Елдің сыртқа саудадағы әлеуеті кедендік өткізу пунктерінің мүмкіндігіне тікелей байланысты

1885

Елімізде заңдар мен ақпараттық жүйелер үздік болғанымен, шекарадан өткізу инфрақұрылымы әлсіз болса, сыртқы сауда көздегендей нәтиже бермейді.  

Елдің сыртқа саудадағы әлеуеті кедендік өткізу пунктерінің мүмкіндігіне тікелей байланысты Фото: almaty.tv

Орталық Азия елдері арасындағы белсенді сауда-экономикалық қатынастар Қазақстанның транзиттік және экспорттық-импорттық әлеуетін дамытуға басты алғышарт. Өйткені Қазақстан көрші елдермен ғана емес жалпы сыртқы сауда қатынастарын дамытуға мүдделі. Ол үшін ел ішіндегі автожолдар мен өткізу пунктерін қайта жаңартудың инфрақұрылымдық мәселелерін шешу қажет.

Соңғы онжылдықта шекарадан өтетін жүк пен жолаушылар ағыны айтарлықтай өсті, алайда кедендегі өткізу пунктерін қайта құру 2011 жылдан бері жүргізілмепті. Сондай-ақ, өткізу пунктерінің қолданыстағы технологиялық жабдықтары көбінесе қазіргі заманға сәйкес емес, өйткені технологиялық жабдықтар да соңғы рет 2011 сатып алынған.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов мәлімдеді деп жазады, inbusiness.kz тілшісі.

Бүгін Орталық коммуникациялық қызмет алаңында "ЕАЭО сыртқы шекарасының қазақстандық учаскесіндегі өткізу пунктерін жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру" тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Онда Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары елдегі кедендік өткізу пунктерін инфрақұрылымдық жаңғыртудың маңызы туралы айтты.

Сала мамандарының дерегінше "ЕАЭО кедендік шекарасының қазақстандық учаскесінде 14 автомобиль өткізу пункті орналасқан, оның 2-уі жаяу жүргіншілерді оңайлатылған тәртіппен өткізуге арналған, "ҚТЖ" ҰК" АҚ қарасты 6 теміржол бекеті бар.

"Бүгінгі күні қазақ-өзбек шекарасындағы Қазақстанның өткізу пунктерінің алдында автокөліктердің күн сайын жиналуы байқалады, қарбалас кезеңдерде бұл көрсеткіш 300 бірлікке дейін жетеді. Қытай шекарасында, бүгінде пандемияға байланысты көлік құралдарын өткізу әлі де шектеулі, осыған байланысты жүргізушілер өз кезегін апталап күтеді", - деді Бақытжан Слямов.

Оның дерегінше өткізу пунктерінде ИДК, рентген аппараттары, таразы жабдықтары секілді техникалық бақылау құралдары жабдықтарының 70%-дан астамы ескірген, инфрақұрылым жедел өткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.

Өзбекстан да кедендегі өткіз упунктерін жаңғыртуды жоспарлап отыр. Екі ел Үкіметтері арасында өткізу пунктерін, автомобиль жолдарын қайта құру және жаңғырту және қазақ-өзбек шекарасындағы іргелес аумақты жайластыру жөніндегі Жол картасына қол қойылған.

Бақытжан Слямовтың айтуынша, көлік ағынының өсуін және төлемдердің түсуін ескере отырып, биылдан бастап ЕАЭО сыртқы шекарасындағы 9 автомобиль (Өзбекстанмен шекарада (4) – Қапланбек, Қазығұрт, Атамекен, Тәжен; ҚХР-мен шекарада (4) – Алакөл, Қалжат, Майқапшағай, Бақты; Түрікменстанмен шекарада (1) – Темір-баба), 1 теміржол (ҚХР-мен шекарада – Достық) өткізу пунктін және Астана қаласындағы Мемлекеттік кірістер комитеті Бас диспетчерлік басқармасын жаңғыртуды және техникалық тұрғыдан жаңалау қолға алынған.

"Барлық 9 автомобиль өткізу пункті бойынша жобалау компаниясы жобалау-сметалық құжаттама әзірледі, мемлекеттік сараптаманың қорытындылары алынды. Әрбір нысанды қайта құрудың жоспарланған мерзімі – 19 ай. Қазіргі уақытта "Достық" автомобиль өткізу пунктінің құрылысы және "Достық" теміржол өткізу пунктін техникалық жабдықтау басталды", - дейді Бақытжан Слямов.

1 желтоқсаннан бастап Өзбекстанмен арадағы "Қапланбек"  және өзбектің "Зангиота" автомобиль өткізу пунктерін қайта құру басталады. Халықтың тығыз орналасуына және қолайлы жағдайдың болмауына байланысты бұл кеден бекеттері толықтай жабылады.

Өзге өткізу пунктерін қайта жаңарту кезінде олар толық жабылмайды,  бірақ автокөлік пен жеке тұлғалардың қозғалысы шектеледі.

Мемлекеттік шекарадан өту кезінде ел азаматтары мен сырттан келетін адамдарға қолайлы жағдай жасау үшін жолаушылар терминалдарында, сондай-ақ жүк көліктерін жүргізушілеріне арналған тұрақта, халықаралық әуежайлардағы секілді асхана, дәретхана, ана мен бала бөлмелері секілді ыңғайлылық көзделетін болады.

Көлік құралдарын өткізудің  барлық циклі автоматтандырылып, көлік тоқтаусыз өтуі үшін Техникалық бақылаудың бірыңғай өтпелі автоматтандырылған дәліздері орнатылатын болады.

"Жобаны іске асыру шеңберінде өткізу қабілетін 8 есеге дейін ұлғайып (тәулігіне 1000-нан 8400 КҚ-ға дейін), уақыты қысқарып (2 сағаттан 25 минутқа дейін) және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азаятын болады", - дейді спикер.

Сондай-ақ, кедендік өткізу пунктерінің алдында көлік тұрағын салу жоспарланып отыр. "Достық" автомобиль өткізу пунктінің алдында "ҚазАвтоЖол" АҚ 2023 жылы 200 тұрақ салып бермек.

"Биылғы жылы тауарлардың ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өтуін бақылауды бір жерде біріктіру және Ахуалдық орталық пен Электрондық декларациялау орталығының базасында кедендік декларациялардың орталықтандыруы  үшін Бас диспетчерлік басқарма құрылды.Ахуалдық орталық нақты уақыт режимінде ИДК рентген-суреттерін талдауды және кедендік жете тексерулер жүргізу процесін сүйемелдеуді жүзеге асырады", - дейді Бақытжан Слямов.

Жалпы, Электрондық декларациялау орталығы құрылғалы бері МКК қосымша 38 млрд. теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар өндірген.

Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасы орынбасарының дерегінше  шекарадан өтуге байланысты жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылаудың көптеген түрлері орталықтандырылады. Тауарлар мен көлік құралдарын шығару туралы шешім орталықта және шектеулі уақыт аралығында қабылданады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша толыққанды бақылау және азайту үшін жасалады.

"Өткізу пунктерін жаңғырту және электрондық кезек жүйесін енгізу аяқталғаннан кейін өткізу пунктерінің барлық инфрақұрылымдық мәселелері шешіледі, шекарадан өтудің қолайлы болуына және бақылауды жеделдетіп жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалады", – деді Бақытжан Слямов.

Жалпы, Үкімет 2021 жылдың 31 тамызында Мемлекеттік шекарада заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекіткен болатын. Оған сәйкес 2024 жылға дейін өткізупунктеріін жаңғырту және техникалық жете жарақтандыруды аяқтау көзделіп отыр.

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться