Электронды сақтандыру полисі автожүргізушілердің жауапкершілігін жеңілдетпейді

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
17502

Менеджер рәсімдеп, курьер жеткізіп беретін сақтандыру полисі жаңаның жұрнағы емес, ескінің сарқыншағы.

Электронды сақтандыру полисі автожүргізушілердің жауапкершілігін жеңілдетпейді

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап көлік құралы иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖ МС) полисінің қолданыстағы үлгісі электронды сақтандыру полисіне алмастырылады. Осылайша көлік жүргізушілері қағаз полиспен қош айтысады. Алайда олардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің жүгі жеңілдемейді. Бұл – көлік құралын міндетті сақтандыру мен жол полициясы қызметкерлерінің сақтандыру полисін талап етуі жалғаса береді деген сөз.

ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі-баспасөз хатшысы Ирина Лукьянинаның түсіндіруінше, электронды сақтандыру полисі осыған дейінгі қағаз полистің баламасы, сондықтан оған қорқа қараудың қажеті жоқ. Керісінше көлік жүргізушілері жаңашылдыққа ұмтылуға тиіс.

"Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына енгізілген толықтырулар мен өзгерістер қалыптасқан  жүйені түбегейлі өзгертпейді. Бұрынғы талап пен тәртіп сол қалпында сақталып қалады. Тек қағаз полис электронды полиске ауысады. Қазір көлік жүргізушілері сақтандыру полисін рәсімдеген кезде оларға қатысты барлық мәлімет электронды базаға енгізіліп, көлік иесіне сақтандыру полисінің қағаздағы нұсқасы табысталып жүр. Жаңа жылдан бастап осы іс әрі қарай жалғасады, тек жүргізушінің қолына қағаз құжат берілмейді. Көлік жүргізушісі сақтандыру полисінің қағаздағы нұсқасын сұраса, оны шығарып беруге болады, бірақ қолданысқа электронды сақтандыру полисінің енгізілуіне байланысты сақтандыру полисінің қағаз нұсқасы қажет болмайды", – деді Ирина Лукьянина.

Ресми өкіл электронды сақтандыру полисін рәсімдеу механизмі қалай болатынын заң шығарушылар мен сақтандырушылардан сұрау қажеттігін алға тартып, әкімшілік полиция комитеті жүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырғаны мен сақтандырмағанын анықтаумен айналысатынын айтты.

Осы орайда біз электронды сақтандыру полисі қалай рәсімделетінін нақтылағанды жөн көрдік. Сонымен жаңа жылдан бастап КҚИ АҚЖ МС полисі дәстүрлі түрде және онлайн рәсімделеді. Алғашқысы түсінікті, сақтанушы сақтандырушыға келеді және мәселені кеңседе, сақтандыру агентінің көмегімен шешеді. Бұл жердегі жаңашылдық сақтандырудың екінші түрі, яғни онлайн-сақтандыру болып тұр.

Жеке және заңды тұлғалар сақтандыру компаниясына бас сұқпастан, онлайн-сақтандыру жасай алады. Бұл үшін ұялы телефон мен компьютердің көмегіне жүгінеді. Олар сақтандырушыларға сақтандыру полисін алуға қатысты мәлімет жолдайды. Ал сақтандырушылар өз шоттарына тапсырыс берушінің төлемі түскеннен кейін келісімшарт жасалғанын растап, мәліметтерді сақтандырудың бірыңғай деректер базасына (СБДБ) қосады. СБДБ жеке немесе заңды тұлғалардың келісімшартын тіркеп, оған бірегей нөмір бекітеді. Кейін сол нөмірді сақтандырушыға жолдап, сақтандыру компаниясы мен жеке және заңды тұлғалар арасында келісімшарт бар екенін растайтын деректі сақтап қояды. Бұған қоса СБДБ келісімшарт жасалғаны туралы ақпаратты SMS-хабарламамен сақтандыру компаниясына және сақтанушыларға жолдайды. Өз кезегінде сақтандыру компаниясы бірегей нөмірі бар құжатты электронды полис деп таниды. Сақтандырылған тұлғалар талап етсе, сақтандыру полисі олардың электронды пошталарына жіберіледі, я болмаса жеке кабинетіне орналастырады. Осылайша автожүргізушілер электронды полистің иесі болып шыға келеді. Айтпақшы клиент сақтандыру полисінің қағаздағы нұсқасын сақтандыру компаниясына келіп немесе жеке кабинетінен өзі басып шығара алады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көлік жүргізушісі жол-патрульдік полициясының талабы бойынша сақтандыру полисін көрсетуге міндетті. Көлік құралын сақтандыру полисінсіз басқарған жүргізуші 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Сақтандыру полисі мүлде болмаса, айыппұл көлемі 20 АЕК-ге өседі.

Бірден айтайық, КҚИ АҚЖ МС полисі жаңа нұсқаға ауысқаннан соң "сақтандыру полисін өзіңмен бірге алып жүру қажет емес" дегенді "міндетті сақтандырудан өтпеуге болады" дегенмен шатастырмау керек. Көлік құралының иелері жыл сайын міндетті сақтандырудан өтуге тиіс. Бұлай болмаған жағдайда, яғни электронды полисі жоқ автожүргізушілер жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің "қаһарына" ұшырайды.

Ирина Лукьянинаның сөзінше, 3 жылдан бері автожүргізушілер темір тұлпарларының техникалық тексерістен өткенін растайтын құжатты өздерімен бірге алып жүрмейді және бұдан ешқандай шу шықпаған.  

"Қазіргі таңда полиция қызметкері көлік құралын тоқтатқан кезде жүргізушіден техникалық тексерістен өткенін растайтын құжат талап ете алмайды. Полиция қызметкері автокөлігін техникалық тексерістен өткізбеген жүргізушіге айыппұл арқалатқысы келсе, оған электронды базадағы мәлімет арқылы  көлігінің техникалық тексерістен өтпегенін көрсетуі керек. Себебі әкімшілік құқық бұзу кодексі бойынша, жүргізуші автокөлігінің техникалық тексерістен өткенін немесе өтпегенін полиция қызметкеріне қағазбен дәлелдеуге міндетті емес. Полиция қызметкері автожүргізушінің техникалық тексерістен өткен-өтпегенін немесе электронды полисі бар не жоқ екенін мемлекеттік несие бюросы мен жергілікті көлік бюросының сондай-ақ мәліметтерді сақтандырудың бірыңғай дерек базасынан білуге тиіс. Техникалық ақаулықтың салдарынан полиция қызметкері құқық бұзушылыққа қатысты мәліметке қол жеткізіп, оны көлік жүргізушісіне көрсете алмаса, онда көлік құралының иесінен құжаттың қағаздағы нұсқасын талап ете алмайды және әкімшілік хаттама толтыру құқығынан айырылады. Естеріңізге салайын, электронды сақтандыру полисі қолданысқа 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енеді. Осыған орай көлік жүргізушілері әзірше  аталмыш құжаттың қағаз нұсқасын өздеріне жақын жерде ұстаулары тиіс", –  деді комитеттің баспасөз хатшысы.

Айтпақшы ел арасында: "онлайн-сақтандыру бұған дейін болған" деген пікір бар. Мұны "НОМАД Иншуранс" СК" АҚ басқарма төрағасы Дәурен Иманжанов жоққа шығарып отыр. 

Оның сөзінше, сақтандыру компаниясының менеджері рәсімдеп, курьері жеткізіп беретін КАСКО немесе КҚИ АҚЖ МС полисі жаңаның жұрнағы емес, ескінің сарқыншағы. Онлайн-сақтандыру Қазақстанды қағазбастылықтан құтқарып, цифрлық жүйеге көшіруді көздеп отыр. Бұл жерде барлық мәселе заманауи гаджеттермен, мобильді қосымшалармен, компьютермен, POS-терминалмен, төлем картасымен, SMS-хабарламамен шешіледі", – деді басқарма төрағасы.

Дәурен Иманжанов онлайн-сақтандырудың экономикалық тиімділігіне де тоқталды.

"Қолданыстағы қағаз полистер Қазақстан банкнот фабрикасында басылады. Оған қыруар қаржы кетеді. Былтыр біз міндетті сақтандыру полисінің қағазына 33 млн теңге жұмсадық. Қағаз полистерді қолданыстан шығарып, онлайн-сақтандыруға көшу арқылы жыл сайын 100 мың доллар үнемдеуге болады", – деді ол.

Дәурен Иманжановтың айтуынша, алаяқтар жалған сақтандыру полистерін сатып, табыс тауып жүр.

"Біздің есеп бойынша, еліміздің сақтандыру нарығындағы сақтандыру полистерінің шамамен 20-25%-ы қолдануға жарамсыз. Жүргізушілер әлдекімдерден алған сақтандыру полистерінің заңдық күші жоқ екенін және өздерін ешқандай жағдайдан сақтандырмайтынын сезбей, білмей жүре береді. Сақтандыруға қатысты жағдай тіркелген кезде компания сақтандыру полисін тексереді. Кейде, іс барысында құжаттың жалған екені анықталып жатады. Біз полициямен бірлесіп, алаяқтарға қанша соққы жасасақ та, олар тізгіндерін тартпай жүр. Онлайн-сақтандыру осындай олқылықтың алдын алады және оны түп-тамырымен жояды", – деді басқарма төрағасы.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу