Елімізде бизнес өзін-өзі реттейтін болды

1759

Үкімет билік пен бизнестің ынтымақтастығын бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге шығармақ. Осы мақсатта мемлекеттік біраз құзырет заң жүзінде кәсіпкерлердің өздеріне тапсырылатын болады.

Елімізде бизнес өзін-өзі реттейтін болды

Бұл туралы бүгін парламент мәжілісінде жария етілді. Осы күні ел үкіметі депутаттар алдында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұсауын кесті.

Құжатты ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов қорғады. Оның айтуынша, мемлекеттің өкілеттіктерін бәсекелестік ортаға тапсыру – ұлт жоспарының 97-қадамы ретінде елбасының өзі белгілеген міндет болып табылады екен. Расында, 97-қадам – өзін-өзі реттеуді дамыту және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Вице-министрдің мәліметінше, бұл жаңа заңдағы өзгерістер мен толықтырулар 7 заңнамалық актіге, соның ішінде қолданыстағы 3 кодекске және 4 заңға енгізіледі.

Заң жобасында "экологиялық аудит саласында өзін-өзі реттеуді енгізумен байланысты" Экологиялық кодексті және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің экологиялық аудит туралы заңнаманы бұзу жөніндегі бабын өзгертеді. "Әкімшілік рәсімдер туралы" заңында "мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру бойынша негізгі тәсілдерді" бекітеді.

Сондай-ақ, "Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" заңын түзетеді, яғни "Атамекен" палатасына мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру бөлігінде кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделерін білдіру және құқықтарын қорғау бойынша қосымша функциялар береді.

Заң жобасында егер бәсекелестік орта мемлекеттік функцияларды сапасыз іске асырса, оларды қайтару тетігі қарастырылған екен.

Ұлттық экономика министрлігі кейбір функцияларды бәсекелес ортаға беру қарастырылмайтынын айтады. Бұлар негізінен ұлттық, ақпараттық қауіпсіздік, қорғаныс және қоғамдық тәртіпті қорғауға және басқа салаларға бағытталған.

Жалпы, мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру "жыл сайынғы негізде, жүйелі түрде" жүргізілетін болады.

Сонымен, үкімет ұсынып отырған алгоритм 7 негізгі кезеңнен тұрады.

Бірінші және екінші кезеңде бәсекелес ортаға берілуге тиіс мемлекеттік органдардың функцияларын іріктеу және алдын ала тізімді мақұлдау іске асырылады.

Үшінші кезеңде талқылау жүргізіледі. Бұл КҰП пен ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурстарында функциялардың бастапқы тізілімін орналастыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Келіп түскен өтініштерді талдау негізінде әлеуетті өнім берушілерді анықтау мақсатында нарық қатысушыларынан жауап күтіледі.

Келесі, төртінші кезең ең маңызды болып табылады. Бұл кезеңде мемлекеттік органдар нарықтың дайын болуына және реттеушілік әсерге талдау жүргізеді.

Талдау нәтижелері бойынша комиссия функцияларды беруге соңғы ұсынымдарды қалыптастырады. Бұл – бесінші кезең болып саналады.

Бұдан әрі алтыншы кезеңде тиісті заң жобасы әзірленеді, функциялар бәсекелес ортаға берілуі жүзеге асырылатын заң жобасы қабылданған жағдайда ғана беріледі.

Жетінші кезеңде бәсекелес ортаға берілген мемлекеттік органдардың функцияларын жүзеге асыруға мониторинг жүргізу тәртібі көзделеді. Мониторинг нәтижесі қанағаттанарлықсыз болса, функцияларды қайтару мәселесі комиссияға шығарылады және қажет болған жағдайда функция мемлекеттік органға заңды түрде қайтарылуы мүмкін.

Ұсынылған алгоритм мемлекеттік органдар функцияларын бәсекелес ортаға сапалы беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұлттық экономика министрлігінің сендіруінше, осы кезеңдердің барлығы ашық және азаматтарға қол жетімді болады. Бұл азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кең талқылауға тартуға мүмкіндік береді.

Функцияларды бәсекелес ортаға беруді 5 тәсілмен жүзеге асыру ұсынылады. Толық не ішінара беру қарастырылады.

Бұл жерде "толығымен берілген" деп пайдаланушылардың немесе өзін-өзі реттейтін ұйымның есебінен толығымен орындалатын функция есептеледі. Бұл жағдайда функция мемлекеттік органның құзыретінен заңнамалық түрде алынып тасталады және бәсекелес ортаға беріледі.

"Функцияларды ішінара беру" ретінде қазіргі уақытта белгілі мемлекеттік органдардың функциялары берудің аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік тапсырма арқылы іске асыру түсіндіріледі.

"Атамекен" КҰП өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне палата әзірлеген стандарттардың, ережелердің және нормативтердің сақталуы бөлігінде бақылау жүргізеді.

Заң бойынша денсаулық сақтау министрлігінің азаматтардың көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына қанағаттану дәрежесін анықтау бойынша функциясы бәсекелес ортаға беріледі. Қазіргі уақытта функцияны денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы жүзеге асырады. Объективтілікті қамтамасыз ету үшін бұл функцияны іске асыруды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы "үкіметтік емес ұйымдарға" беру ұсынылады.

Вице-министр жаңа заң жобасын іске асырудың қандай пайдасы барлығын термеледі:

Біріншіден, мемлекеттің өзіне тән емес функцияларын бәсекелестік ортаға жүйелі түрде беру үшін құқықтық негіз қалыптастырылады. Екіншіден, шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысуын арттыру, соның ішінде өзін-өзі реттеуді дамыту мүмкін болмақ. Бұл азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында билік органдары мен бәсекелестік орта (кәсіпкерлер, ҮЕҰ және азаматтар) арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді. Бәсекелестік орта қоғам алдындағы міндеттемелердің сапалы орындалуы үшін нарықтың жауапкершілік алуға дайын болуға тиіс.

Бұл бағытта мемлекеттік органдардың жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта нарықтың дайындығына талдау келесі функциялар топтары бойынша жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, энергетикалық аудит, қатты қалдықтарды өңдеу, салықтық консультациялар, медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметі және басқа салалар қарастырылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу