Елена Рыбакина: "Тағы бір қиын жекпе-жек күтіп тұр"

769

Майами WTA 1000 турнирінің жүлде қоры 8,8 миллион долларды (4,01 миллиард теңге) құрайды.  

Елена Рыбакина: "Тағы бір қиын жекпе-жек күтіп тұр"

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті. Мастерс жарысының 10-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина доданы екінші айналымнан бастады. Ол дүниежүзілік рейтингте 64-орында тұрған ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасып 7:5, 4:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

OptaAce мәліметінше, бұл Рыбакинаның WTA мансабындағы қатарынан тоғызыншы жеңісі болды. Бұған дейін қазақстандық екі рет жеті матчтан тұратын жеңісті серияға қол жеткізіп, оның бірінде 2022 жылы Уимблдонда чемпиондық титулға қол жеткізді.

Енді Елена Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен кездеседі. 1/16 финал аясында өтетін матч елорда уақытымен 26-наурыз күні таңғы 6:30-да басталады. Осы орайда қазақстандық теннисші алдағы кездесу туралы өз пікірімен бөлісті.

"Тағы бір қиын жекпе-жек күтіп тұр. Мен үшін ең бастысы - қалпыма келіп, барынша сергек болуға тырысу. Сондықтан бар күшімді саламын. Кездесудің қалай өтетінін көре жатармыз", - деді Елена The Tennis Letter басылымына берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Рыбакина WTA 1000 санатындағы турнирде мансабында алғаш рет Индиан-Уэллсте жеңіске жеткен болатын. Сонымен қатар, қазақстандық теннисші спорттық мансабында алғаш рет Арина Соболенконы жеңді. Индиан-Уэллстегі жеңісінің арқасында Рыбакина WTA рейтингінде 3 саты жоғары көтеріліп, әлемнің 7-ракеткасы атанды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу