Елімізде үй жануарларын есепке қою міндеттелмек

Жануарды қорлағандар 1 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. 

Елімізде үй жануарларын есепке қою міндеттелмек

Итті көлікпен сүйреп, мысықты тірідей өртегендердің ісі есті адамға ерсі көрінері хақ. Алайда соңғы уақытта елімізде жануарларға осындай қатыгездік фактілері жиіледі. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін депутаттар "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасын әзірледі. Талқыланып жатқан құқықтық норма қатыгездерге жазаны күшейтуді көздейді, деп хабарлайды inbusiness.kz

Үй жануарларын чиптеу міндеттеледі

Қазақстандықтар үй жануарларына микрочип салуға немесе есепке қоюға міндетті болады. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова арнайы өткен брифингте мәлім етті. Айтуынша, жануарларды тіркеу тәртібі де әзірленген. 
"Жануарларды ветеринарлық клиникаларда немесе жануардың иесі өзі есепке қояды. Өйткені қазір бухгалтерлік өнімдерді үйде дербес қолдануға болады. Барлық деректер ветеринарлық клиникалар жүргізетін мәліметтер базасына енгізіледі. Үй жануарының иесі, жануарды ветеринарлық клиникаға алып келіп, кез келген жағдайда оған қажетті көмек алады", – деді спикер. 
Алайда жануардың деректер базасында тіркелмегені анықталса, иесіне әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жаза 10 АЕК (29 170 теңге) көлемінде. Егер заң бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі де артады. 

"Біз қаңғыбас мысықтар мен иттер бұрынғы үй жануарлары деген логика бойынша алып отырмыз.  Егер олар қашып кетсе, біз тез арада тауып аламыз. Сонымен қатар бұл қаңғыбас ит, мысықтар санның өсуіне жол бермейді", – деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі.

Жаңа талап 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілмек.  

1 мың АЕК немесе 1 жылға бас бостандығынан айыру

Осы уақытқа дейін елімізде жануарларға, оның ішінде үй, жабайы және ауылшаруашылығы жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы бірде-бір заң әзірленбеген. Жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдар туралы әлеуметтік желіде жиі көреміз. Бірақ, бүгінде Қазақстандағы жануарларға қатігездік көрсеткені үшін тағайындалатын жаза тым жеңіл, тіпті көпшілік жазадан жалтарып жатады. 

Сонымен қатар, жануарларға қатыгездік таныту адамдарға қатысты қылмыстардан 5 есе, мүліктік заң бұзушылықтардан 4 есе көп. 

Сондықтан талқыланып жатқан заң аясында мұндай әрекеттерге барғандарды әкімшілік және құқықтық жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр.
Әлия Шалабекованың айтуынша "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасында жануардың өмірі, денсаулығы және жағдайы үшін иесінің жеке жауапкершілігі көзделген. 

Нақтырақ айтқанда, жануарларға қатыгездікпен қарағандар әкімшілік жазаға тартылады. Ал жануардың өліміне әкеп соққан құқық бұзушылық үшін 120-дан 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Мұндай жағдай қайталанатын болса айыппұл көлемі 1000 АЕК-ке (2,9 млн теңге) дейін жетеді немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қатаңдатылады.

"Ұсынылған заң жобасы жануарларға қатысты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды. Мұндай көріністерге иттердің төбелесін өткізу, анестезиясыз ветеринариялық операциялар жүргізу, жануарларды заңсыз өлтіру, жануарларды әлсірету және оларға уақтылы көмек көрсетпеу, қатыгездікпен аулау, жануарлардың еті мен майын пайдалану, сондай-ақ жеуге және өнім алуға арналмаған әрекеттер жатады",- деді Әлия Шалабекова. 

Заң жобасының ережелерін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға, атап атқанда, Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Ветеринария туралы", "Жануарлар" дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Бұдан басқа, "Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыған иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзғаны үшін" айыппұл 2 есе өсуі мүмкін.

Елімізде етін жеуге рұқсат етілмейтін жануарлардың тізімі белгіленеді

Вице-министр елімізде тұңғыш рет белгілі бір жануарлардың етін пайдалануға тыйым салынатынын да ескертті. Оның сөзінше бұл шектеу үй жануарларына қатысты.  Қазіргі уақытта олардың тізімі әзірленіп жатқан көрінеді.

"Бұл иттер, мысықтар, тотықұстар, кеміргіштер, ақ тышқандар. Бұл үй жануарлары ретінде ұсталатын жануарлардың негізгі, классикалық тізімі", – деп қосты вице -министр.

Сонымен қатар Әлия Шалабекова бұл ереже елдегі бірнеше жағдайлардан кейін жасалғанын түсіндірді.

"Бір адам жануарларды бағатын жерден ит алып, оның етін тамаққа пайдаланған жағдай болды. Бұл жануардың иесі бар еді. Сондықтан біз мұндай жануарлар бағатын орындарға бақылау орнатамыз", – деді спикер.

Мұндай қылмыс үшін "Жануардың өліміне әкеп соқтыратын қатыгездік" бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ол 200 АЕК (2021 жылы – 583 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартуға, не 50 тәулікке дейін қамауға алуға түрінде жаза көзделген. 

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу