Еліміз сукукты шығарудың арқасында 300 млн доллардай қаржы тарта алады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2062

2018 жылы дербес исламдық құнды қағаздар шығарылуы мүмкін.

Еліміз сукукты шығарудың арқасында 300 млн доллардай қаржы тарта алады

Акциялар Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында шығарылуы мүмкін. Бұл жайында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы пленарлық отырысында ҚР инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.

"Осы жылдың IV тоқсанында АХҚО алғашқы сауданы жасауға дайын болады, бұл "Самұрық-Қазына" АҚ активтерін жекешелендіруге және IPO-ға шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге АХҚО исламдық және "жасыл" қаржының өңірлік орталығы болады. Экологиялық бағытқа қатысты жұмыстар ЕҚДБ-мен бірге жүргізіледі. 2018 жылы 300 млн доллар көлемде дербес мемлекеттік ислам құнды қағаздарын шығару мәселесі талқыланып жатыр", – деді ол.

Бұдан бұрын ислам құнды қағаздарын тек Қазақстан даму банкі ғана шығарған болатын, ал Қазақстан өзі мемелекет ретінде мұны әлі қолға алған емес.

АХҚО экологиялық тұрғыдан құнын  жоғалтпайтын жобаларды инвестициялауға, сондай-ақ "жасыл" қаржыландыру бағдарламасын іске қосуға арналған алаң болады деп жоспарланып отыр. "Жасыл" жобалар қалдықтардың төменгі деңгейі мен климаттың тұрақты өзгеруіне әкелетін "жасыл" экономикаға көшуге бағытталған.

Сонымен қатар АХҚО 2020 жылға қарай Орталық Азия мен ТМД елдеріне өңірлік ислам орталығы ретінде  қалыптасу үшін  қолайлы реттеуші ортаны қамтамасыз етуге тырысады. Исламдық қаржыландыруды дамытудың мақсатты жоспарын құру – исламдық банк өнімдерін, капитал нарығының исламдық құралдарын және басқа да исламдық қаржыландыру құралдарын қарастырады. Лицензиялауға қатысты барлық қажетті реттеу актісі мен құжатты 2020 жылдың қыркүйегіне дейін бітіру жоспарлануда. Ислам қаржылық компанияларын жерсіндіру 2018 жылдың қаңтарынан басталмақ.

"Нұрсұлтан Әбішұлы, осылайша сіздің 29-шы кеңес отырысындағы тапсырмаңызды орындау АХҚО-ны 2018 жылдың қаңтарынан бастап толық іске қосуға мүмкіндік береді", – деді Жеңіс  Қасымбек.

Ол осы жылдың наурыз айында Конститутцияға АХҚО-ның негізгі ерекше құқықтық тәртібін белгілейтін түзетулер енгізілгенін еске салып өтті. Қаржы қызметі мен ағылшын құқығы саласында жұмыс істейтін халықаралық сарапшылармен бірлесіп тәуелсіз сот пен халықаралық төрелік орталықтың нормативті құжаттарын әзірлеу аяқталып қалды.  

АХҚО-ның құқықтық жүйесі Англия мен Уэльстің сот тәжірибесі принциптеріне, сондай-ақ халықаралық жетекші орталықтардың стандарттарыне негізделген. Орталық қатысушыларының арасында туындаған дауларды сапалы судьялармен қамтылған АХҚО соты шешетін болады. Кез келген дауды жеке мекеме – халықаралық төрелік сот қарайды.

АХҚО-ның соты өз жұмысын іске асыруда ешкімге тәуелді болмайды, сондай-ақ ҚР сот жүйесінен бөлек жұмыс істейді де, қылмыстық және әкімшілік істерге қатысты құзыретке ие болмайды. АХҚО аумағында ҚР сот шешімдерін орындау ҚР заңдарына сай іске асатын болады. АХҚО соты 2018 жылдың қаңтарында іске қосылады деп жоспарлануда.

Халықаралық төрелік сот (ХТС) төрелік келісім барысында туындауы мүмкін дауларды шешетін институт болады. Төрелік келісім тараптары Қазақстанда және шетелде төрелік шешімдерді орындау және мойындау, жеткізу рәсімдері арқылы өз уақыттарын үнемдеп, сот шығындарын айтарлықтай қысқарта алады.

Орталық аумағында ҚР төрелік соттары шығарған төрелік шешімдерді орындау мен мойындау ҚР заңына сәйкес іске асатын болады. ХТО 2018 жылдың қаңтарында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

"АХҚО биржасын құруға қатысты жұмыстар аяқталып қалды. Жаһандық биржа көшбасшыларының ішінен стратегиялық серіктестер белгіленді. Шанхай биржасы АХҚО-ның жаңа биржасының акционері болады. Бұл Қытай инвестицияларына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Америкалық NASDAQ биржасымен жоғары технологиялық сауда платформаларын енгізу туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ NASDAQ биржа капиталына кіруді де қарастырып жатыр", – деді Жеңіс Қасымбек.

Nasdaq (Nasdaq: NDAQ) сауда, клиринг, қор технологиялары, листинг, ақпараттарды ұсыну мен компанияларды жариялау саласында қызмет көрсететін әлемнің алдыңғы қатарлы жеткізушісі болып табылады. Nasdaq өзінің әр алуан шешімдер қоржынының арқасында жаһандық капитал нарығы бойынша ашықтық пен нақты түсінікті қамтамасыз ететін бұрын қолданылған технологияларды қолдана отырып, клиенттерге бизнестерін сенімді түрде жоспарлауға, оңтайландыруға және іске асыруға мүмкіндік береді. Әлемдегі алғашқы электронды қор нарығын құрушы Nasdaq 50 елдің 89-дан астам нарығын өз технологиясымен қамтамасыз етеді.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться