Елімізде газдың бағасы Еуропамен салыстырғанда 19 есе арзан

Қазақстандықтар мың текше метр газды 44,7 долларға тұтынса, Еуропада бұл көрсеткіш 2000 долларды құрайды.

Елімізде газдың бағасы Еуропамен салыстырғанда 19 есе арзан

Бұл туралы БАҚ өкілдерімен кездесу барысында "QazaqGaz" Ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Санжар Жәркешов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.

Оның сөзінше жоғарыдағы келтірілген деректер бөлшек саудадағы баға. Бүгінде елімізде тауарлық газға да баға белгілеу мәселесі өте өзекті. Себебі оның құны әлем елдерімен салыстырғанда төмен. Сондықтан өндірушілер өндірісті арттыруға  қызығушылық танытпай отыр.

"Бұрын мәселені шешуге Қытайға газ экспорттау көмектесті. Осы арқылы халық үшін арнайы бағалар белгіленді. Ал қазір тұтыну артты, алайда экспортталатын ештеңе жоқ", – деді спикер.

Нәтижесінде, Қазақстанда газ тапшылығы туындап, бұл ұлттық оператордың қызметіне ықпал етті. 

"Әр текшеден 11 теңгеден ұтылып отырмыз. Болжам бойынша биылғы жылдың соңына қарай шығын көлемі 184 млрд теңгеге жетеді. Соңғы 5 жылда 587 млрд теңге шығын жинақталды. Осылай кете берсе үш жылдан кейін компанияның шығыны 1 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Оларды қалай жабамыз? Әлбетте, республикалық бюджеттен қаржы сұрауға тура келеді", – деді Санжар Жәркешов.

Оның айтуынша, қыркүйекке қарай компания жаңа бизнес-жоспар әзірлеп, таныстырмақ. Сонымен қатар 2022-2026 жылдарға арналған еліміздің газ саласын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыруға қатысу көзделген. 

"Кәсіпорын қазірдің өзінде "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңға әлеуметтік әділ баға реформасы бойынша ұсыныстарға бастамашы болды. Оның ішінде газды сатып алатын тұтынушылар санаттарын кеңейту бар. Қазір 9 санат болса, оның тізіміне майнерлер сынды бөлек бағыттарды қосып, тізімді 11-ге жеткізу көзделген. Осы уақытқа дейін әлеуметтік осал топ санатындағы қазақстандықтарға бағаны 20%-ға төмендеттік. Осы сынды жұмыстар жалғасады", – деді спикер. 

Сонымен қатар Санжар Жәркешов IPO-ға шығу туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл үшін бірінші кезекте инвесторларға тартымды кезеңді таңдау маңызды. 

"Инвесторлар компанияның тұрақтылығына, қаржылық табыстылығына назар аударады. IPO-ға шықпас бұрын үлкен дайындық керек. 2023 жылы бүкіл әлемдегі қаржы нарықтары үшін жақсы жыл болатынына сенімді емеспін. Себебі келесі жылы қандай өзгерістер болатынын ешкім білмейді", – деді ұлттық компания басшысы сөзін түйіндей келе. 

Құралай Құдайберген

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться