Электр қуатының тарифі неге өсті?

19455

Тарифтің бірден көтерілуі бизнеске ауыр тиеді.  

Электр қуатының тарифі неге өсті?

Энергетика министрлігінің электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Айдос Дәрібаев Энергетика министрінің 2020 жылғы 29 маусымдағы бұйрығымен электр энергиясының тарифтеріне түзетулер енгізілетінін айтқан болатын. Бұйрыққа сәйкес, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап ел бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің орташа өсуі 16% болады деп болжануда. 

Осы орайда, кәсіпкерлер, бизнес қауымдастық және ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері электр энергиясына тарифтердің өсу себебін, қымбаттаған электр қуатының бизнеске әсерін ATAMEKEN BUSINESS телеарнасында тікелей эфирде өткен телемарафонда талқыға салды.

"Қазақстан кәсіпкерлер және сервистік қызметтер" ЗТжЖК қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға да тарифті бөліп-жармай бірдей етуді ұсынды.

"Неліктен пандемия кезінде тарифтерді көтергісі келеді? Тарифтің көтерілуі – қарапайым тұтынушы үшін қиын. Энергия қуаты қымбаттағаннан кейін, кәсіпкер де тауарын немесе қызметін қымбаттатуға мәжбүр болады. Жалпы, электр қуаты да нан тәрізді тауар. Сол себепті баға жеке тұлғаларға да, кәсіпкерлерге бірдей болуы керек. Тауар бағасының 20-30%-ына тарифтер әсер етеді. Тағы бір айта кететін мәселе, энергия қуаты өндірушілерден тұтынушыға жеткенше бірнеше делдалдың қолынан өтеді. Ал, олардың көлігі, басқа шығыны бар. Соның бәрін тарифке кіргізеді. Тарифті көтермес бұрын, ішкі энергия нарығын түзеп алу қажет. Арадағы делдалдардың санын қысқарту керек. Кезінде, модернизация жасалғаннан кейін бағаның түсетіні айылған еді. Қазір керісінше, бағаны көтергелі отыр. Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп жатқанын білеміз. Банктер де несиелерді кейінге қалдырып, көмектесіп жатыр", – деп айтып өткен Ермек Әбілдин, "қазіргі тарифтерді көтеру – жығылғанға жұдырық" деді.

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Әкеновтің сөзінше, тарифтің көтерілуіне екі себеп бар.

"Бүгінгі күні Түркістан облысы мен Шымкент қаласына "Энергопоток" ЖШС электр қуатын жеткізеді. Қазір қосымша құн салығын (ҚҚС) есептемегенде заңды тұлғаларға арналған тариф – 27,70 теңге. Тарифті жоғарылату жоспарлануда. Есептеп қарасақ, тариф ҚҚС қоспағанда 30,39 теңгеге дейін, яғни 16%-ға көтерілмек. Себебі, энергия қуатын өндіруші компаниялар тарифті 12%-дан 25%-ға дейін өсіріп жатыр. Мәселені осы компанияларда анықтау керек. Тағы бір себебі, электр қуатын жеткізуші компания жұмысшылардың жалақысын көтеруді мақсат етіп отыр. Жалпы айтар болсам, Шымкент қаласында шағын және орта бизнес нысандарының саны 70 мыңнан асады. Қазіргі шектеулер салдарынан көпшілігінің саудасы азайып, тоқтап жатыр. Энергия қуатын өндірушілер тарапынан тарифтің көтерілуі – кәсіпкерлікке кері әсерін тигізеді", – деді Қайрат Әкенов. 

Телемарафонға Алматыдан қосылған "QazCem" Қазақстан цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Ербол Ақымбаев электр қуаты тарифінің бірден көтерілуі бизнеске ауыр тиетінін айтты.

"Энергетика саласы біздің өндірісіміздің, экономикамыздың бір тірегі. Қазақстан энергия өндіре алмаса, ертеңгі күні қиын жағдайда қалатынымызды түсінеміз. Энергия қуатын өндірушілердің құрал-жабдығын жаңартқаны, модернизациялауы дұрыс деп ойлаймын. Сонымен қатар, осы саланың "жаңартылған энергия көздері" мен "көмірқышқыл газы эмиссияларын шектеу" деп аталатын екі үлкен жүктемесі де бар. Сол себепті бағаны көтеріп жатыр. Алайда тарифтерді естен тандыратын 20%-ға бірден көтеруін қолдамаймыз. Бұл бізге ауыр соққы болып тиеді. Пандемия да оңай болып жатқан жоқ. Энергетика саласына, мүмкін, мемлекет көмектесер. Ал біз тарифтерді қатты соққы болып тиетін 20%-ға емес, жылына тек 2-3%-ға көтеріп, уақытын созып жібергенін қалар едік. Өйткені біздің де бюджетіміз, инвестициялық жоспарларымыз бар. Мемлекеттен пен "Атамекеннен"  сұрайтынымыз, энергия өндірушілер бізге тарифтерді 5 жылға алдын-ала беріп отырса. Біздің де жоспар құруымыз қажет. Ал тұтынушыға дейін жететін тарифке көз салсақ, білуімізше, электр қуатын өндіруші компанияларда баға 7-8 теңге. Электр энергиясын тасымалдаушы "KEGOC" оған 3 теңге қосады. Екеуін санағанда баға 10-11 теңге. Тарифтегі басқа баға қайдан қосылды? Ол аумақтық электр энергиялары компанияларының немесе арадағы делдалдардың табысы ма? Соны білу керек", – деді Ербол Ақымбаев.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Нұржан Көшкін


Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу