Электролиз зауытының үшінші кезеңі салынады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8523

Шетелдік екі компания құрылыстың бастапқы техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеуде.

Электролиз зауытының үшінші кезеңі салынады

Павлодар қаласындағы Қазақстан электролиз зауытының үшінші кезеңі салынады. Қазір құрылыстың бастапқы техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленуде. Бұл туралы индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Баитов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, Павлодар облысында алюминий кластерін дамыту жөнінде жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы Қазақстан электролиз зауытының үшінші кезеңін салу мәселесін пысықтауда.

"Қазіргі таңда Қытай және Біріккен Араб Әмірліктерінің екі компаниясы құрылыстың бастапқы техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуде. Аталған құжат осы жылдың соңына дейін дайын болмақ. Соның негізінде Еуразиялық топ зауыттың үшінші кезеңінің қандай шарттар негізінде салынатынын пысықтайды. Содан кейін барып құрылыс басталады", – деді ол индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік өкілі "Электролиз зауытының үшінші кезеңі қалайда салынады" деп нақтылады. Сондай-ақ, үшінші кезеңнің құрылысы аяқталған соң шетелге экспортталатын глиноземнің тағы да шамамен 300-400 мың тоннасы өз елімізде өңделетінін атап өтті.

Еске сала кетейік, электролиз зауыты салынбай тұрғанда Қазақстан жыл сайын 1,5 млн тонна глиноземді Ресейге экспорттайтын. Кейін Павлодар қаласынан электролиз зауытын салу туралы шешім қабылданды. Зауыттың алғашқы кезеңінің құрылысы 2005 жылы басталып, 2007 жылы аяқталды. Зауыт іске қосылған соң 500 мың тоннаға жуық глинозем өз елімізде өңделіп, одан бастапқы алюминий алына бастады.

Ал зауыттың екінші кезеңінде бастапқы алюминийден дайын өнім алу міндеті жүктелді. Бұл ретте, бастапқы алюминийдің кем дегенде 50 мың тоннасы Қазақстанда қайта өңделуге тиіс болды. Осылайша, Павлодарда бастапқы алюминийден алюминий құйындысын алатын Giessenhaus зауыты іске қосылды. Ал былтыр Giessenhaus-тың базасында автокөліктерге арналған алюминий дискілері шығарыла бастады. Бұл зауыттың екінші кезеңі ашылғаннан кейін алынуға тиісті дайын өнім еді.

Қанат Баитовтың сөзінше, ендігі міндет – алюминий бағанасын, алюминий фольгасын өндіру. Алайда, оған шикізат жеткіліксіз. Сол себепті зауыттың үшінші кезеңін салу керек. Жобаны жүзеге асыруға польшалық инвесторлар тартылады деп күтілуде.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу