Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Торонто (Канада) WTA 1000 турнирінің финалында өнер көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде кезінде әлемдік рейтингіде көш бастаған, қазіргі кезде 8-сатыдағы Польша өкілі, "Үлкен дулыға" турнирінің бес дүркін чемпионы Ига Швентекпен бас жүлдені сарапқа салды.
Қарсыластар осыған дейін 12 рет кездескен, есеп 6:6, тең еді. Бұл жолы чемпиондық ойын 6:2, 6:3 есебімен Швентектің пайдасына шешілді. Бір сағат 16 минутқа созылған матчта Рыбакина 1 эйс жасағанымен, 2 брейк-пойнтты пайдалана алмады. Швентек 5 брейк-пойнттың төртеуін құр жібермеді.
Швентек 1 мың рейтингілік ұпайға қоса 1 млн астам доллар пайда тапты.
Е.Рыбакина 650 рейтингілік ұпаймен бірге 554 920 долларға қол жеткізді. Сонымен қатар қазақстандық теннисші әлемдік рейтингіде көш басындағы белоруссиялық Арина Соболенкомен арадағы ұпай айырмашылығын қысқартты. Күні бүгін Соболенконың есебінде 8 670, Рыбакинада 8 316 ұпай бар.
Енді әлемнің маңдайалды теннисшілері Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 додасында бақ сынайды. Өткен жылы мұнда да Рыбакина жартылай финалға дейін жеткен еді. Сол рейтингілік ұпайын қорғауға тура келеді.