Электр қуатының сөнуі Испанияға адам сенгісіз шығын әкелуі мүмкін

Мұндай тосын мәліметті жергілікті The Objective басылымы жазып отыр. 

Электр қуатының сөнуі Испанияға адам сенгісіз шығын әкелуі мүмкін Фото: Известия

Оның дерегінше, бұдан соң Испания экономикасына келетін шығын көлемі шаш етектен  болуы ықтимал, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алғашқы бағалау мен болжам бойынша, жарықтың сөнуі Испанияға шамамен 1,6 миллиард еуро шығын келтірген. Бұл сома елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) шамамен 0,1%-ын құрайды.

Десе де, кейбір дереккөз бұл шығын көлемі 2,25-тен 4,5 миллиард еуроға дейін жетуі мүмкін екенін хабарлаған. Аталған жағдай елдің энергетикалық инфрақұрылымының осалдығын көрсетіп, мұндай жағдайдың алдын алу үшін жүйені жаңғырту қажеттігі туындады.

The Objective басылымына сұхбат берген сарапшылар жүйенің істен шығуы Испания ішкі жалпы өніміне айтарлықтай ықпал еткенін айтады. Себебі, көптеген кәсіпорын жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғаны түсінікті. Корольдіктің ішкі жалпы өнімінің көлемі сарапшылардың сөзінше күніне – 4 млрд еуро. Мұның 14 пайызы өнеркәсіп саласының үлесінде (шамамен 575 млн еуро) тұр. Тағы 12 пайызы қызмет көрсету саласына тиесілі екен (шамамен 500 млн). Сондықтан, Испания экономикасының шығыны 1 млрд еуроға жетуі ықтимал.

Бұған дейін Испанияның энергия желісінің операторы Red Electrica тұтыну көлемінің 99,16% қалпына келгенін хабарлаған еді.

Euronews телеарнасы электр желісіндегі мәселелер Андорра мен Испаниямен қатар, Португалия, Францияның кейбір ауданында да туындағанын хабарлады.

Кеше Еуропаның бірқатар елінде жарықтың жалп еткенін жазсақ, бүгін оның қайта беріле бастағанын хабарладық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу