Елді асырап отырған салаға жан-жақтан қауіп төніп тұр

1146

Сарапшылар спекулянттардың астық бағасын құлатуға тырысып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Ал, жауын-шашын оны шіріткелі тұр. 

Елді асырап отырған салаға жан-жақтан қауіп төніп тұр Фото: Ақорда

Ел Үкіметі жаһанға жария болып, Қазақстанның беделіне дақ түсірген ғаламат инфляцияны ауыздықтау үшін күзгі астықтан үлкен үміт күтуде. Бұл туралы таяудағы Үкімет отырысында сөз болды. Дәстүрлі түрде күзгі жиын-терім басталғанда, жаңа астық есебінен бидай, ұн, күріш, жарма, қант, күнбағыс майы мен басқа сұйық майлардың құны төмендейтіні белгілі.

Алайда биыл олай болмауы мүмкін: диқандар жаңа астықты арзанға бергісі келмейді және Үкіметті үміттендіретін жыл сайынғы дәстүрді бұзуға ниетті. Бұл жайында аграрлық портал жария етті. Фермерлер оның редакциясына шағымданған екен.

"Қазақстанда спекулянттар бидай бағасын құлатуға тырысып жатыр. Жалпы, жыл сайын астық жинау кезеңінде ауыл шаруашылығы тауарларының бағасын түсірту – тек Қазақстанның және жергілікті спекулянттардың "ноу-хауы". Олар осы арқылы ел фермерлерін түк қалдырмай тонайды. Делдалдар биліктің әрекетсіздігін пайдаланады", – деп жазды Eldala.kz.

Оның нақтылауынша, елдің негізгі аграрлық өңірлеріндегі егіншілер Қазақстанда тамыз айынан бері ауыл шаруашылығы өнімдері бағаларының қарқынды түрде төмендеп бара жатқанын үрейлене бақылап отырған көрінеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылғы тамызда жылдық мәнде инфляция алапат көлемге – 12,2%-ға жетті және бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Азиядағы антилидерлердің бестігіне кірді. Инфляция бұдан да жоғары болып, Қазақстан көш бастайтын еді, абырой болғанда, бюро мәліметінше, азық-түлік тауарлары арасынан пияз бағасы 25,9%, картоп – 21,9%, сәбіз – 16,5%, қызылша – 13,8%, қызанақ – 13,7%, жүзім – 11,9%, қырыққабат – 7,6%, банан бағасы 4,1%-ға төмендепті. Жылдық көрсеткіште күріш – 8,5%, кептірілген өрік – 3,4%, қарақұмық жармасы 2,5% арзандады.

Бұл жайт фермерлерге ұнамай тұр. Оның үстіне олар статистиканың өтірік екеніне, бағаның құлдырауы әлдеқайда жоғары болғанына сендіреді. Фермерлердің есептеуінше, Қазақстанның ішкі нарығында тамыз айынан бері бидай, майлы және бұршақты дақылдар құны "еш себепсіз ондаған пайызға құлады".

Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәліметінше, hi-pro бидай– 26%-ға (тоннасы үшін 105 мың теңгеге дейін), 4-ші сыныпты бидай – 13%-ға (80 мың теңгеге дейін), арпа – 18%-ға (75 мың теңгеге дейін), зығыр – 31%-ға (210 мың), қызыл жасымық-чечевица – 40%-ға (150 мың теңгеге), күнбағыс – 32%-ға (170 мың теңгеге дейін) арзандады.

"Бағалардың бұлай құлдырауы әлемдік нарықтағы жағдайға сәйкес келмейді: онда ахуал тұрақты. Қазақстандағы бидай бағасы бүгінде әлемдік нарықтан орта есеппен 30% төмен. Соның кесірінен, жаңа астықтан ауыл шаруашылығы өндірушілері емес, экспорттаушылар мол табыс табатын болады. Мұның себебі неде? Нарықта мемлекеттік реттеушінің жоқтығы нарықта алыпсатар-спекулянттардың билік етуіне соқтырды. Олар күзде түрлі құралдарды пайдаланып, бағаны арзандатуға, сол арқылы бүкіл астықты су-тегінге сатып алуға, кейін оны шетелге қымбатқа сатуға күш салады", – деп фермерлердің ашынысын жеткізді "Елдала".

Фермерлер мұндай "сұрқия ойын" 2021 жылдан басталғанын, сонда түсініксіз себеппен Үкімет "Азық-түлік келісімшарт корпорациясының" нарықтағы рөлін күрт шектеп тастағанын жеткізді.

"Біз 2021 жылғы деректерге үңіліп, сол кезде, яғни, 4 ауыл шаруашылығы маусымы бұрын бағалардың қазіргіден жоғары болғанын біліп, таңғалдық. Ал, одан бері фермерлердің барлық шығыны елеулі артты. Өткен маусымда корпорация мысалға, астық экспортын субсидиялау тетігі арқылы нарықтағы жетекші рөлін қайтарып алуға тырысып көрді. Бұл ішкі нарықта бидайға деген сұраныс пен бәсекелестікті күшейтіп, фермерлер бір жадырап қалды. Алайда Азық-түлік корпорациясында нарыққа пәрмендірек ықпал етуі үшін қажетті ресурстары әлі күнге жоқ", – деп шағымданады аттарын атамаған фермерлер.

Бұған қоса, олар корпорацияның жаңа астықты қандай бағамен сатып алатынын жариялауда үнемі кешігіп жүретініне наразы: қыркүйек айы таусылуға таяды, форвардтық, алдын ала сатып алу бағалары толыққанды жарияланбапты. Бұл да алыпсатарлардың айдарынан жел есуіне ықпал етеді-мыс.

Әйтсе де, инфляцияны құрықтау ісінде Үкіметтің ауыл шаруашылығы өндірушілерінен көмек дәметуінің негізі бар. Өткен аптада, 2025 жылғы 16 қыркүйекте егін жинау науқанына арналған жеке кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің адал жұмыс істейтін диқандарға әрдайым қолдау көрсететінін нықтады.

"Мемлекет диқандарды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып жатыр. Атап айтқанда, биыл менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Бұл – рекордтық көрсеткіш", – деген Тоқаев былтырдан бастап жетілдірілген минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетігі іске қосылғанын нұсқады.

Сондай-ақ Президент Үкімет пен әкімдерге келесі жылы көктемгі егіс науқанында жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын ерте бастан қолға алуды, ал, күзгі егін жинау кезінде шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп, қаржы мен қажетті техниканы уақтылы алуына жағдай жасауды жүктеді.

Бұл бағытта жүздеген миллиард ел қаржысы шығындалады. Диқандарға қаражат берілуде, қайтарым қайда? Егер өнімін елге әлемдік қымбат бағамен сатамын десе, сатсын, бірақ онда тегін алған субсидиясын, ел қаржысын кері қайтарып берсін.

Салада сұрапыл "ақпараттық шайқас" жүруде: фермерлердің пікірінше, алыпсатарлар өз ақпараттық ресурстары арқылы нарықты жалған мәліметтерімен үстемелете соққылайды. Сол арқылы бағаға қысым көрсетеді. Мәселен, биыл тағы да рекордтық көлемде астық жиналатыны жайында жаңалық таратылыпты.

Фермерлер мұны сандырақ санайды. Аграрлық өңірлерде болған ElDala.kz тілшілері қазіргі ауа райының астықшылар үшін қолайсыз екенін, ешқандай рекордтық жиын туралы сөз жоқтығын хабарлады.

Сонымен қатар, егін орағы баяулау жүруде: Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 22 қыркүйектегі жағдай бойынша жалпы егіс алқаптарының 61,1%-ы жиналды. Салыстырсақ, 2024 жылы осы кезде егістіктердің 68%-ынан астық орылып болған еді.

Биыл астықтың аз болатынын Ауыл шаруашылығы министрлігі де жасырмады. Егер былтыр осы мерзімде 16,7 миллион тонн астық бастырылса, биылғы көрсеткіш бұдан 2 миллиондай тоннаға аз.

"Еліміздің өңірлерінде егін жинау науқаны жалғасуда. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың болжамды жинау алаңы 16 млн гектардан асады. Бүгінде 9,8 млн гектар немесе жалпы егіс алқаптарының 61,1%-ы жиналып, 14,8 миллион тонна астық бастырылды. Дәнді дақылдардан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 656,1 мың тонна майлы дақыл, гектарына 227,4 центнер өнімділікпен 1,8 млн тонна картоп және гектарына 297,9 центнер өнімділікпен шамамен 2,8 млн тонна көкөніс жинады", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Атап айтқанда, 323,9 ц/га өнімділікпен 404 мың тоннадан астам қырыққабат, 412,5 ц/га өнімділікпен 717,3 мың тонна пияз, сондай-ақ 290,4 ц/га өнімділікпен 282,8 мың тонна сәбіз қамбаға құйылыпты. АШМ "егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде, агротехникалық талаптарға сай мерзімде өтіп жатқанын" мәлімдеді.

Алайда егіншілер бұл байламмен келіспейді. Олар әсіресе, солтүстікте егін жинауға дембіл-дембіл нөсерлете жауған жаңбыр кедергі келтіріп жатқанын, астықтың үлкен бөлігі шіріп кеткелі тұрғанын жеткізді. Фермерлер жауын-шашын қазақстандық жаңа бидайды азықжемге-фуражға айналдырып жатқанын күрсіне айтады. Туу биіктен құлаған тамшылар пісіп тұрған дәнді қауызынан шайып, шашып тастайды. Одан қалды, дәндерді ақуыздық желімтек-клейковинадан айырады.

Сондай-ақ бұршақты дақылдар астығы зардап шеккен: олар бастапқыда күтілген көлемнен төрттен бірге аз шығатын түрі бар. Майлы дақылдардың шығымы биыл жақсы болды, дегенмен, оларды ылғалға шірітпей, тұмсықтыға шоқыттырмай, жинап алу үшін ауа райы жақсарып, күн ашылғаны қажет, дейді фермерлер.

"Егін егу кезінде жүретін жаңбыр бізді шаттандырады. Ылғал жақсы астыққа сеп. Ал, тамыздағы, әсіресе, қыркүйектегі жауын-шашын керісінше, астықты құртады", – деді қостанайлық "Сатаев Б.Х." шаруа қожалығының басшысы Баймырза Сатаев.

Ол күзгі нөсерден жасымық қатты зардап шегетініне назар аудартты: бұршақтары жерге бытырай шашылады. Шаруа қожалығы соның кесірінен биыл әр гектардан 3–4 центнерден жасымық жоғалтыпты. Орақ науқаны басталғанда, фермер әр гектардан 20 центнерден айналады деп күткен. Ақыр соңында 14 центнерден ғана жиналды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу