2026 жылдан бастап, электромобильді елге әкелетін барлық адамдар қосылған құн салығын және басқа алымдарды төлей бастайды. Өйткені бұрынғы жылдары Қазақстанның аттай қалап сұрауымен, Еуразиялық одақ электрокарлардың белгілі бір көлемін "одақ кеңістігіне", яғни, Қазақстан аумағына еш салықсыз әкелуге рұқсат ететін, тиісті квота бөлетін.
Алайда Еуразиялық экономикалық комиссия 2026 жылдан бастап Қазақстанға ондай квота беруден бас тартты. Яғни, бұдан кейін жеке тұлғаларды осы салықтан босататын ізгі тәжірибе жойылады.
"Жығылғанға жұдырық" дегендей, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Салдарынан, елге экологиялық таза көлік түрін әкелетін азаматтарға бұрынғыдай 12% емес, енді 16% қосылған құн салығын төлеуге тура келеді.
ЕурАзЭК жеке тұлғалардың Қазақстанға әкелетін электромобильдерін кедендік баж алымдары мен ҚҚС-ті төлеуден 5 жыл бұрын, №107-ші шешімімен босатқан болатын. Бұл норманың мерзімі Астананың өтінуімен бірнеше рет ұзартылды және енді 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Kolesa.kz-ке жауабында одақтың бұл жеңілдікті ұзарту, келесі жылға квота бөлу туралы шешімді қабылдамай қойғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Жаңа салық кодексінде де электрлі тартыммен жұмыс істейтін автомобильдерді импорттаушыларға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.
"Бұл ретте Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) мөлшерлеме-ставкасы бойынша декларация жасалған жағдайда электрлі қозғалтқышы бар автомобиль үшін кедендік алым қолданыстағыдай 0% болып қала береді, бірақ хаттамаға (протокол изъятий) сәйкес ондай көлікті Қазақстан аумағынан тыс жерде сатуға болмайды. Алайда бұл жағдайда да міндетті түрде қосымша құн салығын төлеу керек болады. 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексінің 503-бабына сәйкес оның мөлшері 16%-ды құрайды", – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Ал, әзірге, 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін гибридтерді қоспағанда, елге электрлі қозғалтқышы бар машиналарды әкелушілер кедендік баждан, ҚҚС-тен, көлік салығынан және утилизациялық алымды төлеуден босатылады.
Қолданыста болған электрокарларды бастапқы тіркеу алымы да бензин не дизелмен жүретін, ішкі жану қозғалтқышы бар көліктерге қарағанда екі есе аз.
Алматылық аудитор және таксиші Ерсұлтан Батырханов осы игіліктердің арқасында қалаларымызда жолаушылар тасудан табыс табатын көптеген қазақстандық электромобильдерге көшіп алғанына назар аудартты.
"Такси қызметінде осындай машина көп. Соларға қиын болды. Өйткені алғашқы 3 жылдан соң электромобильдің батареясы тозып, сиымдылығын тез жоғалта бастайды. Шамамен 150 000-300 000 шақырым жүрістен соң бастапқы сиымдылығының 70%-дайы ғана қалады. Мұндай көлікті ешкім алмауы мүмкін. Аккумуляторларының көпшілігі 10 жылдан кейін ауыстыруды талап етеді, ал, бұл – көліктің жарты құны. Бұрын оңайы – жаңасын алғызу еді. Еуразиялық одақ бұған тыйым салып тастағалы тұр. Электрокарларды шетелден әкелу шығыны 50 пайызға дейін артуы мүмкін. Мұның залалы қандай? Қазақстанда келесі жылдан бастап, такси қызметі қатты қымбаттауы ықтимал", – деді Ерсұлтан.
Ол сондай-ақ Еуразиялық одақтың осы қадамы Қазақстан Президентінің экономиканы декорбанизациялау, яғни атмосфераға көміртегі шығындыларын азайту туралы жоспарына соққы болатынын қаперге салды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республика экономика мен өнеркәсіпте көміртегін аз пайдаланудың базалық тәсілдерін қарастыратын Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегінен таза ел болу доктринасын әзірледі.
Оның аясында Қазақстан 2060 жылға қарай парниктік газдың нөлдік деңгейіне жетуге міндеттеме алған. Егер халық қайтадан бензинмен және дизельмен жүретін көлікке жаппай көшсе, бұл міндеттеме орындалмай қалатын түрі бар.
"Енді гидридтер де, "электричкалар" да 1,5 есеге дейін қымбаттайды. Өйткені олардың қожайынына енді кедендік баждарды да, қосылған құн салығын да, бастапқы тіркеу алымын да төлеуге мәжбүр болады. Үлгермегені құр қалды. Келесі жылы LiXiang (Лисян / Li-Auto), Deepal (Дипал), BYD, Тесла, Zeekr, Changan және басқасы қолжетімсіз болып қалады", – дейді әлеуметтік желіде пікір білдірген Анатолий есімді азамат.
Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанға биыл тек 30 мың электромобильді алым-салықсыз әкелуге рұқсат етті. Бұл квота бітуге таяу.
"Қазақстанға электромобильдерді баж салығынсыз әкелу мерзімі 2023 жылы екі жылға, тек 2025 жылдың соңына дейін ғана ұзартылды. Сонда Еуразиялық одақтың барлық еліне (Ресейді қоспағанда) жалпы саны 96 мың электромобильді әкелуге квота бөлінген, соның 30 мыңы – Қазақстанға берілген болатын. Яғни, осылайша, қазақстандықтар үшін электрлі қозғалтқышы бар жеңіл көліктерді баж салығынсыз әкелу тәжірибесі биылғы жылмен аяқталады", – деген еді Премьер-министрдің орынбасары–ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Ал, "Авто из Китая" YouTube арнасының авторы Дінмұхаммед Сүлейменов электрокар алғысы келетін азаматтарға оны кешіктірмеу керектігін ескертті. Өйткені біріншіден, жұрттың бәрі асығыс алғызуда, бүгінде квота бітіп те қалуы мүмкін. Екіншіден, квота мерзімі 31 желтоқсанда дейін созылғанымен, мерзімі шынында одан аз қалды.
"Себебі, автомобильді шетелден тасымалдап, кедендік рәсімдерден өткізу – көп кезеңді процесс. Мұнда экспорттық құжаттарды дайындауға, шекарада электронды кезек алуға уақыт кететінін, жеткізу кезінде түрлі кедергі туындап, кешігуі мүмкін екенін ескеру қажет. Бұған қазан және желтоқсан айларындағы мерекелер мен демалыстар қосылады, ол күндері меморгандар қысқартылған режимде жұмыс істейді. Еуразиялық одақ жүйесінде де жиі ақаулар туындайды", – деді автосарапшы.
Сүлейменовтың байламынша, бір машинаны рәсімдеп, жеткізуге орта есеппен шамамен 39 күн кетеді. 31 желтоқсанға дейін 98 күн ғана қалды. Одан 39 күнді алып тастағанда 59 күн шығады.
Мұның ішінде Республика күні, Тәуелсіздік күні сияқты мерекелер де бар. Ендеше, сарапшының пікірінше, электрокарды жеңілдікпен алғысы келсе, 20–21 қарашадан кешіктірмей, тапсырыс бергені жөн. Бірақ оған дейін квота бітіп қалуы да ғажап емес.