Елдің батысында бірнеше ауылды қазақыландыру ісі жарға жығылды

4370

 Жергілікті тұрғындар екіге жарылып отыр, әкімдік кімді жақтады?

Елдің батысында бірнеше ауылды қазақыландыру ісі жарға жығылды

Тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақстан жер-суға бұрынғы тарихи атауларын қайтару, ескіргенінен құтылу ісін аяқтай алмады. Қазіргі кезде бұл іс біраз кедергіге кезігіп, ілгерілей алмай жатқанға ұқсайды, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Осы орайда Батыс Қазақстан облысында болып жатқан оқиғалар назар аудартады. БҚО-ның Бәйтерек ауданындағы Трекин, Володар және басқа ауылдардың атауын өзгерту туралы ұсыныс жергілікті тұрғындар тарапынан көптен айтылып келеді.

Бұған дейін билік жеңіл-желпі шаралармен шектелді, мысалы, Трекин ауылында "Мирный" көшесін – "Хиуаз Доспановаға", "Упорныйды – "Қорғанысқа", "М.Гавриловты" – "Шаңыраққа", "Советскаяны" – "Құрманғазыға", "Молодежнаяны" – "Жастарға", "Октябрьскаяны" – "Жаһанша Досмұхамедовке", "Комсомольскаяны" – "Әлия Молдағұловаға", "8 мартаны" – "Тайыр Жароковке", "Пионерскаяны" – "Мәншүк Маметоваға", "Юбилейнаяны" – "Жұбан Молдағалиевке", "Степная" атауын – "Мұхит" көшесіне ауыстырды.

Володар ауылында "Мирная" көшесінің атауы – "Бауыржан Момышұлы", "Луговая" – "Жағалау", "Больничная" – "Әліби Жангелдин", "Матросова" – "Хамит Чурин", "Голикова" – "Міржақып Дулатов", "Киров" – "Талғат Бигелдинов", "Октябрьдің 60 жылдығы" – "Ынтымақ", "Новая" көшесі – "Тәуелсіздік" көшесі болып қайта аталды.

Дегенмен, көшемен тынбай, елді мекендердің атауларын өзгерту әлдеқайда маңызды екені мәлім. Өйткені Қазақстан картасынан да ең алдымен елді мекен атаулары менмұндалап көрінеді.

Жергілікті "Мой ГОРОД" порталының хабарлауынша, тиісті жиын биылғы 25 наурызда өткізілген: Трекин ауылының шамамен 150 тұрғыны жергілікті клуб жанында жиналады. Тұрғындар екі лагерге жарылған: бірі ауыл атауын өзгертуді қызу қолдаса, екіншісі оған үзілді-кесілді қарсы. Тәртіптің сақталуын бақылау үшін ол жерге полиция тартылған. Билік өкілдері карантин шектеулерін алға тартып, жұртшылықты үйлеріне тарауға шақырады.

Алайда халық тарқамаған, керісінше адамдар саны барған сайын ұлғайыпты. Олардың әрқайсысы өз пікірін биліктің естуін қалаған.

Сонда тараптар не дейді?

Ауыл тұрғыны, зейнеткер Николай Сайгаков елді мекеннің атын ауыстырғаннан басқа мәселелер жетерлік екеніне сілтейді.

"Ауылда асфальтталған жол жоқ, су тапшылығы да сезіледі. Электр беру желілері тозған. Бағаналары да ескі. Балалармен серуендейтін жер де жоқ. Проблемалар бастан асып жатыр, ал бұлар атауды ауыстырмақшы", – деп күйіп піседі ол.

Қарсы жақтың дәйектемелері де салмақты, олар тарихтан тағылым алуға, содан рухтануға шақырады.  

"Архивтерде Трекино селосы туралы алғашқы құжаттар 1800 жылдан басталады. Бірақ ауылдың тарихы сол кезден басталмайды. Бұрын бұл мекен "Жерұйық" деп аталған. Сондықтан біз бастапқы тарихи атауын қайтаруды талап етеміз", – дейді ауыл тұрғыны Берік Тұралиев.  

"Бір тіпті Трекиннің кім екенін де білмейміз! Мүмкін ол жергілікті қазақтарға тізесі батқан халық жауы шығар?", – дейді оның ауылдасы Қазыбек.

Ауыл әкімдігі тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін айтады. Бірінші кезекте, "жергілікті қоғамдық кеңеспен" онлайн режимде кездесуді, сөйтіп, сол онлайн жиын хаттамасын облыстық ономастика комиссиясына жіберуді көздепті. Алайда қарсы адамдар оның алдын орап, жанжал шығарып, көшеге шыққанға ұқсайды.

Айта кету керек, Трекино ауылында 3 мыңнан астам адам тұрады.

Жергілікті билік "Трекино" орнына 5 түрлі жаңа атты ұсынған: арасында Жерұйық, Байқоныс, Исатай батыр, Ихсанов, Қадыр Мырза-Әли бар.

Ақырғы шешімді жергілікті қоғамдастық кеңесінің отырысы шешіміне сүйене отырып, ономастикалық комиссия шығаруға тиіс болған.

Дәл сол күні Володар кентінде де ұқсас шара өтті. Рас, адам аздау жиналды. Онда соның алдында тұрғындардың жиыны ұйымдастырылып, оған қатысушылар атауды ауыстыруға келіседі. Әйткенмен, ізінше әлдебір белсенділер табылып, бұған қарсы 270 адамның қолын жинаған. 

Қарсы жақтың дәйектемесі де ұқсас: "бұдан әлдеқайда маңызды әлеуметтік мәселелер бар": Володарда шұрық-тесік жолды жөндеп, балабақша ашуды талап етеді. Ал құптаушылар өткен ғасырларда бұл маңдағы тарихи атаулар жергілікті тұрғындардың келісімінсіз, күштеп өзгертілгеніне назар аудартады, демек, патша және кеңес тұсындағы заңсыз шешімдерді жойып, тарихи атауларды қайтару қажет.

Негізі, Бәйтерек аудандық "Ауыл тынысы" газетінің 2021 жылғы 23 ақпандағы №8 санындағы хабарландыруда биылғы жылдың 25 наурызында жергілікті қоғамдастық жиналысы өтетіндігі айтылыпты. Жиналыстың күн тәртібінде Трекин, Володар, Новенький ауылдарын және олардағы көшелерді қайта атау ұсынылды.

"Жұрт жеткілікті жиналмағандықтан"...

Бұл жайт әлеуметтік желіде бүгінде қызу пікірталас туғызуда.

"Жерұйық – ежелден келе жатқан жақсы атау. Одан бізді отарлаушылар айырды. Қазір олар жоқ, сонда кімге қарайлаймыз? Тарихи атауды қалпына келтіру әділдікті қалпына келтіру деген сөз. Мұнда тұрған жаман ештеңе де жоқ. Атауды өзгертуге цифрландыру заманында көп бюджет қаражаты кетпейді. Мұны баяғыда-ақ жасау керек еді. Билік бұл пікірімізді елемей, құлаққа ілмей келеді. Сонда олар Тоқаевты тыңдамай ма?" – дейді ауыл тұрғыны Дана Ж. 

"Тәуелсіздікке 30 жыл толды. Егер атауларды өзгертсе, бұл осы мерейтойға үлкен тарту болар еді. Бұған әкімдіктің тісі батар емес", – дейді Айсұлу.

"Ауылдың атын өзгерткені дұрыс. Жалтақтаудың қажеті жоқ. Бізде көп этнос өкілі тұрады, сыйлаймыз, бірақ олардың бізге қарсы шығып, дауласқандары дұрыс емес! Осы кезге дейін "Тәуелсіз Қазақстан" деген атымыз бар болғанымен, затымыз жоқ болып келді. Елде ең бірінші атаулар қазақша болуы керек. Ауылдарымыздың атын өзгертсін, қолдаймыз! Рухымыз биік тұрғаны жақсы", – дейді Имран.

Алайда жергілікті билік жұрттың көңілін қалдырды: "жиналысқа жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жеткілікті деңгейде қатыспауына байланысты жоғарыда көрсетілген ауылдар атаулары өзгеріссіз қалатындығын хабарлаймыз" деді.

Бұл мәліметті орталық билік те растады.

Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы міндетін уақытша атқарушы Света Ганиева жолдаған хатта көрсетілгендей: "Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы" заңына сәйкес, кент-ауылдардың атын өзгерту мәселесін аумақ халқының пікірін ескере отырып, жергілікті әкімдіктің ұсынуымен облыстық ономастика комиссиясы қарайды.

"Қазіргі кезде Бәйтерек ауданының елді мекендерін қайта атау туралы ұсыныс облыстық ономастика комиссиясына келіп түскен жоқ. Бұған қоса, Трекин және Володар ауылдарын қайта атау бойынша жиналыс жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жеткілікті көлемінің келмеуіне байланысты өтпей қалған", – деді С.Ганиева.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу