Елдің болашағын өзгертетін заң қабылданды

245

Бұл – жаһандық бәсекелестік күшейген, инновация мен шығармашылық ел дамуының басты ресурсына айналған кезеңдегі стратегиялық шешім.

Елдің болашағын өзгертетін заң қабылданды Фото: Zakon.kz

Кеше Президент интеллектуалдық дамуға серпін беретін, жаңа экономикалық өрлеудің негізін қалайтын маңызды құжат – "Зияткерлік меншік туралы" Заңға қол қойды. 

Заңның негізгі маңызы

Қазақстан дамуында жаңа сапалы дәуірге қадам басуда. Біз үшін енді басты капитал – адам ресурсы, идея, білім, өнертапқыштық және шығармашылық әлеует. Жаңа заң осы бағыттағы ілгерілеуге құқықтық негіз қалайды.

Біріншіден, заң көру қабілеті бұзылған азаматтардың мәдени өмірге тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұдан былай авторлардың рұқсатынсыз және қосымша төлемсіз шығармаларды орындау, тарату және жалпыға қолжетімді ету мүмкіндігі қарастырылған.

Екіншіден, тауар белгілерін тіркеудің жедел тетігі енгізілді. Бұрын 7 айға созылатын рәсім енді 4 айға дейін қысқарады. Бұл кәсіпкерлерге уақыт үнемдеп, нарыққа жылдам шығуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, тауар белгісіне қатысты шағым беру мерзімінің 1 айдан 2 айға ұзартылуы кәсіпкерлердің құқықтық қорғалуын күшейтеді.

Төртіншіден, ұжымдық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформаның енгізілуі ашықтықтың жаңа кезеңін бастайды. Бұл жүйе құқық иелеріне төленетін сыйақының мөлдір айналымын қамтамасыз етіп, қаржылық ағынның әділ бөлінуіне жол ашады.

Бесіншіден, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғаудағы ең әлсіз тұс – құқық бұзушылықтың жасырын сипаты еді. Енді авторлардың шағымы бойынша Әділет органдары жоспардан тыс тексеру жүргізе алады. Бұл пираттықпен күресті күшейтіп, шығармашылық адамдардың еңбегін нақты құқықтық қорғауға жағдай жасайды.

Жалпы алғанда, заң авторлық құқықты, әсіресе патенттеу жүйесін жандандыруға серпін береді. Бұл өз кезегінде инновациялық орталықтардың дамуын ынталандырады.

Патент – инновацияның негізі

Патенттеу жүйесі – жай құқықтық рәсім емес. Ол ғылыми прогресс, экономикалық қауіпсіздік және халықаралық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі тіректерінің бірі. Патенттер кәсіпкерлік пен ғылыми зерттеулерді ынталандырады, ал патенттік статистика елдің технологиялық әлеуетін көрсететін маңызды индикатор саналады.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) 2024 жылғы дерегі бойынша Қытай 1 млн 677 мың патенттік өтініммен әлем бойынша бірінші орында. Бұл елдің ғылыми-зерттеу мен өндірістік-технологиялық секторға қомақты инвестиция құйып отырғанын айғақтайды.

Екінші орында – АҚШ (598 мың), үшінші орында – Жапония (300 мың). Оңтүстік Корея (243 мың) мен Германия (58 мың) да жоғары технология мен ғылыми зерттеулерді үздіксіз қолдап, тұрақты инновациялық экожүйе қалыптастырған мемлекеттер ретінде ерекшеленеді. Әсіресе Оңтүстік Корея мысалы – тиімді патенттік жүйенің экономикалық серпіліске қалай әсер ететінінің айқын дәлелі.

Ал дамушы және төмен табысты елдерде патенттік белсенділік әлдеқайда төмен. Мәселен, Доминика, Самоа, Бурунди сияқты мемлекеттерде жылына небәрі 1–2 патент тіркеледі. Бұл олардың инновациялық әлеуетінің әлсіздігін көрсетеді.

Қазақстан бұл елдерден әлдеқайда алда болғанымен, әлемнің 133 елі ішінде 50-орын – әлі де жетілдіруді қажет ететін көрсеткіш. Кеңес кезеңінде Қаныш Сәтбаев бастаған ғылыми дәстүр өнертабысты қорғау мен ғылымды дамытуға үлкен серпін берген еді. Алайда кейінгі жылдары бұл үрдіс бәсеңдеп қалды. Қазіргі таңда Пәкістан, Грекия, Бельгия секілді елдер Қазақстаннан озып тұр.

Жаңа заң осы олқылықтардың орнын толтырып, еліміздегі зияткерлік меншік жүйесін жаңа деңгейге көтереді деген сенім бар.

Нұрлат Айтжанұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу