Елена тағы да Соболенкомен кездесе ме?

782

Елена Рыбакина Майамиде өтетін WTA 1000 турниріне қатысады.

Елена тағы да Соболенкомен кездесе ме?

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллстегі (АҚШ) жарыстың қорытындысы бойынша мансабында алғаш рет WTA 1000 санатындағы турнирде чемпион атағын жеңіп алды. Ол ақыры Арина Соболенкоға есе қайтарып, Әлемдік рейтингте 3 саты жоғары көтеріліп, әлемнің 7-ракеткасы атанды. Оған қоса жарты миллиард теңгеден астам қомақты табыс тапты. Бірақ 23 жастағы теннисшінің жақын арада демалуға уақыты болмайды. Енді Рыбакина АҚШ-тың батыс бөлігінен, Калифорния штатынан елдің шығыс жағалауына – Майамиге (Флорида) жол тартады. Онда жүлде қоры 8,8 миллион доллар (4,01 миллиард теңге) болатын WTA 1000 екінші турнирі өтеді. Наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні турнирдің негізгі жеребесі аясындағы кездесулер басталады.

Рыбакина турнирдің оныншы ракеткасы болып тіркелді. Өйткені ол жарысқа Индиан-Уэллстегі турнирдің қорытындысы бойынша ресми рейтинг жаңартылғанға дейін өтінім берген. Рейтингі жоғары болғандықтан ол жарысты автоматты түрде екінші айналымнан бастайды.

Еленаның қарсыласы бірінші кезеңдегі ресейлік Анна Калинская (No64) мен Андорра өкілі Виктория Хименес Касинцева (No171) арасындағы кездесуде анықталады. 24 жастағы Калинскаямен Рыбакина төрт жыл бұрын бір рет ойнап, жеңіліп қалды – 4:6, 4:6. Бірақ 17 жастағы Хименес Касинцевамен Еленаның жолы әлі тоғысқан жоқ. Жасөспірімдер арасында Анна мен Виктория өздерін керемет көрсетті. Ресейлік теннисші жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингте үшінші болды және жекелей сында Үлкен дулыға турнирінде финалға дейін жеткен. Андоррадан келген теннисшіге келер болсақ, ол әлемдік рейтингте бірінші орында болған және бір "Үлкен дулыға" турнирінің жүлдесін жеңіп алды. Дәл қазір екеуі де Еленаға үлкен қауіп төндіруі екіталай. Бірақ оларды да бағаламай кету де қателік болар. Оған қоса Майамиде Рыбакина Индиан-Уэллсте өткен екі аптада жоғалтқан бар күшін қайта қалпына келтіруі керек. Сонымен қатар Атлант мұхиты жағалауындағы жаңа жағдайларға бейімделуі керек.

Рыбакина Майамиде спорттық мансабында үшінші рет ойнайды.  Бірақ бұл турнирде елена осыған дейіңн сәтті өнер көрсетті деп айта алмаймыз. 2021 және 2022 жылы ол турнирді екінші айналымнан бастады. Екінші айналымда сәтті өнер көрсеткенімен,  екі жыл қатарынан үшінші кезеңде сүрінді. Алдымен оны испаниялық Сара Соррибес Тормо – 1:6, 6:3, 2:6, одан кейін америкалық Джессика Пегула – 3:6, 4:6 есебімен жарыс жолынан шығарды.

Физикалық және психологиялық тұрғыдан соңғы екі көктемгі WTA 1000 турнирлері - Индиан Уэллс пен Майамиде жеңіске жету өте қиын. Бұл көп күш пен мотивацияны қажет етеді. Тарихта тек төрт теннисші ғана – Штеффи Граф (1994, 1996), Ким Клайстерс (2005), Виктория Азаренка (2016) және Иге Швентек (2022) қатарынан екі турнирде жеңіске жеткен.

Рыбакина Майамидегі титулға жету үшін келесі теннисшілермен кездесуі ықтимал

Бірінші айналым - автоматты түрде өтті

Екінші айналым – Анна Калинская

Үшінші айналым – Паула Бадоса

Төртінші айналым – Дарья Касаткина

1/4 финал - Ига Швентек

Жартылай финал - Джессика Пегула/Коко Гауфф

Финал – Арина Соболенко/Онс Жабер/Мария Саккари

Біз Рыбакинаның Майамидегі турнирдегі алғашқы ойынын асыға күтеміз. Еліміздің бірінші ракеткасының жеңісті сериясы Индиан-Уэллспен аяқталмады деп сенеміз. Айта кетейік, ол Майамидегі турнирде жеңіске жетсе, әлемдік рейтингте алтыншы орыннан жоғары көтерілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу