Елімізде жарты жылда 8 мыңнан астам автокөлік шығарылды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
8515

Қаңтар-маусым айының қорытындысы бойынша отандық автокөліктердің саудасы 57,5%-ға өсті.

Елімізде жарты жылда 8 мыңнан астам автокөлік шығарылды

Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша "Қазавтоөнеркәсіп" Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындарының одағы осындай мәліметті келтіріп отыр. Есептік кезең қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында жалпы 64,5 млрд теңгеге 8768 автокөлік құралы (жүк көлігі және автобус техникасын қоса алғанда) шыққан. Өндірілген көлік көлемі былтырғы жылғы көрсеткіштен 3,6 есе асып кетті. Жеңіл көлік өндірісі 5,3 есе өсіп, 7779 бірлікті құраған. 

2017 жылдың қаңтар-маусым айының қорытындысы бойынша шығарылған автобус техникасы (313 б.) бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,4 есе артық болған. Жүк көлігін (487 б.) шығару 32,1%-ға қысқарған. 2017 жылдың маусым айының нәтижесі бойынша 1818 автокөлік (бұл 2016 жылдың осындай кезеңіне қарағанда 2,5 есе өскен) шыққан.

Жыл басынан бастап отандық автозауыттардың шығарған көлігін өткізуі 7748 бірлікті құраған, бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 57,5%-ға артық. "Қазавтоөнеркәсіп" кәсіпорындарының нарықтық үлесі былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 37%-ға өскен. Маусым айында бұл көрсеткіш өзінің тарихи деңгейін жаңартып, 46,9% болған.

Есептік кезеңнің қорытындысы бойынша 831 көлік Қытайға, Ресейге, Беларусь еліне және Тәжікстанға экспортталған. Lada бренді экспорттық жеткізілім арасында басты орынға шықты. Сондай-ақ қазақстандық автоэкспортта Hyundai (69 жүк коммерциялық техника) және JAC (66 көлік) маркалары алдыңғы қатардан көрінді.

Осы жылдың қаңтар-маусым аралығында жеңілдетілген автонесие мемлекеттік бағдарламасы бойынша 663 автокөлік сатылған. Олардың 8,6%-ы жергілікті зауыттан шыққан жеңіл көлікке тиесілі.

Автокөліктерді жергілікті құрастыруда "АЗИЯ АВТО" АҚ қара үзіп тұр. Ол сатылған көліктердің 5368-і немесе отандық техниканы өткізудің 69%-ын құрайды. "Сарыарқаавтоөнеркәсіп" ЖШС 1570 көлік өткізген. Одан кейінгі орында "КамАЗ-Инжиниринг" АҚ (222 көлік; 3%), "СемАЗ" ЖШС (206 көлік; 3%), "Агромаш Холдинг" АҚ (200 көлік; 3%)  және Hyundai Trans Auto ЖШС (182 көлік; 2%) тұр.

Қазақстандық құрастыру бойынша сұранысқа ие жеңіл көлік бестігінде Lada (3849 көлік), KIA (962 көлік), Hyundai (687 көлік), Chevrolet (496 көлік) және JAC (347 көлік) бар. Отандық кәсіпорындармен ұсынылған маркалар тізіміне SsangYong (159 көлік), Peugeot (114 көлік), Skoda (107 көлік), Ravon (41 көлік) және Geely (25 көлік) бар.

Жергілікті жерде құрастырылған жеңіл автокөліктер сатылымының рейтингінде Lada бренді көш бастап тұр: Lada 4×4 (1949 көлік), Lada Granta (772 көлік) және Lada Largus (598 көлік). Қазақстандықтар арасында сұранысқа ие модельдер тізімінде Hyundai Tucson (290 көлік), JAC S3 (289 көлік), Hyundai Elantra (265 көлік), KIA Optima (261 көлік), Chevrolet Cruze (238 көлік), Lada Vesta (184 көлік), Lada Kalina (172 көлік), Lada XRAY (172 көлік) және KIA Cerato (172 көлік) бар.

Сала кәсіпорындарының республика ЖІӨ-сіне қосқан үлесі алты айдың қорытындысы бойынша 64,5 млрд теңгені құрады (былтырғы көрсеткішке қосымша 20,1%), осылайша фармацевтикалық, жеңіл және қағаз өнеркәсібінің көрсеткіштерінен асып түсті. 2017 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша автоөндіріс кәсіпорындары негізгі капиталға салған инвестициясы 3,4 млрд теңгеге жетті, бір жыл бұрын 293,7 млн теңге болған. Аталған кезеңде автокөлік саласы кәсіпорындарының салық төлемдері 17,6 млрд теңгені құрады.

"Қазавтоөндіріс" басқарма төрағасы Олег Алферов Қазақстанның кәсіпорындары алтыншы ай қатарынан автокөлік шығаруды арттырып келеді, ал сатылымның үш тоқсан бойы өсіп келе жатқаны байқалатынын баса айтты.

"Жергілікті жерде шығарылатын автокөліктерге деген сұраныс бұрын-соңды болмаған жоғары нәтижеге жетті: жарты жылдың қорытындысы бойынша "Қазавтоөндіріс" кәсіпорындарының нарықтық үлесі 37%-ға дейін өсті. Маусым айында дилерлік сатылымдардың жартысына жуығы (46,9%) Қазақстанда құрастырылған автокөліктерге тиді. Екіжылдық құлдыраудан кейін нарықтық өсімнің негізгі қозғаушы күшінің бірі дәл осы жергілікті өндіріс болып тұр. Жылдың бірінші жартысында қол жеткізілген тағы бір жетістік отандық автозауыттардың өнімін өткізу шекарасын кеңейтуі болды. Сала тарихында алғаш рет сатылған әр оныншы автокөлік экпортқа жіберілді– шетелге сатылған көліктердің негізгі бөлігін (84%-ын) "АЗИЯ АВТО" зауыты Қытайға жеткізген", – деп мәлімдеді ол.

ҚАӨ басшысының ойынша, саланың қарыштап дамуы шығарылатын көлік модельдерінің кеңейтілуі мен макроэкономикалық ахуалдың тұрақталуына байланысты болып отыр.

"Бүгінгі күннің өзінде ЖІӨ-ге еліміздің көлік өнеркәсібі қосқан үлес былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 20%-ға артып, жеңіл өнеркәсіп, дәрі-дәрмек өндірісі сияқты салалардан көш ілгеріледі. Маусым айында іске қосылған ескі автокөлікті кәдеге жарату бағдарламасы екінші жартыжылдықта сала дамуына қосымша қолдау көрсетеді. Ескірген техникасы барлар жергілікті өндірістің автокөліктерін жақсы жеңілдікпен алу мүмкіндігіне ие болады. Алғашқы екі тоқсанның нәтижелерін ескерсек, жыл қорытындысы бойынша біз сала көрсеткіштерін 2015 жылғы деңгейге жеткіземіз деп үміттенеміз", – деп мәлімдеді Олег Алферов.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу