрмалар жабылды.

"Соңғы уақытта азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіретін, сондай-ақ ұлттық теміржол компаниясының да, жекеменшік иелерінің де инфрақұрылым объектілеріне, жылжымалы құрамға айтарлықтай залалын тигізетін салмақты апаттар саны артты. Мысалы, 2022 жылғы 3 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының "Өскемен–Күмістау" учаскесінде қож-шлак пен руда тиелген жүк пойызының 18 вагоны апатқа ұшырады. Салдарынан 6 вагон Ертіс өзеніне құлады және әлі күнге өзенде жатыр. Соның кесірінен, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіруде. Инфрақұрылым объектілері бүлінді: 200 метр жол бұзылды. 126 көпір арқалықтары мен 270 дана шпалдар, зәкір тірегі қирады. Байланыс желісінің сымы үзілген", – деп хабарлады Көлік комитеті. 

Қарағанды облысының "Қарабас" станциясында 2022 жылдың 17 қарашасында және 28 желтоқсанында қос апат болды. Пойыздардың апатқа ұшырау салдарынан 31 жүк вагоны, жалпы алғанда 250 метрден астам жол, бағыттамалық бұрмалар, байланыс желісі күйреді.

2023 жылы "ҚТЖ-Жүк тасымалының" Шымкент бөлімшесінің "Түлкібас–Арыс" учаскесінде және Қарағанды бөлімшесінің "Көкпекті" станциясында салмақты апаттар болды: солардың кесірінен 22 вагон бұзылды, жолдың жоғарғы қабаты зақымдалды. Бұл 19 жолаушылар пойызының көп кешігуіне ықпал етті.

2023 жылғы 17 ақпанда "Көкпекті" станциясында, "Астана–Қарағанды–Сұрыптау" учаскесінде ІІ басты жолмен қозғалған пойыздың 8 вагоны құлап, қарсы бағыттағы вагондарға соғылған және тағы 6 вагонның аударылуына соқтырды.

2023 жылғы 11 мамырда "Игілік–Бадам" аралығында №2489 жүк пойызы бүйіріне жантая құлаған, оның 17 вагоны дөңгелектері аспаннан келіп, толық аударылып қалыпты. Жолдан шығып кетіп, екпінмен сырғыған вагондар көрші жолмен келе жатқан пойыздың бір вагонын құлатты. Жалпы алғанда, жылжымалы құрамның 18 бірлігі, сондай-ақ жолдың жоғарғы беті, байланыс желісінің 12 тірегі зақымданған. Тере берсе, теміржолдың беделіне қаптатып дақ түсіріп жатқан мұндай оқиғалар жетіп артылады.

Айыппұлмен жазалау көп нәтиже бермей тұр. Көліктік бақылау органдары қозғалыс қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін келесі көлемде әкімшілік істі қарап, шара қабылдады: 

  • 2019 жылы – 2244 әкімшілік материал, 61,3 млн теңге айыппұл өндірілді;
  • 2020 жылы – 1803 әкімшілік материал, 64,7 млн теңге айыппұл өндірілді;
  • 2021 жылы – 2175 әкімшілік материал, 78,4 млн теңге айыппұл өндірілді;
  • 2022 жылы – 1850 әкімшілік материал, 59,6 млн теңге айыппұл өндірілді;
  • 2023 жылдың бес айында – 906 әкімшілік материал, 45,5 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Сондықтан өзге пәрменді тетіктер қажет. Әзірге ұлттық теміржол компаниясы (ҚТЖ) көлік оқиғаларының өсуін ескере отырып, теміржол көлігіндегі мемлекеттік бақылауды Кәсіпкерлік кодекстің реттеу аясынан шығару туралы бастаманы қолдады.

Бұған қоса, Көлік комитеті қолданыстағы "Теміржол көлігі туралы" заңына және Кәсіпкерлік кодекске түзетулер әзірлеп жатыр. Жаңа заң жобасы қабылданса, онда салада тергеп-тексеру тетігі енгізіледі.

Нақтылағанда, "магистральдық, станциялық және кірме жолдарда бұзушылықтарды, қозғалыс қауіпсіздігі талаптарын тергеп-тексеруді уәкілетті орган және оның аумақтық органдары жүзеге асырады, бұзушылықтардың себептерін, Қазақстан заңнамасының талаптарын белгілейді және тиісті шаралар қабылдайды".

"Құзырлы органда тергеп-тексеру түрінде салаға жедел мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігінің жоқтығы салдарынан елде қозғалыс қауіпсіздігін бұзу оқиғалары айтарлықтай өсіп кетті. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына нұқсан, мемлекетке экономикалық залал келтірілуде. Тергеп-тексеру жүргізу теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігінің жай-күйін жақсартуға елеулі әсер етеді. Көлік оқиғаларына жедел ден қоюға және шаралар қабылдауға, қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіретін бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді комитет мамандары.

Олардың айтуынша, тексеру мен тергеп-тексеру арасында үлкен айырмашылық бар. Соңғысы ведомство мамандарына мәселенің мәнісіне терең бойлап, апат, инцидент, заң бұзушылық және басқа да заңнама талаптарын бұзуға жол берген субъектілерді толымды анықтауға, жан-жақты зерттеуге және тиісті жазалауға жол ашады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу