Бүгін, 16 қазанда Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (№9) Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирде сынға түсті. Ол жарысты екінші айналымнан (1/8 финал) бастап, украиналық Даяна Ястремскаямен (№30) кездесті. Ястремская бірінші айналымда канадалық Виктория Мбоконы (№24) 6:3, 7:6 (7:3) есебімен жеңген еді.
Алғашқы сетте Рыбакина 2:4 есебімен ұтылып жатқанымен, ойынның бағытын өзгертіп, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда жеңіс украиналық теннисшіге бұйырды – 7:6 (8:6). Алайда шешуші сетте қазақстандық спортшы басым түсіп, 6:3 есебімен матчты өз пайдасына аяқтады. Кездесу 2 сағат 51 минутқа созылды. Рыбакина 10 эйс жасап, 3 қос қателік жіберді. Ал Ястремскаяның еншісінде 8 эйс және 15 қос қателік бар.
17 қазан күні 13:00-де ширек финалда Рыбакина аустралиялық Айла Томляновичпен (№104) кездеседі. Ол 1/8 финалда түркиялық Зейнеп Сёнмезді 7:6 (8:6), 6:3 есебімен жеңді.
Турнир 13–19 қазан аралығында Нинбода өтіп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1,06 миллион долларды (шамамен 569 миллион теңге) құрайды.