Елеусінов Джулиус Индонгомен кездеседі

1875

2016-жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов кәсіби рингтегі келесі кездесуін сәуір айында орта салмақтағы бұрынғы Әлем чемпионы Джулиус Индонгоға қарсы өткізбек.

Елеусінов Джулиус Индонгомен кездеседі

Елеусіновтің спорттық мансабындағы алғашқы маңызды кездесулерінің бірі Индонгоға қарсы өтетіні жайлы ESPN телеарнасы хабарлады. Данияр кәсіби рингте тоғыз кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жеткен. Бірақ, бұған дейін Индонго сияқты танымал спортшылармен кездесу өткізген жоқ.

Намибиялық боксшы кәсіби рингте қарсыласының бетіне соққыларды дәл бағыттайтындықтан, "Машина" лақап атына ие болған. Ол бұған дейін жеңіл және орта салмақта өнер көрсеткен. Дегенмен, Индонго Елеусіновтің салмақ дәрежесінде ең көп жетістікке жетіп, WBA (2017 ж), IBF (2016-2017 ж), IBO (2016-2017 ж) бойынша Әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар ол осыған дейін кәсіби бокста 25 кездесу өткізіп, оның 23-ін жеңіспен, екеуін жеңіліспен аяқтаған. 2016-жылы Мәскеуге шақырту алған Индонго мүмкіндігін сәтті пайдаланды десек те болады. Ол орта салмақта IBF және IBO бойынша Әлем чемпионы Эдуард Трояновскиймен кездесті. Кездесудің аутсайдері деп есептелгенімен, жұдырықтасудың небәрі 40-секундында Джулиус Трояновскийді нокаутқа жіберді. Осылайша спортшының атағы жер жарды.

Ал, енді 17-сәуір күнге жоспарланған Данияр Елеусінов пен Джулиус Индонгоның кездесуі Оксон-Хиллда  (АҚШ) MGM National Harbor рингінде өтуі тиіс. Жұдырықтасу он раундқа ұласпақ.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу