Елена Рыбакина Майами турнирінен кейін рекорд орнатты

154

Қазақстандық теннисші спорттық жолында WTA 1000 жарыстарында 13 рет жартылай финалға жолдама алды.

Елена Рыбакина Майами турнирінен кейін рекорд орнатты Фото: WTA

Майами (АҚШ) WTA 1 000 турнирінің жартылай финалына шыққан Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина ерекше нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, Е.Рыбакина Азия елдері бойынша үздік көрсеткішті жаңартты. 2009 жылы WTA 1000 додасы басталғаннан бері қытайлық Ли На бұған дейін 12 рет жартылай финалға шыққан еді.

Сонымен қатар қазақстандық спортшы 2009 жылдан бері Индиан-Уэллс пен Майамиде бірнеше маусым қатарынан жартылай финалға өткен үшінші теннисші атанды. Сөйтіп, ол ресейлік Мария Шарапова мен беларусьтік Виктория Азаренконың жетістігін қайталады.

Оған қоса америкалық Джессика Пегуламен өткен ширек финалдық матчта Елена 15 эйс жасады. Бұл да – осы додадағы биылғы озық көрсеткіш.

Елена Рыбакина финалға шығу үшін Майами турнирінің өткен жылғы чемпионы, әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен таласады.

Қарсыластар осыған дейін 16 рет кездескен. Есеп – 9:7, Соболенконың пайдасында.

Биыл Аустралия ашық чемпионатының финалында Рыбакина жеңсе, кейін Индиан-Уэллсте Соболенко қарымта қайырды.

Е.Рыбакина WTA Live рейтингісінде қазіргі кезде ұпай санын 8 108-ге жеткізді. Көш басындағы А.Соболенконың еншісінде 10 415 ұпай бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу