Елімізде несие беру қарқыны айтарлықтай төмендеді

181

Кейбір банктерде бұл көрсеткіш бұрын 9-10 пайыз болса, қазір 4 пайыздан төмен.

Елімізде несие беру қарқыны айтарлықтай төмендеді Фото: freepik

Былтыр Қазақстанда несие беру талаптарының күшеюі тұтынушылық кредиттердің қарқынын айтарлықтай төмендетті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, қабылданған заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде қазақстандықтар несие алуға саналы түрде қарай бастаған.

"Заңның әсері бар. Несие берудің қарқыны айтарлықтай төмендеді. Бұған дейін жыл сайын 30 пайыздан астам өсім көрсеткен тұтынушылық кредиттер қазір 6-7 пайыздан аспайды. 2025 жылы осы деңгей сақталды. 2026 жылдың басынан бері де бұл үрдіс жалғасып келеді, яғни, тұтынушылық кредит беру көлемі азайды", – деді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ ол төлем мерзімін кешіктіру талаптары да қатаңдатылғанын атап өтті.

"Егер қарыз алушының төлемі 1 күннен немесе 30 күннен астам уақытқа кешіктірілсе, микроқаржы ұйымдары мен банктер тарапынан шектеулер қолданылады. Біз қарыз алушыларды тәуекел деңгейіне қарай санаттарға бөлдік. Жоғары тәуекел тобына жататын азаматтарға кредит берілмейді", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның мәліметінше, қарыздардың қайтарылмау көрсеткіші де төмендеген.

"Кейбір банктерде бұл көрсеткіш бұрын 9-10 пайыз болса, қазір 4 пайыздан төмен. Біз барлық қаржы ұйымдары бойынша жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырмыз", – деді ол.

Агенттік банктерден бөлек өзге де қаржы ұйымдарының қызметін қадағалайды. Олардың қатарында микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар бар.

Ал жеке тұлғалардың көлеңкелі түрде қарыз беру қызметі Азаматтық кодекс аясында реттеледі, себебі олар ресми қаржы ұйымдарына жатпайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу