Елімізде коммерциялық нысанды жалдау Еуропадан қымбат

2564

Қазақстанда бизнестің дамуына кедергі болып тұрған тағы бір түйткіл анықталды.

Елімізде коммерциялық нысанды жалдау Еуропадан қымбат

Мақтанатын жайт емес, қайта қынжылтатыны сол, еліміз коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру бағасы бойынша әлемдегі ең қымбат мемлекеттердің қатарына жатады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан қазірден дамыған елдер қатарына кіріп қойған деуге болады. Мәселен, бір шаршы метрінің жалға алу бағасы жылына 830-870 еуро ғана тұратын бизнеске арналған орынжайды Парижде табуға болады. Женева мен Цюрихте бір шаршы метрдің бір жыл бойғы жалдау құны орташа есеппен 730-750 еуро, Берлинде жылына – 590-660 еуро, Миланда – 520-550 еуро, Валеттада – 350-400 еуро, Барселона мен Мадридте – 340-360 еуро, Лиссабонда – 300-320 еуро, Афиныда – 290-320 еуро, Будапештте жылына небары – 190-210 еуро болады.

Ал елорданың сол жағалауында кейбір салтанатты бизнес орталықтары мен сауда орталықтарында әр шаршы метр үшін айына 35 доллардан сұрататыны бар. Демек, әр шаршы метрдің жалға алу бағасы жылына 420 доллардан асып жығылады. Бұл жерде бекерден бекер америкалық валютада көрсетіліп отырған жоқ: отандық ірі мегаполистердің орталығында коммерциялық жылжымайтын мүлік қожайындары жалдау ақысын теңгемен айтқанымен, доллармен бекітеді. Тиісінше, шетелдік осы валюта қымбаттаса, жалға алушылардан жиналатын ақы да өседі.  

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда 2018 жыл қорытындысында коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау бағасы одан әрі көтеріліпті. Тарата айтқанда, өнеркәсіптік орынжайларды жалға алу 2,2%-ға, тұрмыстық қызмет көрсету және сервис саласында – 0,9%-ға, әкімшілік-кеңселік мақсаттағы орынжайлар 0,2%-ға қымбаттаған.

Жүйкелері шыдамаса керек, күні кеше жас кәсіпкерлер орынжайларды жалға алудың тым қымбаттығына шағымданып, журналистерді жиды. "Еуразия бірінші арнасы" таратқандай, жас бизнесмендер өз кәсіптерін өркендетуге жалдау құнының өсе беруі бөгесін болып тұрғанын айтады. Шаршы метрлерді жалға алу үшін бірқатарына тіпті банктер мен басқа ұйымдардан үлкен көлемде несие алуға тура келетін көрінеді. Және бұл жерде бизнестен түсетін табыстың оны ақтайтын-ақтамайтыны да беймәлім.

Астанада бизнес орталықтар мен сауда үйлерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Алайда олардың ең арзанының өзі ауданы елу шаршы метрлік орынжай үшін айына 200 мың теңге ақы сұрайды. Ал сәулетті-салтанаттыларында жоғарғы меже айына бірнеше миллионға дейін барады.

Жас кәсіпкер Қуаныш Қуатбек қала ортасында қолайлы орынжай іздестіріп көргенін, алайда жалға берушілердің тәбеті шошындырғанын ашық айтады. 

"Орынжайды аралаймыз, бәрі ұнайды. Бірақ бір шаршы метрі үшін бағасын білгенде, оның іші алтынмен апталған ба деп таңқаласың. Өте қымбат. Бұл ретте көптеген жалға берушілер жалдау ақысын бір емес, бірден бірнеше айға төлеп тастауды талап етеді", – дейді ол.

Ол шығынды кәсіпкерлердің қалайша өтеп, қайтарым көре алатыны ғимарат қожайындарын толғандырмайды.

"Әрине, ғимарат иелеріне жалдау ақысын ұзақ мерзімге бір-ақ алу өте ыңғайлы. Олар ғимаратты салуға кеткен шығынды тездетіп қайтарып, ары қарай таза табыс табуға ұмтылады. Қазір сауда үйлерінде бутиктерді шаршы метрі үшін 7-8 мың теңгеден ұсынады. Бірақ ол қайда орналасқанына тікелей байланысты, егер төменгі қабаттарда тұрса, қымбатырақ болады. Өйткені өтімділігі жоғары деп саналады", – дейді риелтор Айман Тезекбаева.

Бизнес орталық халық қалың нөпірмен ағылатын аудандарға жақын орын тепкен сайын жалдау ақысы да өсе береді. Оларда шағын ғана бұрышты иелену айына 350-ден 900 мың теңгеге дейін түседі. Ал сұлулық салоны үшін жылжымайтын мүлік жалдау анағұрлым қымбатырақ тұратын көрінеді және кем дегенде миллион теңгеден асады.

Бұған қызметкерлердің еңбекақысы, материалдар сатып алуға кететін шығындар, коммуналдық қызметтер төлемдері, салықтар қосылады. Сонда кәсіпкер қалтасында не қалады?

"Өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің бір қателігі сол, олар бірден қымбат орынжайды жалдауға, ең жақсы жерден кеңсе ашуға тырысады. Ол жерге қымбат жиһаз, керек-жарақтар алу керек. Салдарынан, дағдарып, банкрот болады. Олар өздеріне өздері проблема тауып алады. Бұған дейін жеткізбеу керек. Қымбат кеңсені жалға алу – қажетсіз сән-салтанат. Іскерлік кездесулерді, инвесторлармен жүздесулерді кофеханаларда да өткізуге болады. Аз шығын кетеді, әрі жанға да жайлы. Бизнесті ашу үшін үлкен қаражат керек деген де қате ой. Мен мысалы, өз бизнесімді қандай да бір инвестицияларсыз бастадым. Оны аз десеңіз, менің Арман деген досым бар, ол "Отан" маркалы швейцариялық сағаттарды құрастырумен айналысады. Оның бірін президентке де сыйлаған. Арман өз бизнесін жай фотосуреттен бастады. Ол қымбат сағатты суретке түсіріп алып, фейсбукқа орналастырған да, "Мен сағат өндіремін!" деп жария еткен", – дейді тәжірибелі кәсіпкер Асхат Әбжанов.

Бұл оймен бірқатар басқа бизнесмендер келіспейді.

"Мен әлемдік брендтегі киім-кешектен бастап, керек-жарақ аксессуарлар сатумен көп жылдан бері айналысамын. Біз алыс шетелдерден, Еуропадан өнімдер әкелеміз. Тиісінше, ауқатты клиенттерге бағдарланғанбыз. Өз тәжірибемде түсінгенім, әр бизнесмен өз клиентіне жақын болуы қажет. Мәселен, елорданың ескі орталығында тұрғындардың төлем қабілеттілігі әлдеқайда төмен екені жасырын емес. Сол жағалаудағы қалталы клиенттер оң жағалаудағы сауда орнына бармайды. Нәтижесінде, мен өз дүкендерімнің біразын Астананың жаңа әкімшілік орталығында ұстауға және ондағы қымбат жалдауны көтеруге мәжбүрмін", – дейді Берік Жайылғанов.

Өз кезегінде сарапшылар коммерциялық жылжымайтын мүліктің құны болашақта құлдырауы мүмкін екенін білдіреді. Оған әлемдік ірі сауда операторларының Қазақстанға қызығушылық танытпай отыруы да себеп болмақ. Еліміздің нарығы масс-маркет брендтерімен әбден молықты. Бар назар қолданыстағы брендтер айналасында шоғырланған. Жаңа маркалар енді ішкі нарыққа лек-лекпен еніп жатқан жоқ. Тиісінше, ірі мегаполистеріміздің өзінде ең ірі сауда ойын-сауық орталықтарында беделді маркалар "Жақында ашылуы - Opening Soon" деп, бірнеше ай бұрын үлкен орынжайларды жалға алып, абаттандыратын жағдайлары сирей түсуде.

Операторлар тапшылығын әзірге тек ресейлік және түрік операторлары толтыруда. Қазіргі кезде отандық сауда орталықтарындағы орынның шамамен 30%-ын Ресейден келген операторлар басқан. Бірақ солтүстік көршінің де әлеуеті шектеулі. Түркия болса, енді Еуропаға көбірек бағдарлануда. Себебі, Қазақстанда сауда бойынша орташа чек 44,6 мың теңгені құрайтын көрінеді. Ұлттық валютаның құнсыздануы табысты азайтады.

Сарапшылардың түсіндіруінше, бірқатар бизнес және сауда орталықтары жалдау құнын төмендеткісі келсе де, оған бара алмайды. Өйткені бес жылдай бұрын Қазақстанда ұлттық банк дедолларизация саясатын жүргізуге кіріскен жоқ, сәйкесінше, ол кезде банктерге кредитті долларға байлап беруге де тыйым салынбады. Соның кесірінен, ғимаратты салу үшін доллармен байланысты үлкен қарыз алған бизнесмендер қазір де сол несиелерін қайтару үшін жалдау ақысын долларға байлауға мәжбүр екен. Олардың долларлық кредиттеріне бірнеше рет өткен девальвация да қосымша ауыртпалығын түсіруде. Бұларға ірі нысандарды ұстап тұруға кететін үлкен шығындар қосылады. Осылайша, бизнес және сауда орталықтарының қожайындары үшін дәл қазір бағаны көп арзандатуы беймүмкін жайтқа айналып отыр. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу